«Астана» түзде ВТБ лигасының чемпионы ЦСКА командасымен ойнайды

13.12.2019, 18:00    Оқылғаны: 496
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

15 желтоқсанда «Астана» Президенттік баскетбол клубы Ресей астанасы Мәскеуде түздегі кезекті ойынын өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасының қазіргі чемпионы ЦСКА командасымен додаға түседі.

ЦСКА – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу қаласынан, 1923 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-1974, 1976-1984, 1988, 1990
  • Ресей чемпионы – 1992-2000, 2003-2019
  • КСРО кубогының жеңімпазы − 1972, 1973, 1982
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2005-2007, 2010
  • Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы − 1960/1961, 1962/1963, 1968/1969, 1970/1971
  • NEBL чемпионы − 1999/2000
  • Еуролига чемпионы − 2005/2006, 2007/2008, 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы − 2009/2010, 2011/2012-2018/19
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2010/2011


Бас бапкер:

2014 жылдан бері Мәскеу командасын грек маманы Димитрис Итудис жаттықтырып келеді. Ол бапкерлік карьерасын тым ерте, нақтырақ айтқанда, 20 жасында бастаған. Итудис алғашқы бапкерлік қызметін 1990 жылы Хорватияның (сол кездегі Югославияның) «Загреб» баскетбол клубы жүйесінде бастаған. Хорватия командасында бес жыл тәжірибе жинақтаған соң Грекияға оралады. Әрі 4 жылдың ішінде ПАОК, «Панионис», «Филиппос» және МЕНТ командалары сапында шыңдала түседі. 1999 жылы «Панатинаикос» командасында бас бапкердің көмекшісі болып бекітіледі. Бұл қызметте 13 жыл бойы ілімін жетілдіре түседі. Әрі осы уақыт аралығында Димитрис бас бапкердің көмекшісі ретінде бес рет Еуролига чемпионы, 11 дүркін Грекия чемпионы және 7 мәрте Грекия кубогының жеңімпазы атанады. «Панатинаикостан» кейін, 2013/2014 маусымында, Итудис Түрекияның «Банвит» клубына бас бапкер болады. Бірақ түрік жерінде ұзақ тұрақтамайды. Келесі маусымда ол Ресейге ойысып, ЦСКА командасының тізгінін қолына алады. ЦСКА-мен Димитрис Итудис екі рет Еуролига жеңімпазы атанады және екі мәрте «Еуролигадағы Жыл жаттықтырушысы» мәртебесіне ие болады. Әскерилер клубын жаттықтырған осы бес маусымда да ВТБ Бірыңғай лигасының жеңімпазы және Ресей чемпионы болады. Үш мәрте Жыл жаттықтырушысы атанады. Ал 2017 жылы ВТБ Бірыңғай лигасындағы Жұлдыздар матчында «Әлем жұлдыздары» командасының бас бапкері болған.



Команда құрамы:

Маусым аралығында ЦСКА-дан Франция қорғаушысы Нандо Де Колоның кетіп қалуы орны толмас олқылық болды. Сол секілді америкалық орталық шеп ойыншысы Отелло Хантер мен Испания қорғаушысы Серхио Родригесті де осы тізімге қосуға болады. Әскерилер клубының негізгі құрамында ойнаған америкалықтар – шабуылшы Алек Питерс пен қорғаушы Кори Хиггинс те маусым аралығында командадан кетіп қалған. Бірақ Итудистің қарамағында былтырғы маусымнан үш легионер қалды. Олар – америкалық орталық шеп ойыншысы Кайл Хайнс, ол Мәскеу командасы сапында 2013/2014 маусымынан бері жүр; Америкалық шабуылшы Уилльям Клайберн, биыл ЦСКА сапында ү.шінші маусым ойнайды; Италия қорғаушысы Дэниел Хэккетт, ЦСКА жейдесін екінші маусым киіп отыр. Ал былтырғы маусымдағы 8 ресейлік ойыншының бәрі де ЦСКА-ға адал болып шықты, ешқайсысы да қоныс ауыстырған жоқ. Олар – шабуылшы Джоэль Боломбой, қорғаушы Иван Ухов, қорғаушы Александр Хоменко, ЦСКА сапында көптен бері жүрген шабуылшылар Никита Курбанов пен Андрей Воронцевич: Никита ЦСКА-ның жейдесін алғаш рет сонау2002 жылы киген, бірақ бірнеше маусымды Ресейдің басқа клубтары сапында өткізіп келді, ал Андрей әскерилер құрамынан 2006 жылдан бері ешқайда аттап басқан емес; Қорғаушы Михаил Кулагин команда сапында 2015 жылдан бері, ал Олимпиада ойындарының және Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, шабуылшы Семен Антонов 2016 жылдан бері жүр. Өз түлектері, шабуылшы Андрей Лопатин мен қорғаушы Александр Хоменко команда сапында 2017 жылдан бері ысылып келеді. Команда лидерлерінің бірі, шабуылшы Джоэль Боломбой, сондай-ақ қорғаушы Иван Ухов әскерилер намысын биыл екінші маусым қорғайды.

Биылғы маусымда ЦСКА бес ойыншымен келісімшартқа отырды, әрі олардың бәрі де – шетелдіктер. Америкалық орталық шеп ойыншысы Коста Куфос, ол өзінің бұған дейінгі кәсіби мансабын тек ҰБҚ-да өткізген. 2008 жылғы Драфта оны «Юта Джаз» командасы таңдап алған, 2010/2011 маусымында «Миннесота Тимбервулвз» командасына ауысады, одан әрі екі жылдан «Денвер Наггетс» және «Сакраменто Кингз» клубтарында ойнайды, ал соңғы 4 маусымды ол «Сакраменто Кингз» сапында өткізді. Костаның екі азаматтығы бар, ол Грекия құрамсының да намысын қорғаған, әрі олармен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған. Америкалық қорғаушы Дэрран Хиллард үш маусым ҰБҚ-да ойнап, «Детройт Пистонс» және «Сан-Антонио Сперс» командаларының намысын қорғаған, әрі осы клубтардың фарм-командалары сапында да өнер көрсеткен. Соңғы маусымды ол Испаниядағы «Баскония» командасының сапында өткізді. Сонымен қатар, Дэрран АҚШ құрамасы сапында Америка чемпионы болған. Америкалық қорғаушы Майк Джеймс өз карьерасын Хорватияда бастаған, содан кейін Израильге ойысқан. Одан әрі Италия, Грекия, Испания және қайтадан Грекия елдерінде ойнаған, сонда «Панатинаикос» сапында чемпион атанып, Грекия кубогының иегері болады. Келесі маусымды Майк ҰБҚ-да бастайды:  әуелі «Финикс Санз» сапында ойнап, Жаңа жыл мерекесінен соң «Нью-Орлеан Пеликанс» құрамына ауысады. Бірақ бұл маусымды ол қайтадан гректің «Панатинаикос» клубы сапында аяқтайды, әрі тағы да Грекия чемпионы атанады. Былтырғы маусымды ол Италияның «Олимпия Милан» клубы сапында өткізіп, бұл ұжыммен Италия суперкубогының иегері атанған. Мәскеу клубы сапына биыл америкалықтардан бөлек, орталық шептегі неміс ойыншысы Йоханнес Войтманн қосылды. Ол өз карьерасын немістің «Сайнс Сити» клубы сапында бастап, одан кейін «Скайланерске» ауысады, бұл ұжыммен FIBA Еуропа кубогының жеңімпазы атанған. Соңғы үш маусымды Йоханнес Испаниядағы «Баскония» клубы сапында өткізген. Латыш қорғаушысы Янис Стрелниекс – әскерилер сапына алынған жаңа ойыншылардың ішіндегі ВТБ Бірыңғай лигасында ойнаған тәжірибесі бар жалғыз баскетболшы. Бірақ ол алғашқы маусымдарда латыштың «Вентспилс» клубында ойнаған және Латвия чемпионы деген атағы да бар. Бұдан кейін екі маусым бойы Петербордың «Спартагында» өнер көрсетіп, ВТБ Бірыңғай лигасы көрігін қыздырған. Содан соң Украинаның «Будевельник», немістің «Брозе» және Грекияның «Олимпиакос» клубтары сапында ойнаған.

ЦСКА (МСК)

Команда көшбасшылары: Майк Джеймс маусымның бірінші жартысында ЦСКА сапындағы ең тиімді және нәтижелі ойыншы болды. Сондай-ақ Уильям Клайбернді нәтижелілігі мен тиімділігі жағынан екінші ойыншы ретінде атап өтуге болады, әрі оның небәрі 3 матч қана өткізгендігін атап өтуге тиіспіз. Үнемі бастапқы бестікте ойнайтындар – Джоэль Боломбой, Дэниел Хэккет, Андрей Воронцевич, сонымен қатар Дэрран Хиллиард, Никита Курбанов және Кайл Хайнс. Сондай-ақ Итудис ойынға жиі қосатындар – Янис Стрелниекс, Йоханнес Войтманн, Семен Антонов және Иван Ухов. Негізі, Димитрис Итудис матч сайын барлық ойыншыларына ойнауға, өз қабілетін паш етуге мүмкіндік береді. Сондықтан алаңға кез келген уақытта, кез келген ойыншы шығуы мүмкін.

Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» дәл қазір үш жеңісімен және бес жеңілісімен турнир кестесінің 11-сатысында тұр, яғни өзінің алдағы қарсыласынан біршама қалып қойған. ЦСКА қазір – екінші орында, еншісінде 7 жеңіс және 3 жеңіліс. Әскерилер клубы биылғы маусымды түзде, күтпеген жерден «Енисейден» ұтылып қалып бастады. Одан кейін өз алаңында «Парманы» тізе бүктірді. Содан соң тағы сүрінді. Бұл жолы өз алаңында «Зениттен» ұтылды. Бұдан кейінгі 5 матчта үстемдік танытып, бар жағынан басым түсті – «Цмоки-Минск», «Зелена Гура», «Автодор» және «Нижний Новгород», тек өз алаңында «Локомотив-Кубань» клубын қабылдағанда ғана тартысты дода болды. Ал Қазанда өткен тоғызыншы матчта ЦСКА тағы да ұтылып, УНИКС-ке есе жіберді. Әскерилер соңғы матчты Пермде өткізіп, жеңіске жетті.

Кездесулер тарихы: «Астана» мен ЦСКА өз тарихтарында 18 рет кездесті. Бірінші ойындар 2013/2014 маусымында өтіп, онда әскерилер клубы екі рет Қазақстан командасынан басым түскен. Келесі маусымда ЦСКА «Астананы» екі рет чемпионат додасында жеңіп, үш рет 1/8-финалында ұтып, жолынан тайдырды. Біздің команда мәскеуліктерді одан кейінгі маусымда да ұта алмай, екі рет жеңілістің кермек дәмін татты. Содан соң тағы да 2 рет чемпионат аясында, үш рет 1/8-финалында ұтылды. Соңғы екі маусымда да ЦСКА басымдық танытып, екеуара төрт ойында жеңіске жетті.

Қызықты деректер:

  • «Астананың» Бас менеджері Валерий Тихоненко өз карьерасының басында, сонау КСРО кезінде, ЦСКА сапында ойнаған, әрі карьерасын дәл осы Мәскеу клубы сапында аяқтап, үш рет Ресей чемпионы болған. Бұған қоса, ойыншы ретіндегі мансабын аяқтаған бетте, екі жыл қатарынан ЦСКА-ның жаттықтырушылары штабын басқарған.
  • ЦСКА екі рет «Астананы» 1/8-финалында жолынан тайдырды, атап айтқанда – 2014/2015 және 2016/2017 жылдар маусымдарында. ЦСКА сондай-ақ – ВТБ Бірыңғай лигасында «Астана» әлі бірде-бір рет ұта алмай жүрген жалғыз команда.


Матч жексенбі күні, яғни 15 желтоқсанда Мәскеуде, А.Я.Гомельский атындағы ЦСКА әмбебап спорт кешені аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»