«Астана» Ұлттық лига додасында «Тобылды» тізе бүктірді

10.12.2019, 10:00    Оқылғаны: 322
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Ұлттық лига аясындағы өз алаңында өтіп жатқан екі матчтың біріншісінде Қостанайдың «Тобылынан» басым түсті.

«Тобыл» биылғы маусымда елорда клубының Ұлттық лигада әлі кездеспеген соңғы қарсыласы еді. Бұл – олардың биыл алғаш рет кездесуі. Бұл матчқа Эмиль Райкович басқаратын жаттықтырушылар құрамы Қазақстан ойыншыларынан бөлек Душан Ристич пен Джеремайя Хилл сынды легионерлерін шығарды.

Біздің команда ойын басталған бетте алға шыққанымен, айқын басымдық таныта алмады. «Тобыл» бастапқы минуттарда кібіртіктеп, соның салдарынан алаң иелерін қуып жетуге тырысумен болды. Қостанайлықтар алғашқы бес минутта біздің жігіттердің қара үзіп кетулеріне мүмкіндік берген жоқ. Ал кезеңнің бел ортасында бір ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Бірінші онминуттықтың қалған уақыты да аса тартысты өтті. Бірақ «Астана» бір ұпайлық басымдығын уысынан шығарған жоқ. Ал кезең соңында оны ұлғайта түсіп, есеп айырмасын 6 ұпайға жеткізді. Екінші кезеңнің басында елорда ұжымының басымдығы тез арада екі таңбалы санға жетті. Әйтсе де, Қостанай командасы еңселерін түсірмей, таразы басын теңестіруге талпынды. Олар тіпті екі рет есеп айырмасын қысқарта түсті, алайда біздің жігіттер үйлесімді ойын өрнектерінің арқасында үлкен үзіліске 11 ұпай айырмасы басымдығымен шықты. Есеп – 53:42. 



Үшінші кезеңнің басы мейілінше тыныш өтіп, ойын өрісі терезесі тең дәрежеде өрбіді. Ал есеп айырмасы 10 ұпай шамасында сақталып тұрды. Ыңғайлы сәтті күтіп жүрген Эмиль Райковичтің шәкірттері қамшыны басып, қарсыластарын әбден састырды. Үш минутқа да жетпейтін уақыт аралығында біздің команданың басымдығына тағы да 13 ұпай қосылды. «Тобыл» үшінші кезеңнің ортасында «Астананы» тоқтата алды, бірақ бұл кезде олар 20 ұпайдан астам есеп айырмасымен ұтылып жатқан болатын. Мұндай айқын басымдық біздің команданың өздеріне деген сенімдіктерін артыра түсіп, олар өз білгендерінен жаңылған жоқ. Командалар арасы үшінші кезең аяқталғанша соншалықты өзгере қоймады. Ал отыз минут ойын уақытынан соң есеп айырмасы 20 ұпайдан асып тұрды. Қонақтардың енді ойын барысына қандай да бір өзгеріс енгізе алатындықтарына ешкім де сене қоймаған болар. Әрі соңғы минуттарда «Астана» есеп айырмасын 25 ұпайға жеткізді. «Тобыл» да қарап қалмай, есепті қысқарту үшін соңғы күш-жігерін салды. Бірақ «Астана» дес бермей, ірі жеңіске қол жеткізді – 98:77 (28:22, 25:20, 31:18, 14:17).

«Тобыл» бұл матчта ойынның бірінші жартысынан сәл ғана астын уақыт бойы тайталаса алды. Одан кейін «Астананың» құйындай орап соққан қарқынына төтеп бере алмады. Жеңіске жету мүмкіндігінен толықтай айырылды. «Астана» маусым басталғалы Ұлттық лигада үстемдік құрып келеді. Дәл қазір қандай да бір команданың біздің жігіттерге қарсы тұра алатындығына сену қиын. «Тобыл» әзірше екінші орында қалды. Бірақ ертең де ұтылса, онда қостанайлықтар үшінші орынға сырғып, «Атырау Барыстары» алдарын орап кетеді. 
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» — Душан Ристич тағы да матчтың ең тиімді ойыншысы болды, ол бүгін 20 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды. Джеремайя Хилл да 20 ұпай еншіледі, әрі 6 рет доп қағып алып, 6 пас берді және 3 рет допты тартып әкетті. Рустам Мырзағалиев бүгін 12 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды және 5 пас берді. Роберт Пан да 12 ұпай еншіледі, әрі 3 рет допты тартып әкетіп, 3 мәрте блокшот қойды.
  • «Тобол» — қонақтар сапындағы ең үздік ойыншылар Антон Пономарев (17 ұпай және 6 рет доп қағып алды), сондай-ақ Константин Двирный (15 ұпай).

Келесі матч: ертең, яғни 10 желтоқсан күні «Астана» мен «Тобыл» арасында Ұлттық лига аясындағы екінші кездесу өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»