«Астана» Ақтөбедегі сапарын жеңіспен бастады

02.12.2019, 10:00    Оқылғаны: 651
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубының Ақтөбеге барған алғашқы сапары Эмиль Райкович шәкірттерінің ірі жеңісімен аяқталды.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда өткен екі ойын да астана командасының айқын басымдығымен аяқталған болатын. Қарсыласымыздың алаңында өткен бірінші ойында да елордалықтар дейгейлерінің жоғары екендігін іс жүзінде дәлелдей алды. Ал елорда командасының легионерлері сапынан бүгін алаңға Душан Ристич пен Айзея Уайтхед шықты.

Біздің жігіттер алаң иелеріне қарағанда ойынды өте сенімді бастап, қарқындарын үдеткен үстіне үдете түсті. Қызыл-ақ жейделілер бастапқы бес минутта астана баскетболшыларына төтеп бере алмай, бірінші кезеңнің бел ортасында есеп айырмасы 14 ұпайға жетіп, біздің команда қара үзіп кетті. Бұдан әрі ойын біршама тең дәрежеде өтті. Әрі командалар арасы, яғни есеп айырмасы бірінші кезеңнің соңына дейін соншалықты өзгере қойған жоқ. Бірінші кезең аяқталғанда, «Астана» 16 ұпай айырмасымен алға озып, бұл матчта қай команданың жеңіске жететіндігі сезіліп тұрғандай да болды. Десек те, «Ақтөбе» намысты қолдан бермеуге тырысып, екінші кезеңде есеп айырмасын қысқарта бастады. Бес минуттың ішінде ақтөбеліктер оны бес ұпайға кемітті. Алайда алаң иелерінің белсенділіктері Эмиль Райковичтің командасын қамшылай түсіп, ойынның бірінші жартысының қалған уақытында астаналықтар қайтадан құйындай орап соқты. Әрі үлкен үзіліске 20 ұпай айырмасымен шықты – 31:51.



Үлкен үзілістен кейін алаң иелерінің еңселері түсіп кетіп, бес минут бойы лайықты түрде қарсылық көрсете алмады. Бұл уақыт аралығында «Астана» баскетболшылары есеп айырмасын мейілінше ұлғайта түсіп, оны отыз ұпайдан да асырып жіберді. Ал үшінші кезеңнің екінші жартысында алаң иелерінің ойындары жанданып, олар есеп айырмасын 10 ұпайға қысқартты. Бірақ кезең соңында тағы да көсіле шапқан біздің жігіттерге тосқауыл қоя алмады. Есеп айырмасы қайта ұлғайып, 29 ұпайға жетті. Мұндай жағдайда, дода көрігі туралы айтудың өзі артық еді. Алаң иелерінің ойын өрбісіне енді қандай да бір өзгеріс енгізулері нөльге жуық еді. Әйтсе де, ақтөбеліктер намысқа жүгініп, бес минуттың ішінде есеп айырмасын 6 ұпайға қысқартты. Алайда біздіңі жігіттер матч соңына дейін есеп айырмасын кезең басындағы шамаға қайта жеткізді. Сөйтіп, Ақтөбе командасын кезекті, яғни үшінші рет тізе бүктірді – 65:94 (13:29, 18:22, 16:25, 18:18).

Бұл ойында «Астана» алғашқы минуттардан бастап тек жеңіске жетуді көздейтіндіктерін көрсетіп, алаң иелеріне еш мүмкіндік бермеді. Жеңілістің кермек дәмін әлі татып көрмеген елорда командасы жеңісті жолын сабақтай түсіп, турнир кестесінде сенімді түрде көш бастап келеді. Ал «Ақтөбе» болса, бесінші орында тұр.



Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» — бүгінгі матчтағы ең тиімді ойыншы Душан Ристич болды, ол 16 ұпай еншілеп, 9 рет доп қағып алды. Сондай-ақ астана командасы сапында Александр Жигулин де көзге түсіп, дабл-дабл тіркелді – 17 ұпай және 10 рет доп қағып алды. Ал пас беру мен қарсы команданың добын тартып алудан біздің сапымызда Айзея Уайтхед үздік шықты – 7 ұпай, 11 пас, 4 рет допты тартып әкетті.
  • «Ақтөбе» — алаң иелерінің ұпай қорына көп үлес қосқан ойыншылар екеу болды. Олар: Темірлан Жүнісов — 14 ұпай, 8 пас және 6 рет допты тартып әкетті, Константин Марзан — 15 ұпай және 8 рет доп қағып алды.

Келесі матч: ертең, яғни 2 желтоқсан күні «Астана» мен «Ақтөбе» арасындағы Ұлттық лига чемпионатындағы соңғы кездесу өтеді. Басталуы – астана уақытымен 20:00-де.

Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында «Астана» Президенттік баскетбол клубының ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «Нижний Новгород» клубымен өз алаңында өтетін ойынына билеттер сатыла бастады. Бұл матч 7 желтоқсан күні Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Сүйікті командамызға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі плакаттар бәйгесіне қатысу және біздің бойтұм Сэмми арымыз  мен клуб серіктесі – «Easy Bounce» баскетбол дүкені жүлделерін ұтып алу мүмкіндігін қалт жібермеңіздер. Бәйгеге қатысу шарттары Instagram желісіндегі біздің парақшамызда жарияланған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»