«Атырау Барыстары» азуын білесе де, елордада «Астанадан» ұтылды

20.11.2019, 10:00    Оқылғаны: 454
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубының Ұлттық лига маусымындағы «Атырау Барыстарымен» өткен үшінші кездесуі елорда командасының кезекті жеңісімен аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырауда өткен екі матчта да елорда командасы қарсыласына ешқандай мүмкіндік бермей, екеуінде де ірі есеппен жеңіске жеткен болатын. Өз алаңындағы бірінші ойында елорда командасының легионерлері сапынан алаңға екі Хилл шықты – Малкольм және Джеремая.

«Астана» алаң иесі екенін бірден сездіріп, есеп ашқанымен, ойын тізгінін лезде өз қолдарына ала алмады. «Атырау Барыстары» іле-шала алға шығып, бес минут бойы дес бермеді. Алғашқы он минуттықтың қалған уақытын біздің команда сәтті өткізіп, соның арқасында алға шықты, қонақтардан 6 ұпай ұзап кетті. Мұндай есеп айырмасы біздің команданың ойыншыларының да, жаттықтырушыларының да көңілдерінен шыға қоймады. Сондықтан екінші кезеңнің басы өте нәтижелі болып, Эмиль Райковичтің шәкірттері көсіле сілтеп, есеп айырмасы 10 ұпайдан асып түсті. Әйткенмен, жасыл-ақ жейделілер намысты қолдан бермеуге тырысып, табан тіресе тайталасты. Әрі олар екі минуттың ішінде есеп айырмасын 3 ұпайға дейін қысқартты. Одан әрі дода көрігі қыза түсті. «Атырау Барыстары» тізгін тартпай, барлық күш-жігерлерін салып, біздің команданың құйындай орап соққан қарқынына төтеп беруге тырысты. Алайда біздің жігіттер қайсарлық танытып, үлкен үзіліске дейін есеп айырмасын 11 ұпайға жеткізді – 49:38



Үшінші кезеңде табан тірескен дүлей дода толастаған жоқ, «Барыстар» азуларын білеп, жанкештілік танытты. «Астана» өз кезегінде үстемдік құруын жалғастырып, бес минут ойын уақыты ішінде есеп айырмасын 18 ұпайға жеткізді. Мұны енді айқын басымдық деуге болушы еді. Алайда бұл да қонақтардың сағын сындыра алмады. Олар әр мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысып, алға қарай ентелей берді. Үшінші кезеңнің екінші бес минуттығында қонақтар көсіле шапты. Сөйтіп олар есеп айырмасын екі есе қысқартты. Ал соңғы кезең алдында елордалық гандикап небәрі 9 ұпайды құрады. Үш кезең бойғы «тербеліс» төртінші кезеңде де дода көрігі қыза түсет індігін меңзеп тұрғандай еді. «Атырау Барыстары» төртінші кезең басталған бетте есеп айырмасын 4  ұпайға дейін қысқартты. Бұдан кейін қиын-кескі дода басталды. Біздің жігіттер дер кезінде қарқындарын үдетіп, матч соңында жеңісті уыстарынан шығарған жоқ – 89:81 (23:17, 26:21, 21:23, 19:20).

Бұл ойын маусым басталғалы бері «Астананың» Ұлттық лигадағы ең тартыстысы болды. «Атырау Барыстары» біздің жігіттердің жүйкелерін жұқартып, тайсалмай қарсыласты. Сонымен, біздің команда жеңісті жолын жалғап, әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрмей, көш басында тұр. Ал «Атырау Барыстары» осы жеңілістерінен соң екінші орыннан үшінші сатыға сырғыды.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» — бұл ойында көсіле шауып, ең көп ұпай жинағандар Александр Жигулин мен Малкольм Хилл болды, әрқайсысының еншісінде – 23 ұпайдан. Сонымен қатар, Александр 8 рет доп қағып алды, ал Малкольм бұл көрсеткіш бойынша бір допқа ғана қалып қойды.
  • «Атырау Барыстары» — атыраулықтар сапында Эдуард Картер III Чарлез теңдессіз шықты, оның еншісінде – 27 ұпай, 5 рет доп қағып алды және 2 пас, сондай-ақ Владимир Иванов 14 ұпай еншгілеп жіне 7 рет доп қағып алып, өз командасының нәтижесіне сүбелі үлес қосты.

Келесі матч: ертең, яғни 20 қараша күні «Астана» мен «Атырау Барыстары» арасындағы Ұлттық лига чемпионатындағы соңғы кездесу өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»