«Астана» Саратовқа барған сапарында сан соғып қалды

17.11.2019, 10:00    Оқылғаны: 608
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында түздегі бірінші жеңісіне сынық сүйем жетпей сүрінді. Саратовта жергілікті «Автодор» клубына тек матч соңында есе жіберіп алды.

Бірден айта кетейік, Айзея Уайтхед тобығын жарақаттап алып, Саратовта өз командасына болыса алмады. Бұл өз кезегінде матч нәтижесіне әсер етпей қалған жоқ. Өйткені Айзея бұған дейінгі ойындарда команда көшбасшыларының бірі екенін және олрасан зор пайда келтіретіндігін дәлелдеген болатын.

«Астана» ойынды тәп-тәуір бастап, екі рет үш ұпайлық соққыларын шығыршықа дәл түсірді. Ал алаң иелері тек осыдан кейін ғана есеп ашты. Бірақ саратовтықтар бұған жасымады, әрі олар біздің команданы тез қуып жетті. Әуелі есепті мейілінше қысқартып, одан кейін таразы басын теңестірді. Әйтсе де, Қазақстан командасы бірінші кезеңнің басым бөлігінде алда болды. Бірақ соңғы минуттарда дода көрігі мейілінше қызып, екі команда алма-кезек алға шығып отырды. Десек те, бірінші 10 минутта алаң иелері басымдау болды – 20:19. Екінші кезеңнің басын біздің команда сәтті өткізіп, алға шығып қана қоймай, біршама ұзай түсті де. Алаң иелері біздің команданы тоқтату үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасап бақты және олар «Астананың» есеп айырмасын одан әрі ұлғайта түсулеріне мүмкіндік берген жоқ. Қазақстандық гандикап осы кезеңнің ортасына дейін сақталып тұрды. Бірақ одан кейін Евгений Пашутиннің шәкірттері есепті мейілінше қысқартты. Ал екі жарым минуттан кейін саратовтықтар қайтадан алға шықты. Әрі матчтың бірінші жартысы аяқталғанда 5 ұпай айырмасымен алда тұрды – 47:42.



Бес ұпай айырмасы табан тірескен дода көрігіне ешқандай да әсер еткен жоқ. Керісінше, ойын одан әрі қыза түсті. Әрі үшінші кезеңде алаң температурасы тек жоғары көтеріле берді. Енді «Астана» қуып жетуші рөлінде тер төкті. Үш жарым минут өткен соң екі команданың арасын 1 ұпай ғана бөліп тұрды. Бірақ біздің команда есепті теңестіруге болатын бұл мүмкіндіктен айырылып қалды. «Автодор» қарқын қосып, өз басымдығын 7 ұпайға жеткізді. Эмиль Райковичтің командасы жауап ретінде қамшыны басып, есепті қысқарта түсті. Екі минутқа да толмайтын уақыт ішінде екі команданы тағы да бір ғана ұпай бөліп тұрды. Әрі бұл кезеңнің қалған уақытында тек «Астана» доп салып, таразы басын өздеріне қарай аударды. 62:65 елорда ұжымы отыз минуттан кейін алға шықты. Төртінші кезеңде дода көрігі одан әрі қызды. «Автодор» отқа май құя түсіп, соңғы кезеңнің бірінші минутында-ақ бір ұпай айырмасымен алға шықты. Осыдан кейін нағыз тартыс басталды. «Автодор» үнемі алға шығып, ал «Астана» есепті теңестіріп отырды. Осылай біраз уақыт өтті. Матчтың аяқталуына үш минут қалғанда алаң иелері екі ұпай айырмасымен ғана алда тұрды. Бірақ біздің команда өз шабуылын сәтті аяқтай алмады. Бұл аз болғандай, өздері саратовтықтардың екі шабуылын тойтара алмады. Сөйтіп, 2 минутқа жетпейтін уақыт ішінде есеп айырмасы қайтадан 7 ұпайға жетті. Ойын соңы нағыз тактикалық «шайқасқа» ұласты, жаттықтырушылар тайм-аут алу құқығын алма-кезек пайдаланды. Матчтың бітуіне 9 секунд қалғанда «Астана» 3 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бірақ бүгін жеңісті жұлып алудың сәті түспей қойды. Шығыршықтың та, алаңның да «бүйрегі» жергілікті ұжымға бұрып тұрғандай әсер қалдырды. «Астанаға» осылай түзде жеңіске жетудің қиысыны келмеді. «Автодордың» асығы алшысынан түсті – 90:85 (20:19, 27:23, 15:23, 28:20).

Осы жеңілістен кейін «Астананың» жеңістері көрсеткіші қайтадан 50% болды – 3:3. Ал турнир кестесіне келер болсақ, онда бәрі сықап тұр. «Астана» бүгінгі жеңілісінен соң үшінші орыннан тоғызыншы орынға бір-ақ сырғыды. Бұған бүгін қосарлана өткен матчтардың да нәтижелері әсер етті, әрине. Саратовтағы ойын өте ауыр болды, табан тірескен дүлей дода тартысты өтті. Бұл жерде, тағы да Уайтхедтің жарақаттанып қалғандығын айта кеткіміз келеді. Әрі Душан Ристич те төртінші кезеңде жарақаттанып қалып, соңғы минуттарда көсіле сілтей алмады. Жеңілістің аты жеңіліс, «Автодор» бүгін өзіне жеңіс ауадай қажет болғандығын дәлелдеді. Бізге тек ойыншыларымыздың жарақаттары жеңіл болса екен, бұдан кейінгі ойындарға кесірі тимесе етті деп, үміттенгеннен басқа амал жоқ.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» – бүгін барлығының назары Коти Кларкке ауды, себебі ол өзінің бұрынғы командасына қарсы ойнады, 1017/2018 маусымында ол саратовтықтардың көшбасшысы болған. Америкалық ойыншы жерге қаратқан жоқ. Қазақстан командасы сапында ең тиімді ойыншы болды – 26 ұпай және 7 рет доп қағып алды. Малкольм Хилл де 20 ұпайдан артық еншіледі (22) және ол 6 рет доп қағып алып, 6 пас берді. Душан Ристичтің еншісінде 15 ұпай, сондай-ақ ол 8 рет доп қағып алып, 6 пас берді.
  • «Автодор» – біздің команда бүгін Мухаммаду Жайтені матч аяқталмай жатып, орындыққа отыруға мәжбүр етті. Бірақ ол сол уақытқа дейін-ақ 22 ұпай еншілеп, 13 рет доп қағып алды. Сондай-ақ «Автодор» сапында америкалықтар жай оғындай жарқылдады: Маркел Старкс – 20 ұпай, 8 пас және Айзея Хикс – 18 ұпай, 9 рет доп қағып алды.

«Автодор» клубының бас бапкері Евгений Пашутин:
— «Астана» ойынды өрбіте және дода тізгінін өз қолында ұстай алатын – азулы команда. Мұны олар бұған дейін «Локо» және «Зенит» клубтарымен кездескенде дәлелдеген. Біз жан-жақты дайындалдық. Қорғаныста Джеремая Хиллге қарсы сауатты ойнадық. Кларкке тосқауыл қоя алмадық. Бірақ бірден оны қаумаламай, мүмкіндік берейік деп шештік. «Астананың» бес сұрмергеніне бірдей әр шептен шығыршықты нысанаға алуға мүмкіндік бергенше, осы шешіміміз дұрыс болды. Бәрін де қорғаныс шешті. Жігіттер өздерін де аяған жоқ, доптың астына төселе де кетті. Шығыршық түбінде оңай доп салуға мүмкіндік бермедік.

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Көрермендер үшін өте қызықты ойын болды деп ойлаймын. Біздің жеңіске жететіндей мүмкіндіктеріміз болды, бірақ біз кейбір сәттерде, қорғаныста «пик-н-роллдарға» қарсы сауатты ойын өрнегін көрсете алмадық. Негізгі құрамдағы ойыншыларымыз тың болмай, бірақ қиындықтарға тап болдық. Өйткені олар алаңда 35-36 минуттан ойнады. Соның салдарынан шешуші минуттарда, жеңіске жету үшін қосымша үдеу қоса алмады. Менің ойымша, біздің жеңілісіміздің басты себебі – осы. Әрі бүгін біз 4 легионермен ғана ойнадық, себебі Уайтхед жарақатына байланысты алаңға шыға алмады.

Келесі матч: «Астана» келесі ойындарын өз алаңында өткізеді – 19 және 20 қараша күндері елорда баскетболшылары Ұлттық лига чемпионаты аясында «Атырау Барыстарын» қабылдайды. Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі ойынын Эмиль Райковичтің шәкірттері 25 қараша күні Таллиннде жергілікті «Калев» клубымен өткізеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»