«Астана» Ұлттық лига аясындағы бірінші ойында «Ақтөбені» ойсырата жеңді

12.11.2019, 10:00    Оқылғаны: 664
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы мен Ұлттық лигаға биыл ғана қосылған «Ақтөбе» командасының тарихтағы бірінші ойыны елордалықтардың ірі жеңісімен аяқталды.

«Астанаға» тарихта бірінші рет «Ақтөбе» командасы қонақа келіп, екі ұжым өзара алғаш рет додаға түсті. Бірінші ойында елорда командасының легионерлері сапынан алаңға Малкольм Хилл мен Айзея Уайтхед шықты. Осылайша, соңғысы Ұлттық лигада алғаш рет өнер көрсетті.

Біздің команда алғашқы 5 минутта мүлдем қонақжайлық танытпады. «Ақтөбе» осы уақыт аралығында біздің шығыршыққа бір рет қана доп түсіріп, 2 ұпай енешіледі. Ал «Астана» болса, сол екі ортада еншісіне 16 ұпай жазып үлгерді. Бұл тіпті «кім қожайын» деген риторикалық сұраққа жауап іспетті болды. Бұдан кейін қонақтарымыз құйындай орап соққан біздің команданың жойқын қарқынына төтеп беріп, өздерінің ойын өрнектерін жетілдіре түсті. Ал бірінші кезең аяқталғанша, есеп айырмасын едәуір қысқартып, небәрі 9 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Екінші кезеңде астана баскетболшылары есеп айырмасын тағы да екі таңбалы санға лезде жеткізді. Бірақ ақтөбеліктер қолдарынан келгенінше «Астананы» тойтаруға тырысты. Сөйтіп, елорда ұжымы қара үзіп кете алмады, бірақ үлкен үзіліске шыққанда, арқаны кеңге салуға болатындай басымдыққа ие болды. Есеп – 43:26.

Аскар Майдекин — Баскетбольный клуб Астана

Үшінші кезеңнің басы мейілінше нәтижелі болды. Екі команда 5 минуттың ішінде бір-бірінің шығыршығына жалпы саны 34 ұпай салды. Бірақ әрқайсысының еншілеген ұпайы осы санның 50 пайызы емес. «Ақтөбе» 13 ұпай еншілесе, «Астана» 21 ұпай салды. Алайда матчтың үшінші ширек бөлігінің соңында қарқындары бәсеңсіп қалды. 30 минут ойын уақытынан соң таблода алаң иелерінің 24 ұпай айырмасымен алда тұрғаны жарқырап тұрды. Яғни бәрі де түсінікті еді, енді «Ақтөбенің» қауіпті комбэк жасауға шамасы жетпейтінін және «Астананың» өз еншісіне 2 ұпай қосатынын бәрі де білді. Бірақ мұны ресми түрде тіркеу үшін әлі 10 минут ойнау керек болатын. Эмиль Райковичтің шәкірттері қонақтарына мүмкіндік беретін сыңай танытпай, 5 минуттан кейін есеп айырмасын 33 ұпайға дейін ұлғайтты. Әрі «Астанаға» қарсыласын ірі есеппен жеңу соншалықты қиынға түспеді – 92:63 (23:14, 20:12, 25:18, 24:19).

Жалпы, «Ақтөбе» ойын басында «Астанаға төтеп бере алмай қалды. Әйтсе де, еңселерін түсірмей, намысты қолдан бермеуге талпынды. Дегенмен, қонақтар ойсырай ұтыла бастады, бірақ ойынның кейбір сәттерінде табандылық танытып, ойын тізгінін өз қолдарына алудан тайсалған жоқ. «Астана» осы жеңістен кейін тек турнир кестесінің бірінші сатысындағы өз жағдайын нығайта түсті, ал «Ақтөбе» төртінші орыннан қозғалған жоқ.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» — Айзея Уайтхедтің Ұлтитық лигадағы алғашқы ойыны адам қызығарлықтай болды. Ол осы матчтың ең нәтижелі, тиімді ойыншысы атанды – 19 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 5 пас. Малкольм Хилл әдеттегідей көсіле шапты – 14 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 4 пас, 3 рет допты «тартып» әкетті. Қазақстан ойыншылары ішінде ең нәтижелісі команда капитаны Рустам Мырзағалиев болды – 9 ұпай және 6 рет доп қағып алды.
  • «Ақтөбе» — қонақтарымыз сапында үздік шыққандар: Владислав Гусак — 10 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 3 пас және Константин Марзан — 7 ұпай және 5 рет доп қағып алды.

Келесі матч: ертең, яғни 12 қараша күні екі команда «Сарыарқа» велотрегі алаңында тағы да кездесіп, қосарланған кездесудің екіншісін өткізеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»