«Астана» өз алаңында «Цмоки-Минск» клубын тізе бүктірді

10.11.2019, 10:00    Оқылғаны: 698
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы өз жанкүйерлерін тағы да қуанышқа бөлеп, аяғы тартысты өткен шым-шытырық матчта жеңіске жетті. Бұл жолы өз алаңында «Цмоки-Минск» клубын тізе бүктірді.

«Астана» қонақжайлық танытып, бұл матчта қонақтардың есеп ашуына мүмкіндік берді. Бірақ бұдан кейін біздің жігіттер тез және сенімді түрде ойын тізгінін өз қолдарына алды. «Астана» кездесудің алғашқы минуттарын жоғары қарқында өткізді. Өз басымдықтарын он ұпайдан асыру үшін оларға кезеңнің жартысынан сәл ғана асатын уақыт жеткілікті болды. Десек те, бұл да Беларусь «айдаһарларының» сағын сындыра алмады. Олар аянбай тайталаса берді. Бірінші кезеңнің соңына дейін сары-көкшіл жейделілер үстем болып көрінгенімен, олар есеп айырмасын одан әрі ұлғайта алмады. 10 минуттан кейін таблода «Астананың» басымдығы +11 екені жарқырап тұрды. Екінші кезеңде есеп айырмасы 10 ұпай шамасында ұзақ сақталды. Қонақтар есеп айырмасын қысқарта алмағандарымен, біздің команданың қара үзіп кетуіне мүмкіндік берген жоқ. Екінші онминуттық тура осы сарында өтті. Бұл кезеңдегі соңғы ұпайларды «Астана» еншілеп, үлкен үзіліске командалар 51:38 есебімен шықты. Алда – біздің команда.



Матчтың екінші жартысының басында Эмиль Райковичтің шәкірттері көсіле сілтеп, осы матчтың фавориті екендерін дәлелдей түсті. Алайда минскіліктер Нұр-Сұлтанға тек жеңіс үшін келгендерін көрсетіп, кездесудің екінші жартысында да табан тіресе тайталасты. Алаңда тағы да шиеленісті дода қыза түсіп, есеп айырмасы «Астананың» 10 ұпай басымдығы  шамасында сақталып тұрды. Аракідік 14 ұпайға дейін көтеріліп, кейде тіпті 7 ұпайға дейін қысқарды. Үшінші кезең аяқталғанда, тура осы 7 ұпай айырмасымен «Астана» алда тұрды. Доп додасы мейілінше қыза түскен мұндай ойында бұл арқаны кеңге салар басымдық емес еді. Бұл соңғы кезеңде дода көрігі одан әрі қыза түсетіндігін білдіріп тұрды. Әрі іс жүзінде солай болып та шықты. Төртінші кезеңде біздің команданың лидерлері шаршаңқырап қалғандарын сездіре бастағанда, «айдаһарлардың» лидерлері де тың емес еді. Сондықтан бұл қажыр-қайраттың таразыға тартылар сәті болды. Қонақтар аянбай, бар күш-жігерлерін салып, матчтың аяқталуына үш минут қалғанда есепті теңестіріп кетті. Ал бір минуттан кейін тіпті алға да шықты. «Цмоктер» орындауындағы кэмбекте маңызды рөлді астана командасының бұрынғы ойыншысы Роберт Лоури атқарды. Матч соңы тағы да шектен тыс шиеленісті болды, ал интрига ысқырық безілдегенше сақталды. Әйткенмен, «Астана» таразы басын қайтадан өзіне қарай аудара алды. Бірақ қонақтардың шабуылға шығатын уақыттары бар еді. Алайда, біздің команда ойын соңында тағы да сауатты қорғана біліп, жеңісті жұлып алды. Есеп – 91:89 (28:17, 23:21, 23:29, 17:22 ).
 
Бұл – «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы өз алаңында өткізген үшінші ойыны және үшінші жеңісі. Егер, осы ойындарға үңіле қарасақ, онда олардан ұқсастық табу қиын емес. Осы үш ойын да шамамен бір сценарийде өрбіді, әсіресе олардың соңғы минуттарын салыстырсақ. «Астана» үш ойында да сәл ғана басымдықпен жеңіске жетті. Үш ойында да қарсыластарымыздың соңғы рет шабуылға шығып, жеңіске жететін мүмкіндіктері болды. Бірақ бәрінде де біздің жігіттер қорғаныста сауатты ойнады. Бірақ, ең бастысы, үшеуіндегі ұқсастық – қорытынды есеп. Осылайша, «Астана» турнир кестесіндегі көрсеткіштерін түзей түсті, бірақ 7-ші орында қалды, «Калев» клубынан қосымша көрсеткіштер бойынша ғана төмен тұр.  
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» – Душан Ристич, әдеттегідей ол бүгін де қолды-аяққа тұрмай, дабл-дабл еншіледі: 20 ұпай, 13 рет доп қағып алды, 3 пас және 3 блокшот. Бүгінгі матчтан кейін Душан лига лидерлері рейтінгінде «доп қағып алу» және «тиімділік» көрсеткіштері бойынша бірінші орынға шығып, «ұпай» саны бойынша үшінші сатыға орналасты. Бүгін бәрінен де көп ұпай жинаған Джеремайя Хилл – 23 ұпай, 7 пас және 3 рет допты тартып әкетті. Ал егер рейтингтер туралы айтар болсақ, онда Джеремайя пас берушілер лидерлері арасына сына қағып, дәл қазір екінші орынға орналасты. Коти Кларк бұл матчта 14 ұпай еншіледі, 8 рет доп қағып алды және 8 нәтижелі пас берді. Малкольм Хиллдің еншісінде – 15 ұпай, оның ішінде, екеуі командаға жеңіс сыйлаған ұпайлар.
  • «Цмоки-Минск» – қарсыласымыз сапында командасын «қуантқан», бұрынғы «астаналық» – Роберт Лоури, ол бүгін айрықша көзге түсуге тырысты-ақ, әрі онысы сәтті шықты – 20 ұпай, 8 пас. Доп қағып алудан «айдаһарлар» құрамында үздік шыққан Максим Салаш болды – 13 ұпай, 7 рет доп қағып алды және 3 пас. Сондай-ақ 15 ұпай және 5 пас – Доминез Барнетт еншісінде.

Үздік ойыншы: «Астананың» орталық шептегі ойыншысы алаңнан шыққан жоқ десек те болады. Серб саңлағы 37 минутта бәріне үлгеріп, бар жағынан көзге түсті: 20 ұпай, 13 рет доп қағып алды, 3 блок-шот және 3 ассист 9-дан, 13 осы ойында. Тиімділігі үшін 32 балл – маусымдағы төртінші нәтижені қайталады. 

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Өте маңызды жеңіс, бізге турнир кестесінің бірінші бөлігіне көтерілуге мүмкіндік берді. «Зенит» және «Локо» клубтарын жеңгеннен кейін біз біраз толқыдық және «Цмоки-Минскіден» басым түскіміз келді. Біз ойынның бірінші жартысында өте жақсы ойнадық. Бірақ үзілістен кейін қарсыласымыз аянған жоқ, көсіле шапты. Төртінші кезеңде психологиялық тұрғыда сағымыз сынатындай қиын-қыстау сәт болды. Бірақ біздің жігіттер қайсарлық танытып, жеңіске жеттік.

«Цмоки-Минск» клубының бас бапкері:
— Қорғаныста жанкештілік танытып, командалық ойын өрнегімізді жетілдіре түсудің арқасында біз таразы басын теңестірдік. Бірақ матч соңында бізге сабырлық жетіспеді. Біз ойыншыларымыздың жеке әрәекеттеріне иек арттық, ал олар бізді мақсатымызға жеткізбеді. Үш-төрт шабуыл біз күткендей болып аяқталмады.

Келесі матч: «Астана» Президенттік баскетбол клубы 11 және 12 қараша күндері бірінші рет өз тарихында Қазақстан чемпионаты Ұлттық лигасының дебютанты – «Ақтөбе» баскетбол клубымен кездесіп, өз алаңында қабылдайды. ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі ойынын біздің жігіттер тура бір аптадан кейін түзде, Саратовтың «Автодорымен» өткізеді.
 

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»