Баскетбол көптік етпейді! «Астана» «Цмоки-Минск» клубын қабылдауға дайын

05.11.2019, 13:00    Оқылғаны: 445
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Петербордың «Зенитін» жеңіп, шабыттанған «Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі кездесуіне жан-жақты дайындалып жатыр. Алдағы сенбі күні, 9 қарашада елорда баскетболшылары өз алаңында Беларусь елінен келген қонақтарын, яғни «Цмоки-Минск» клубын қабылдайды.​
 

«Цмоки-Минск» – Беларустің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Минск қаласынан. 2006 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасы мен Беларусь чемпионатынан бөлек, Еуропа кубогы додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • Беларусь чемпионы: 2008/2009, 2009/2010, 2010/2011, 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2014/2015, 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019.
  • Беларусь кубогы жеңімпазы: 2009, 2010, 2011, 2012, 2013, 2014, 2015, 2016, 2017, 2018, 2019.

Команданың бас бапкері қызметін атқаруды Беларусь маманы Ростислав Вергун жалғастырып келеді. Ол бұл қызметке былтырғы маусымның қаңтар айында бекітілген. Ал оған дейін Минск командасының жаттықтырушылары құрамында 2014 жылдан бері тер төгіп келді. Сонымен қатар, Ростислав Вергун екі маусым Могилевтің «Борисфен» клубында бас бапкер болды. Бұл ретте, ол 2013/2014 жылдар маусымында ойыншы да, жаттықтырушы да болған.

Маусым аралығында Беларусь командасынан америкалық Девон Сэддлер кетіп қалды. Ол «Цмоктер» сапындағы екі маусымда Беларусь азаматтығын да алған болатын. Сонымен қатар, команда құрамындағы легионерлерінің көбісі кетті. Атап айтқанда, кезінде «Астана» сапында өнер көрсеткен – америкалық Брион Раш, грек Зисис Сарикопулос және црнагоралық Владимир Михайлович. Сондай-ақ бұл ұжымнан өткен маусымда негізгі құрамда ойнаған белоруссиялық бірнеше ойыншы да кетті: Никита Мещеряков, Александр Семенюк, Александр Кудрявцев және Дмитрий Полещук. Былтырғы маусымдағы құрамынан тек 6 ойыншы ғана өз келісімшарттарын ұзартты. Олардың біреуі – америкалық Джамар Абрамс. Рас, ол былтырғы маусымда «айдаһарлар» сапында бар болғаны бір-ақ ойын өткізген болатын. Ал оған дейін Германияда, Румынияда, Словенияда, сондай-ақ Жапония мен Канадада ойнап үлгерген-тін. Команда құрамында қалған өзге бес ойыншының бәрі де белорустар: тәжірибелі Алексей Тростинецкий мен Виталий Лютыч, Евгений Белянков және жас ойыншы Андрей Рогозенко, ал Кирилл Ситник осы маусымға келісімшартқа отырғанымен екі ойын өткізіп, команда сапынан кетіп қалды.

Осыдан кейін-ақ команда сапында жаңа ойыншылар көп екенін пайымдай беруге болады. Оларды легионерлерден бастаған жөн. Бірінші кезекте, Латвия және Италия А2 сериясының чемпионы – қорғаушы Доминез Бернетт және Роберт Лоури. Иә-иә, тура сол, «Астана» сапында жарқылдаған – Роб Лоури. Қазақстаннан кеткеннен кейін Түркияда, Польшада және Грекияда ойнады. Серб қорғаушысы Бранко Миркович «айдаһарлар» сапына Эстонияның «Калев» клубында өткізген үш маусымнан кейін қайтып оралды. Францияның орталық шептегі ойыншысы Александре Гаврилович 5 жыл АҚШ-та болып, «Дейтон» және «Таусан» командалары сапында ойнаған, одан кейін үш жыл туған елі Франция да өнер көрсеті. Ал Беларусь клубына Болгария командасынан келді. Ағылшын Райан Мартинді де атап өтуіміз керек, ол командаға маусым аралығында қосылып, бірде-бір ойын өткізбей, кетіп қалды. Белорус Владимир Веремеенко өз карьерасында бірінші рет белоруссиялық команданың намысын қорғайтын болады. Бұған дейін біраз жыл УНИКС сапында, одан соң «Нижний Новгород» құрамында ойнаған. Ал өткен маусымды Кипрде өткізді. Белорустар Максим Салаш пен Евгений Пустогвар Минск ұжымына қайтып оралды. Максим «Калев» сапында бір маусым өткізгеннен кейін келсе, Евгений соңғы 6 жыл ішінде Ресей, Румыния және Венгрия клубтарында ойнап шықты. Биылғы маусымда команда сапына жергілікті тағы екі жас ойыншы қосылды – Максим Лютыч және Андрей Стабровский.
 

Кездесулер тарихы: Қазақстан және Беларусь командалары арасындағы екеуара кездесулер саны – 12. Бәрі де ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өткен. Соңғы үш кездесуде «Астана» жеңіске жетті. Ал жалпы есепке келер болсақ, онда таразы басы тең – 6:6.

Турнир кестесіндегі жағдай: маусым басы «Цмоки-Минск» үшін өте сәтсіз болып шықты, олар 4 ойын өткізіп, бәрінде де жеңіліске ұшырады және «Автодормен» бірге турнир кестесін тұйықтап тұр. «Астана» алдағы матчқа дейін екі рет жеңіске жетіп, екі ойында ұтылып, 7-орында, яғни турнир кестесінің бел ортасында тұр.

Қызықты деректер:
  • Алдағы матчта жеңіске жеткен команда екеуара кездесулердің жалпы есебінде алға шығады.
  • Былтырғы маусымда «Цмоки-Минск» құрамында «Астананың» экс-ойыншысы Брион Раш өнер көрсетті, ал биыл тағы да бір бұрынғы ойыншымыз, яғни Роберт Лоури ойнайды.

Матч сенбі күні, яғни 9 қарашада Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Біздің командамыздың бойтұмарымыз Сэмнің Instagram желісінде парақшасына жазылуды ұмытпаңыздар. Ол біздің ең белсенді жанкүйерлеріміз үшін тосын сый әзірлеп жатыр. Ол жөнінде жақын арада жариялайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»