«Астана» ВТБ лигасының түздегі ойынында «Химкиге» төтеп бере алмады

20.10.2019, 20:00    Оқылғаны: 635
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
ВТБ Бірыңғай лигасының ең азулы командаларының бірімен, яғни Мәскеу облысының «Химки» клубымен өткен, биылғы маусымдағы бірінші ойын құрамы жаңарған «Астана» Президенттік баскетбол клубы үшін үлкен сынақ болды.

Матч шолуын «Астана» сапында команданың жаңа ойыншысы Айзея Уайтхедтің алғаш рет біздің клубтың намысын қорғағанынан бастауға болады. Ал «Химкидің» құрамына тоқталар болсақ, олардың көшбасшысы Алексей Швед пен Стефан Йович алаңға шықпады. Сонымен қатар, ойын хаттамасында Тимофей Мозгов та болған жоқ, әзірше ол бұл маусымда бірде-бір ойын өткізген жоқ.

Есепті алаң иелері ашып, бірден алға шықты. Бірақ астаналықтар да қалыспады, әрі бірінші кезеңнің ортасына қарай таразы басын теңестірді де. Әйткенмен, «Астана» азулы қарсыласымен кезең соңына дейін иық тіресіп тұра алмады, ал есеп айырмасы 7 ұпайға жетті. Екінші кезеңде алаң иелері өз жанкүйерлерінің қолдауымен қарқындарын үдетті. Әрі есеп айырмасын да ұлғайта түсіп, оны 16 ұпайға дейін жеткізді. Бірақ Эмиль Райковичтің шәкірттері оны үлкен үзіліске дейін сәл де болса қысқартты – 36:25.

Үшінші кезеңде «Астана» қателіктерін түзеп, ойын өрнектерін жетілдіре түсті. Басында «Химки» өз шығыршығын қорғауда тер төгуге мәжбүр болды. Бірақ бұл оларға оңайға түспеді, ал «Астана» болса, есеп айырмасын мейілінше қысқарта түсті. Химкиліктер тағы бір серпіліс жасап, шабуылды үдетуге тырысып еді, бірақ оны біздің команда тойтарды. Нақтырақ айтқанда, 15 ұпай айырмасын кезең соңына дейін екі есе қысқартты. Төртінші кезеңнің біраз бөлігінде табан тірескен дүлей дода болды. Әрі матчтың аяқталуына 3 жарым минут қалғанда, «Астана» небәрі 6 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алайда қалған уақытта азулы қарсыласымен тайталасуға елорда командасының күш-қуаты жетпеді. Сөйтіп, «Химки» айқын басымдықпен жеңіске жетті – 73:56 (20:13, 16:12, 16:20, 21:11).

Ұмытпауымыз керек, «Химки» клубы – дәл қазіргі сәтте ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшысы, әлі жеңілістің кермек дәмін тартып көрген жоқ. Әйткенмен, бұл ойында олардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруы ақсаулы болды – 37%, бірақ «Астанның» да бұл көрсеткіші көңілге қонымды болмай шықты – 29%. Егер статистиканы егжей-тегжей зерттер болсақ, онда «Астананың» көптеген көрсеткіштер бойынша есе жіберіп алғанын байқауға болады: — 10 пас беруден, — 10 допты тартып әкетуден, қарсыласына қарағанда, доптан айырылып қалған сәттерінің де айырмасы 10 болды, соның салдарынан, — 10 ұпай доптан айырылып қалғаннан кейін, — 10 ұпай жылдам ұйымдастырылған шабуылда. Статистика көңілге қонарлықтай емес, әрине. Бірақ біздің лидерлеріміз аянған жоқ. Міне, осы жерде ойынға қауіпті ықпал еткен көрсеткішті байқауға болады. Ол – қосалқы құрамдағы ойыншылар еншілеген ұпайлар: бұл «Химкиде» 33 болса, «Астанада» небәрі 7 ұпай болып шықты. Біздің лидерлеріміз бұл ойында 32 минуттан артық ойнады, ал «Химкидің» лидерлері 10 минут кем ойнады. Яғни олар матч соңында әлдеқайда тың болды.



Ең үздік ойыншылар: «Астана» сапында Душан Ристич үздік шығып, дабл-дабл орындады (10 ұпай, 18 рет доп қағып алды), Джеремая Хилл бәрінен де көп ұпай жинады (16 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 3 рет допты тартып әкетті), сонымен қатар Малкольм Хиллді де атап өткен жөн (11 ұпай, 6 рет доп қағып алды және 3 пас). «Химки» сапында өзінің дабл-даблымен көп қауіп төндірген Девин Букер болды (15 ұпай, 11 рет доп қағып алды), сондай-ақ негізгі құрамда шықпаған Джереми Эванс та одан қалыспады (10 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 5 рет допты тартып әкетті).

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Химкиді» құттықтаймын, олар бүгін үздік команда болды. Бізде қосалқы құрамымыз отыратын орындық – тым қысқа. Әрі құрамымызға жаңа ойыншы қосылды – Айзея Уайтхед. Ол командамен небәрі екі жаттығу жұмысын өткізді. Тура осыған байланысты, біздің ойынымыз үйлеспеді. Соңғы кезеңде біз есеп айырмасын 5 ұпайға дейін қысқартып, қайсарлық таныттық. Бірақ бізге осындай қарқынмен қорғануға және жеңісті жұлып әкетуге тырысуға тың күш жетіспеді. Алда екі апталық жаттығу жұмыстары бар, осы уақытта біз ойын өрнегімізді, бірінші кезекте, оны ұйымдастыруды жетілдіре түсуге тырысуымыз қажет. Осы уақыт аралығында құрамымызды күшейтеміз деп үміттенемін. Өйткені, ойыншыларымызды тынықтырып және ауыстырып ойнау үшін бізге тағы бір ойыншы керек. Сонда біз алдағы матчтарда азулы қарсыластарымызбен тайталаса алатын боламыз.  

 «Химки» клубының бас бапкері Римас Куртинайтис:
— Қорғаныстағы ойынымызға көңілім толды, жігіттер тырысып бақты. Шабуылда біраз ағаттықтарымыз болды, бірақ біз дәл қазір, қалай қапысын табуды ойлап жүрміз. Себебі ойын үйлестіруші үш ойыншымыз қатарда жоқ. Бірінші нөмірлі ойыншыларымыздан тек Вячеслав Зайцев қана бар. Бүгін біз дес берген жоқпыз, мүмкіндіктерімізді жүзеге асыру бұдан да жоғары болуы да керек еді, алайда мұның бәрін де түзеуге болады. Ең бастысы, шығыршықтан қайтқан допқа таласуда үздік шықтық, қорғаныста қаймықпай тұрып алдық, қарсыласымыздың доп қабылдауына мүмкіндік бермей, бірнеше рет пастарын «қиып» әкеттік.        
 

Келесі ойын: «Астана» келесі ойындарын өз алаңында өткізеді. 24 және 25 қазан күндері астана баскетболшылары Ұлттық лига чемпионаты аясында Көкшетаудың «Синегорье» клубын қабылдайды. Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі ойынын Эмиль Райковичтің 4 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткізіп, Петербордың «Зенит» клубымен додаға түседі

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»