«Астана» Президенттік баскетбол клубы – Қазақстан Ұлттық лигасының жеті дүркін чемпионы

28.05.2019, 22:00    Оқылғаны: 1047
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасында «Астана» Президенттік баскетбол клубы мен «Атырау Барыстары» арасындағы бас бәйге сарапқа салынған дода аяқталды. Нұр-Сұлтанда өткен ойынның қорытындысы бойынша елорда клубы чемпиондық атағын қорғап қалып, еліміздегі теңдессіз команда атанды.

Финалдық доданың бірінші ойыны «Атырау Барыстары» алаңында өткен. Қарсыласымыз өз алаңында ойнап, жанкүйерлеріне арқа сүйесе де, биылғы маусымдағы «Астана» мен «Барыстар» арасындағы, атыраулықтарды 6 матчта да жеңген кездесулер тарихына үңілер болсақ, біздің команданың мысы басып тұрды. Десек те, қарсыласымыз бұл матчқа үлкен жауапкершілікпен, жақсы дайындалыпты. «Барыстар» бірден болмаса да, алға да шықты. Әрі матчтың бірінші жартысының басым бөлігінде алда тұрды. Бірақ біздің командамыз ойынның бірінші жартысын бір ұпай айырмасымен болсын, жеңіспен аяқтады – 44:45. Жасыл-ақ жейделілер үшінші кезеңде бар күш-жігерлерін салып, тайталасып бақты. Әрі бұл кезеңде дес бермей, тең түсті. Алайда соңғы кезеңде біздің жігіттердің қарқындарына төтеп бере алмады. Бірінші ойында «Астана» басым түсті – 83:88.  

Бірінші ойында ең көп ұпай еншілеген «Астана» ойыншылары: Кеннет Хортон (23 + 12 рет доп қағып алды, 5 пас, 3 рет допты тартып әкетті және 3 блокшот), Энтони Клеммонс (17 + 4 рет доп қағып алды, 4 пас және 4 рет допты тартып әкетті), Дмитрий Гаврилов (12 + 5 рет доп қағып алды және 3 блокшот).



Өз алаңында өткен шешуші матч алдында «Астана» сәл ғана басымдықпен алда тұрды – небәрі 5 ұпай. Сондықтан соңғы ойынның тартысты өтетіні мәлім еді. Әрі «Атырау Барыстары» астанаға намысты қолдан бермеуге бекініп келді. Матч басынан бастап шиеленісті өтті. Бес минуттан кейін «Астана» ойын тізгінін өз қолына алып, екінші кезеңде 10 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Бірақ «Барыстар» қамшыны басып, матчтың бірінші жартысын жеңіспен аяқтады – 45:46. Табан тірескен дода үшінші кезеңде де жалғасын тапты. Алайда ойынның соңғы ширек бөлігінде «Астана» қайтадан қарқынын үдетті. Соңғы бес минутта ойын аса жоғары жылдамдықта өтіп, біздің командамыз жеңіске жетті – 80:71.

Екінші ойында ең көп ұпай еншілеген «Астана» ойыншылары: Кеннет Хортон (18 + 17 рет доп қағып алды, 5 пас және 4 рет допты тартып әкетті), Стефен Холт (19 + 11 рет доп қағып алды, 3 пас және 2 рет допты тартып әкетті) және Дмитрий Гаврилов (13 + 4 рет доп қағып алды, 3 рет допты тартып әкетті).
 

Осы ойыннан кейін, бірден командаларды марапаттау салтанаты өтті. Доп додасын өткізу туралы Ережеге сай, «Астана» командасына «2018/2019 жылдар маусымындағы Қазақстан чемпионатының ерлер арасындағы Ұлттық лигасының жеңімпазы» атағы берілді. Команда капитаны Рустам Ерғали бас бәйгені төбесіне көтеріп, елорда баскетболшыларының бәрі және команданың бапкерлер құрамы арнайы дипломмен және алтын медалмен марапатталды. «Астана» Қазақстан чемпионатының биылғы маусымында бірде-бір рет ұтылмай, өз тарихында 7-ші рет чемпион атанды. Әрі бұл тұрғыда еліміздің ерлер арасындағы теңдессіз командасы болды.



«Атырау Барыстары» жүлделі екінші орынға ие болып, күміс медаль жиынтығымен марапатталды. Ал үшінші орынның және қола медальдың тағдыры Алматыда шешіледі. Онда жергілікті «Алматы легионы» Қостанайдың «Тобылынан» бірінші ойында ұтылып қалған есесін қайтаруға тырысады.

Жүлделі орындарға ие болған екі команданы мараптаттап болған соң, маусымның үздік ойыншылары анықталды. Олардың қатарына «Астана» ойыншылары да ілікті – Кеннет Хортон және Стефен Холт.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
Бас серіктесіміз — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Әлеуметтік серіктесіміз — «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»