«Химки» «Астананың» аптығын басты

26.03.2019, 10:00    Оқылғаны: 755
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Мәскеу облысының «Химки» клубы өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 93:80 (25:23, 24:23, 18:18, 26:16).

«Химки» (14-5) екінші орынға ие болу үшін жанталасып жүр, ал «Астана» (13-7) клубының олардан бір ғана жеңісі кем болатын. Ойынның бірінші жартысы тең дәрежеде өтті. Химкиліктер «нысананы» көбінесе үшсекундтық аймақтан дәл көздеді (26-12), қазақстандықтар доға сыртынан дөп түсіріп отырды (18-дің 9-ын). Дегенмен, үлкен үзіліске шыққанда, алаң иелері 49:46 есебімен алда тұрды. Матчтың үшінші ширек бөлігі де осы мәтінде өрбіді. Екі команда «итжығыс» түсіп, үш ұпай айырмасы сақталды. Есеп – 67:64.


Төртінші кезеңнің басындағы шектен тыс тартысты дода екі команданы да діңкелетті. Алғашқы минуттарда көрермендер ойыншылардың бірнеше рет мүлт кетіп, доптан айырылып қалғандарына куә болды. «Химки» ойын өрнегін бірінші болып түзеді. Стефан Маркович пен Янис Тимма мергендік танытып, химкиліктер 2 минуттың ішінде 10:0 есебімен суырылып алға шықты. Әрі ойын соңына дейін ұпай айырмасын сақтап қалды десек те болады – 84:75. «Астана» сол күйі қарқынын үдете алмады, соңғы кезеңде небәрі 16 ұпаймен шектелді.

Мәскеу облысының командасы осы жеңісінің арқасында УНИКС клубына жақындай түсті. Қазір олардың бір жеңісі ғана кем. Ал бұған дейін Казань баскетболшыларын, сонымен қатар «Зенит» және «Локомотив-Кубань» секілді азулы командаларды ұтқан Қазақстан клубы бұл жолы тағы бір деңгейі жоғары ұжымды ұта алмай, алтыншы олрынға ығысты.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Химки»: Янис Тимма (26 + 5 рет доп қағып алды), Алексей Швед (22 + 7 рет доп қағып алды + 11 пас), Малкольм Томас (18).
  • «Астана»: Джей Джей О’Брайен (19), Майкл Дженкинс (17), Кеннет Хортон (16 + 6 рет доп қағып алды).

«Химки» клубының бас бапкері Римас Куртинайтис:
— Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын, біз үшін – өте маңызды нәтиже. Бәрі де ВТБ лигасындағы турнир кестесі жағдайын біледі, дәл қазір осы маусымдағы қалған ойындардың бәрінде жеңіске жеткіміз келеді. Өйткені екінші орынға ие болғымыз келеді, ол үшін тек жеңіске жете беруіміз керек. Бүгінгі ойында біз фаворит болған да шығармыз, бірақ жеңіске жету оңай болған жоқ. Өйткені, «Астана» биыл өте жоғары деңгейде ойнап жүр. Бұл – өте қауіпті команда, ойыншыларының бәрі не істеу керек екенін өте жақсы біледі. Құрамындағы жігіттері аса көп болмаса да, әрбір ойыншысы тез шабуылдап, үш ұпайлық доп сала біледі. Оны біз бүгін көрдік те. Өз ойыншыларыма қорғаныс шебіндегі жанкештіліктері үшін, әсіресе қайтқан доп үшін аянбай, жанталасқандары алғыс айтқым келеді. Бүгін біз шығыршықтан қайтқан допты қағып алуда басым түстік, ақыры. Әрі «+15» көрсеткішімен үстем түстік. Бұл біздің жеңіске жетуімізге септігін тигізді.


«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
 — «Химки» клубын жеңісімен құттықтаймын. Соңғы бес минутта олар жинақылық танытып, көп жағынан бізден асып түсті. Біздің ойыншыларымыз ескертуді көп алып, жағдайымыз тығырықа тірелді. Мәселен, Гросселл мен Жигулин ескертулерінің кесірінен ойының аяғында алаңға шықа алмады. Ал Хортон аяғын қайырып алып, соңғы жеті-сегіз минутта жарақатымен ойнады. Алаңға алмастырып шығаратын жігіттеріміз болмай, төртінші нөмірімізді орталық шептегі ойыншы және жеңіл шабуылшы ретінде, О’Брайенді ауыр шабуылшы орнында қолдандық. Әртүрлі тактикаларды қолданып көрдік, аймақтық қорғаныс жүйесімен де ойнадық, бұл кейде нәтиже де берді. Соңғы бес минутқа дейін тәп-тәуір нәтиже көрсеттік, тайталасып бақтық. Менің жігіттерім аянған жоқ, сондықтан өкінудің жөнін таппай отырмын. Біз өз қабілетімізді барынша жүзеге асырдық, тек ойыншыларымыз жарақат және ескертулер алып қалып, бағымызды байлады. Тоқтамаймыз, әрі қарай жанталасамыз.       


«Астана» келесі ойынын өз алаңында өткізеді. 30 наурыз күні елорда баскетболшылары Ресейдің «Парма» баскетбол клубын қабылдап, ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы чемпионаты аясында додаға түседі. Матч «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – 20:00-де. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»