«Астана» «Зелена Гураны» тізе бүктірді – оныншы жеңіс

13.02.2019, 10:00    Оқылғаны: 728
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақтың «Астанасы» өз алаңында Польшаның «Зелена Гура» клубынан басым түсті – 84:70 (21:15, 24:17, 12:17, 27:21).

«Астана» (9-6) баскетболшылары «Зелена Гура» (4-11) клубымен өтетін ойын алдында 6-ыншы орында тұрған болатын, ал Лигаға биыл ғана қосылған поляктар плей-офф аймағынан тыс тұрған-ды. Бірақ маусым басындағы сәтсіздіктерінен кейін қарқындарын үдете түскен болатын. Польша клубы елордадағы матчты да жоғары қарқында бастап, 6:0 есебімен алға шықты. Бірақ осыдан кейін, 5 минут бойы бірде-бір ұпай еншілей алмады. Қазақстандықтар болса, бірте-бірте баурларын жазып, екпін алған соң, өз мүмкіндіктерін сенімді түрде, сәтті аяқтап отырды. «Астана» төрт рет допты алыстан дөп түсіріп, соның арасында, бірінші кезеңде таразы басын өздеріне қарай аударды (21:15). Ал екінші кезеңде өз мүмкіндіктерін жүзеге асырудың жоғары пайызына (20 минуттан кейін – 56%) қорғаныстағы үйлесімді әрекеттері қосылып, ұпай айырмасы екі таңбалы санға жетті (45:32).

«Зелена Гура» матчтың үшінші ширек бөлігін өте сенімді түрде бастап, есеп айырмасын 6 ұпайға дейін қысқартты (43:49). Бірақ Стивен Холт бірнеше рет допты шығыршыққа дәл түсіріп, «Астана» қонақтарының қарқынына төтеп берді. Әрі соңғы кезеңді 8 ұпай айырмасымен бастады (57:49).

«Астана» төртінші 10-минуттықтың басында шешуші соққы беріп, Холт және Александр Жигулин доға сыртынан мергендік танытты (63:49). Маркел Старкстің орындауындағы энд уан поляктарды құтқармады. Екпін алған Қазақстан клубы Энтони Клеммонс пен Кеннет Хортонның үш секундтық аймақтан дөп түсірген доптарының арқасында есеп айырмасын одан әрі ұлғайта түсті. Алаң иелері матч соңына дейін айылдарын жимай, биылғы маусымдағы 10-ыншы жеңістеріне қол жеткізді.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Кеннет Хортон (21 + 11 рет допты қағып алды), Стивен Холт (17), Энтони Клеммонс (14 + 9 пас).
  • «Зелена-Гура»: Пржемислав Замойски (14), Маркел Старкс (13), Куинтон Хосли (11).

Цифр: 10 – «Үлкен бестіктегі» командалардан бөлек, алғаш рет 10 ойында жеңіске жеткен ұжым «Астана».
Қазақстан клубы соңғы рет 204/2015 жылдар маусымында 10 рет жеңіске жеткен болатын (барлығы – 13), бірақ ол кезде барлық командалар 30 ойыннан өткізген.

Үздік ойыншы: Кеннет Хортон. Шабуылшы бұл ойында алаңнан шыққан жоқ десек те болады. Өйткені оның өзіндік, маңызды себебі бар еді. Хортон 36 минут ішінде 12 соққысының 9-ын дәл түсірді, 21 ұпай еншіледі. 11 рет допты қағып алды, 2 рет допты «қиып» алды.

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Бұл біз үшін Лигадағы маңызды жеңіс. Жалпы, бізге ВТБ лигасындағы кез келген жеңіс – өте маңызды. Ұлттық құраманың ойындарына байланысты болатын үзіліске, біз 10 жеңіс, 6 жеңіліспен шығып отырмыз. Қазір «Астана» – Лиганың көшбасшылары қатарында. Әрине, мен өз жігіттерімді мақтан тұтамын. Бізде жарақат алып қалған ойыншылар да бар. Мысалы, соңғы ойындарда Майкл Дженкинс алаңға шыққан жоқ. Бірақ бүгін ол жарақатынан толық айықпаса да, додаға түсті. Джей Джей О’Брайен де тобығы ауырып, бүгінгі матч алдында жаттығу жұмыстарына қатысқан жоқ болатын. Алайда ол да бүгін алаңға шықты. Мен командамды жеңісімен құттықтаймын!


«Зелена Гура» клубының бас бапкері Игор Йовович:
— Өте тартысты ойын, бірақ біздің жеңіске жетуге болатындай мүмкіндіктеріміз өте көп болды. Бүгін шабуылда ширақ ойнай алмадық. Әйтсе де, үмітімізді үзбей, тырысып бақтық. Тіпті «+6» ұпай айырмасымен алға да шықтық. Бірақ үш рет өз шығыршығымыздан қайтқан доптан айырылып қалып, осы уақыт аралығында, алаң иелеріне, бірнеше рет үш ұпайлық доптарды дәл түсіруге мүмкіндік беріп қойдық. Соның кесірінен «Астананың» өзіне деген сенімділігі арта түсіп, көсіле сілтеді. Алаң иелері биылғы маусымда өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүр. «Астананы» бүгінгі жеңісімен құттықтаймын.


Елорда командасы келесі ойындарын түзде өткізеді. Астаналықтар 14 және 15 ақпан күндері Атырауға қонаққа барып, жергілікті «АМУ Атырау Барыстары» баскетбол клубымен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында додаға түседі.

«Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі кездесуі де түзде өтеді. 27 ақпан күні елорда баскетболшылары Пермнің «Парма» баскетбол клубымен кездесіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өткізеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»