Энтони Клеммонс: «Қазақстан мені құшағына тартқанына шынымен де ризамын»

21.12.2018, 18:00    Оқылғаны: 1818
Дереккөз: ҰБФ ҚР
Автор:
Энтони Клеммонс өзінің Қазақстан азаматтығын алғаны және баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионатының Азиядағы іріктеу додасында ерлер арасындағы Ұлттық құраманың сапында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болғаны жайлы пікірін білдірді.
 
«Мен Қазақстан секілді алып елдің өз құшағына тартып, маған өзінің мәдениетінің бір бөлігі болу мүмкіндігін бергеніне шынымен де ризамын. Биылғы маусымның басында, «Астана» клубымен келісімшартты ұзарту жөніндегі мәмілеге қол қойғанда, мен ұлттық құраманың намысын қорғау біздің келісіміміздің өзекті тұсы екенін түсіндім және одан бас тарта алмадым. Бірақ менің келісім беруім, қайталап айтамын, бірінші кезекте – Қазақстан мәдениетінің бір бөлігі болуға келісу. Осындай мүмкіндік бергені үшін және бәрінің де сәтімен жүзеге асқаны үшін Тәңірге ризамын. Сонымен қатар, қолдау көрсеткендері және көмектескендері үшін командадағы серіктеріме, жаттықтырушылар құрамына, менеджментке түгелдей алғыс білдіргім келеді. Мен үшін және әрі қарай жетіле түсуім үшін Қазақстан төлқұжатына ие болу – өте маңызды. Мен үшін Қазақстанның намысын қорғау – үлкен мәртебе. Әрине, енді шамамның жеткенінше аянбай, бар күш-жігерімді жұмсаймын.        

Бұдан былай мен Қазақстан азаматымын, енді мен ұлттық құрама сапында ойнай аламын. Әрі өзіме артылған сенімді ақтап, өте жоғары деңгейде ойнап, үміт артылып отырған ойын өрнегін көрсетуді жоспарлап отырмын. Ұлттық құрама сапындағы барлық ойыншыны жақсы білемін. Бейімделу процесі еш қиындықсыз өтеді деген сенімдемін. Мақсатым – әр ойында соңғы матчтай ойнау, бар күш-жігерімді салып, жан-тәнімді беру. Қазақстанның намысын қорғайтынымды, ел үшін ойнайтынымды, оның барлық жауапкершілігін түсінемін. Мен бұл жерде тек пайда келтіру үшін барымды саламын дегім келеді.

Тағы да қайталап өткім келеді, мені бауырыңа басқаның үшін көптен-көп рахмет, Қазақстан! Мен бақыттымын және ризамын!»
 

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы 13 желтоқсан күні, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында, Ұлттық баскетбол федерациясының басшылары ерлер арасындағы ұлттық құраманың ойыншыларымен кездескен болатын.

Еліміздің ең басты мерекесінің құрметіне орай, баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионатының Азиядағы іріктеу додасында лайықты деңгейде өнер көрсеткендері үшін ойыншыларға естелік сыйлықтар табыс етіліп және игі тілектер айтылып, қолдау көрсетілген-ді.

ҰБФ президенті Димаш Досанов өзінің құттықтау сөзінен кейін ұлттық құраманың жаңа ойыншысына, яғни Америка баскетболшысы, «Астана» Президенттік баскетбол клубының қорғаушысы Энтони Клеммонсқа Қазақстан азаматы төлқұжатын табыс еткен.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»