«Астана» Эстонияның «Калев» клубын күйрете жеңді

16.12.2018, 20:00    Оқылғаны: 955
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» баскетболшылары бүгінгі жеңістерін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арнады.

Эстония чемпионымен өткен ойынға елорда клубы тыңғылықты дайындықпен шықты. Өкінішке қарай, бұл ойында команда капитаны Рустам Ерғали жарақатына байланысты алаңға шыға алмады. Бірақ жағымды жаңалығымыз бар, команда сапына жаңадан алынған Америка қорғаушысы Стефан Холт ВТБ лигасындағы алғашқы ойынын өткізді.

Алғашқы бестік: Энтони Клемонс, Джей Джей О’Брайен, Максим Марчук, Кеннет Хортон, Джеффри Гроссел.

Доп ойынға қосылғанда, оны астаналықтар іліп әкетті. Бірақ есепті эстондар ашып, Бранко Мирковичтің үш ұпайлық добымен алға шықты. Елорда клубы екі ұпайлық соққымен жауап берді. Бірінші минуттан бастап, екі команда да алға қарай ентелеп, әрбір ұпайларын сәтті аяқтап отырды. Алайда бірінші кезеңнің ортасында таблодағы есеп +10 ұпай айырмасымен алаң иелерінің алға шыққандығын көрсетіп, жарқырап тұрды. Ал эстондар бір минуттық үзіліс сұрап алуға мәжбүр болды. Алғашқы тайм-аутан кейін астаналықтар жаңа күш-жігермен алға ұмтылып, әрбір шабуылдары сайын өз басымдықтарын ұлғайта түсті. Осылай, бірінші онминуттық аяқталып, «Астана» 24:18 есебімен алда тұрды.

Екінші кезең де елорда клубы үшін эмоциональды тұрғыда мейілінше тыныш өтті. Эмиль Райковичтің командасы ойын тізгінін уыстарынан шығармай, қорғаныста өте сауатты ойнап, қонақтарына доға сыртынан шабуылдауға мүмкіндік бермеді. Командалар үлкен үзіліске шыққанда, есеп 50:34 болып, «Астана» қара үзіп кетті.

Үшінші кезеңде де айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Елорда баскетболшылары қарқындарын үдете түсіп, ұпай айырмасын ұлғайта берді, ал қонақтар жиі қателесе бастады. Үшінші онминуттықтың соңында есеп айырмасы +30 ұпайға жетіп, «Астана» көсіле сілтеді. Бұл кезең 81:51 есебімен аяқталды.

Соңғы 10 минутта елорда клубы арқаны кеңге салып, емін-еркін ойнады. Эстондардың енді қуып жетулері екіталай, тіпті мүмкін емес те еді. Әйтсе де, «Астана» айылын жиған жоқ, ойын аяқталғанша тізгін тартпай сілтеді. Матч елордалықтардың айқын басымдығымен аяқталды. Есеп – 105:78.

Эмиль Райковичтің командасын түгелдей бүгінгі мәнді де, маңызды жеңістерімен құттықтаймыз. Бұл – елорда клубының ВТБ лигасындағы алтыншы жеңісі.



Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Джей Джей О’Брайен (23 + 8 рет доп қағып алды + 6 пас), Стивен Холт (16), Джеффри Гросселл (15), Майкл Дженкинс (14 + 6 пас), Кеннет Хортон (13 + 8 рет доп қағып алды), Энтони Клеммонс (10 + 6 рет доп қағып алды + 6 пас), Александр Жигулин (10).
  • «Калев»: Арнетт Моултри (23 + 5 рет доп қағып алды), Бранко Миркович (17), Чавон Льюис (14+6 пас).

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович: 
— Атап өткім келеді, біздің ойыншылар бүгінгі матчтың маңызды екендігін жете түсінді. Бүгін шабуылда өте сауатты ойын өрнегін көрсеткенімізге қуаныштымын, әрбір қадамымызды ойластырып, үнемі қарсыласымыздың осал тұсын іздеумен болдық. «Калев» ойыншылары ескертуді көп алып, тым сақ ойнауға мәжбүр болды. Ал біз соны пайдаланып, қыспаққа ала түстік. «Астана» шынымен де азулы команда болып қалыптасып келе жатыр деп ойлаймын.


«Калев» клубының бас бапкері  Дональдас Кайрис:  
— «Астана» – табанды және азулы команда, қорғаныста да және шабуылда да сауатты ойын өрнегін көрсетті. Біздің ең басты кәніраттарымыз ескертуді көп алып, лақтырған доптарымызды дөп түсіре алмай, мүлт кетуіміз болды. «Астананы» жеңісімен құттықтаймын.


Елорда командасы келесі ойындарын түзде өткізіп, 19 және 20 желтоқсан күндері оңтүстік астанаға қонаққа барады. Онда ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында «Алматы легионы» баскетбол клубымен додаға түседі.

Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі кездесуін өз алаңында өткізеді. Тура бір аптадан кейін, яғни 23 желтоқсан күні елорда баскетболшылары Астана төрінде Саратовтың «Автодор» клубын қабылдайды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»