Маусымдағы алғашқы сенсация: «Астана» «Зениттен» жеңісті жұлып алды

21.10.2018, 19:00    Оқылғаны: 1074
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақтың «Астанасы» өз алаңында Ресейдің «Зенитін» тізе бүктірді – 93:91 (24:20, 13:28, 29:22, 27:21).

«Зенит» Қазақстанға Еурокубок додасындағы Италияда өткен түздегі ойынынан кейін келген болатын. Брэндон Дженнингс қатарға қосылған, әйтсе де, команда сапы селдіреп қалып, жарақат алған ойыншылары әлі де көп еді. Алғашқы 6 минутта петерборлықтар небәрі 5 ұпай олжалады (5:14). Дегенмен, Джейлен Рейнольдстің «трапеция» (paint) ішіндегі жанкештілігі арқасында ойынның бірінші ширек бөлігі аяқталғанша, ресейліктер есепті едәуір қысқартты (20:24). Ал екінші кезең «Зениттің» үстемдік құруымен өтті. «Астана» петерборлықтарға қолайлы жоғары қарқындағы ойын ырғағына төзе алмады. Есеп – 28:13, зениттіктер үлкен үзіліске «+11» ұпай айырмасымен шықты. Матчтың үшінші ширек бөлігінің ортасында «Зенит» 19 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті (64:45). Бірақ дәл осы тұста ойын тағы да өзгеріп сала берді. Энтони Клеммонс көсіле сілтеп, 13 ұпай еншіледі де, соңғы кезең алдында «Астананы» жігерлендіре түсті – 66:70.

Бәрі де кездесу соңында шешілді. «Астана» ойыншылары өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, алға да шықты. Матчтың аяқталуына 3 минут қалғанда Галь Микелдің алыстан дәл түсірген соққысынан кейін таблодағы есеп теңесіп, 85:85 болып жанып тұрды. Бұдан кейін «Зениттің» екі шабуылы сәтсіз аяқталды. Ал Джей Джей О’Брайен мен Клеммонс атойлап алға шапқанда қарсыластары ойын ережесін бұзуға мәжбүр болып, олар Қазақстан командасын алға шығарды – 89:85. Матч тағдырын да айып соққылары шешті. Сары-көк жейделілер мүлт кеткен жоқ. Әрі, жеңісті есепті уыстарынан шығармады – 93:91. «Астана» екінші маусым қатарынан «Зенитті» өз алаңында тізе бүктіріп отыр.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Энтони Клеммонс (26 + 10 пас), Кенни Хортон (19 + 6 рет доп қақшып алды), Джей Джей О’Брайен (13 + 5 рет доп қақшып алды).
  • «Зенит»: Джейлен Рейнольдс (21 + 5 рет доп қақшып алды), Брэндон Дженнингс (16), Галь Мекель (15 + 7 пас).

Үздік ойыншы — Энтони Клеммонс. Ойын үйлестіруші қысылтаяң сәтте, яғни үшінші кезеңде командасын алға сүйреп, 5 минуттың ішінде 13 ұпай салды. Клеммонстың еншісінде – пас беру арқылы сирек орындалатын дабл-дабл (26 + 10).  

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Мен әрбір ойыншыма шын жүректен шексіз алғыс білдіремін. Біз 19 ұпай айырмасымен ұтылып жатсақ та, олар жеңіске жетуге болатынына сеніп, жігерлік танытты. Жанашыр жанкүйерлерімізге естен кетпес жеңіс сыйлады. Бәріңізді де құттықтаймын!


«Зениттің» бас бапкері Василий Карасев:
— Ұтылып қалғанымызға өзіміз кінәліміз. Үшінші кезеңде, 20 ұпайдай есеп айырмасымен алға шықтық та, жеңіске жеттік деп есептеп, босаңсып кеттік. Бірнеше рет тым өрескел қателіктер жіберіп, мүлт кеттік, қайсыбір сәттерде доптан айырылып қалғанымызды түсіну мүлде мүмкін емес. Мұның бәрі «Астананың» бізді қуып жетуіне мүмкіндік берді. Матч соңында жинақтала алмай қойдық. Ереже бұзып, ескертуді үйіп алдық. Ал алаңға шығаратын ойыншыларымыз онсыз да аз болатын. Түсінікті, әрине, бес ойыншымен ойнап шығу – өте қиын. Бәрін де үйлестіруге тырыстық, бірақ бәрі де бекер болып шықты.    


«Астана» келесі ойындарын да өз алаңында өткізіп, 23 және 24 қазан күндері ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында Қостанайдың «Тобыл» баскетбол клубын қабылдайды.

Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін түзде өткізіп, 29 қазан күні елорда баскетболшылары Польшаға аттанды. Онда «Астана» лиганың жаңа командасы «Зелена Гура» баскетбол клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»