«Астана» «Локоны» қабылдайды

09.12.2017, 10:00    Оқылғаны: 499
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбіде, яғни 10 желтоқсан күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өз алаңында өткізіп, «Локомотив-Кубань» (Краснодар, Ресей) клубын қабылдайды.

Аталмыш Лигадағы Красноярскінің «Енисей» клубымен өткізген соңғы ойынын кейін, астаналықтар үшін ойындар күнтізбесінде біраз үзіліс болды. Қазақстандық ойыншылары еліміздің ұлттық құрамасы сапында 2019 жылғы Әлем чемпионатының екі іріктеу матчына қатысып, Ирак және Катар құрамаларынан басым түсті. Бұдан соң команда Литвада толық құрамда жиналып, бір апталық ОЖЖ өткізді.
 
Өткен кездесулер хроникасы:
Краснодар баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2011 жылдан бері өнер көрсетеді. Осы уақыт ішінде «Локо» ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанып (2012/2013), 2014/2015 жылдар маусымында қола жүлдеге ие болды. «Астанамен» өткізген екеуара кездесулеріне тоқталар болсақ, екі команда алты рет кездесті. Оның бесеуінде «Астана» ұтылып қалып, 2014/2015 жылдар маусымындағы бір ойында Қазақстан клубы жеңіске жетті. Нақтырақ айтқанда, өз алаңында «Локомотив» клубынан 81:70 есебімен басым түскен болатын.    

Қазіргі жағдай:
Соңғы екі маусымда команданы көпшілікке танымал серб маманы Саша Обрадович жаттықтырып жүр. Команда көшбасшыларының бірі, америкалық шабуылшы Марди Коллинз де өз жұмысын жалғастырып, биылғы маусымда статистикалық көрсеткіштерін едәуір артыра түсті. Клуб сапына жаңадан алынған, қорғаушы Джо Рэгланд та команданың негізгі ойыншыларының біріне айналып, әр ойында орта есеппен 12 ұпайдан еншілеп келеді. Биылғы маусымда команда сапына «әскери» Дмитрий Кулагин мен орталық шепте ойнайтын Фрэнк Элегар қосылған. Соңғысын Эстонияның «Калева» және Красноярскінің «Енисей» клубтарында ойнаған кезінен жақсы білеміз.  
    

Турнир кестесі:
Краснодар командасы ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде үшінші орынды иемденіп тұр. Еншісінде – 6 жеңіс, 1 жеңіліс. Ал «Астана» баскетболшылары екі жеңіспен 9-орынға орналасқан. Бұл матч – «Локо» үшін де, «Астана» үшін де сегізінші ойын.    

Бас бапкердің пікірі:
- Біз Еуропаның азулы командаларының бірімен кездесеміз. Әрі дәл қазір – спорттық бабына келген ұжым. «Локомотив» – ВТБ Бірыңғай лигасында ғана емес, тіпті Еурокубоктарда да көбінесе жеңіске жетіп жүрген команда. Клубтың құрамы тәжірибелі ойыншылармен жасақталған, әр шепте тәп-тәуір орындаушылары бар. Әрине, бізге шабуылда ғана емес, қорғаныста да аянбау керек. Бір-бірімізге көмектесіп, шабуылда әрқайсымыз үшін жағдай жасауға тиіспіз. Краснодар командасында бойлары өте биік ойыншылар көп, олардың күш-қуаттары да мол, міне, бізге осыларға төтеп беру қажет. Бізге, әрине, олардың көшбасшыларын және қауіпті шабуыл ұйымдастыратын ойыншыларын жеке-жеке тұсаулап ұстау маңызды.    

Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»