«Астана» Петерборда жеңіліске ұшырады

22.12.2016, 03:48    Оқылғаны: 1011
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Петербордың «Зениті» өз алаңында өткен биылғы жылдың соңғы матчында «Астанадан» басым түсті – 99:72 (19:17, 18:18, 36:17, 26:20). 

Артем Вихров қанша тырысса да (петерборлықтардың алғашқы 10 минуттағы 19 ұпайының 15-ін өз командасының қоржынына салса да), ойынның бірінші бөлігінде «Астана» «Зениттің» дүлей шабуылдарына төтеп берді. “Шаң” қаптыру ойынның үшінші ширек бөлігінде жүзеге асты, алаң иелері қорғаныста ширақ қимылдап, шабуылға тез көшіп, сан соқтыра бастады. Матчтың осы бөлігінің бел ортасында сол әлгі Вихров қиын-қыстау сәтте допты оймақторға дөп түсірді, әрі оған қарсы ойын ережесі де бұзылды (49:42). Міне, осыдан бастап алаң иелері түлеп сала берді. Ал Павел Сергеев пен Аарон Уайттың үш ұпайлық аймақтан лақтырған доптарынан кейін зениттіктер мүлде қара үзді. Содан кейін екі таңбалы ұпай айырмасын уыстарынан шығарған да жоқ. Сөйтіп, бұған дейін өз алаңында екі рет ұтылып қалған «Зенит» сәтсіздіктерінің тамырына балта шауып, қайтадан көшбасшылардың өкшесіне түсті.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Зенит»: Артем Вихров (22), Аарон Уайт (19 + 9 рет доп қақшып алды), Кайл Лэндри (18).

«Астана»: Родерик Одом (18 + 8 д.қ.а), Роберт Лоури (16 + 6 пас), Усман Крубалли (8 + 7 д.қ.а).

«Зенит» БК бас бапкері Василий Карасев:
- Қазір «Астананың» командасы жақсы, әрі ойынның басым бөлігінде олар бізбен тең дәрежеде тайталасты. Бұл жеңіс, әрі доп айырмашылығы біршама, біз үшін УНИКС және «Локомотив» клубтарынан кейінгі жеңілістерімізден соң – өте маңызды. Бүгін біз өзіміз паш еткіміз келетін ойын өрнегін көрсеттік: қорғаныста дес бермей, шабуылды тез ұйымдастырып отырдық. Ойынның бірінші жартысында осындай жоғары жылдамдықта лақтырған доптарымыздың нысанаға дөп түсіре алмадық, ал екіншісінде еңбегіміз еш кеткен жоқ, нәтиже шықты.

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
- Біз намысты қолдан бермеуге тырыстық, әрі 25 минут бойы тайталасып бақтық, өкінішке қарай, одан әрі «Зениттің» қыспаққа алған қарқыны мен ойын ырғағына төтеп бере алмай қалдық. Бүгін біздің қарсыласымыздың мерей үстем болды, әрі лайықты түрде жеңіске жетті. Бірақ бізде тартынған жоқпыз – жігіттер аянбай доп додасы көрігін қыздырды.

«Астана» келесі ойынын енді Жаңа жыл мерекесінен кейін, 8 қаңтар күні өз алаңында өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «Нижний Новогород» клубын қабыдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»