ВТБ Бірыңғай лигасы 2021/2022
Енисей
Красноярск
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
17.04.2022, 16:00 Жс
Арена: «Арена Север» (Красноярск)
76:65
Негізгі уақыт
14:14 18:14 16:22 28:15
Ойын нөмірі: RS-128
Көрермен: 0
Астана
Астана

«Астана» ВТБ лигасы маусымын түзде «Енисеймен» тәмамдайды

16.04.2022, 10:00    Просмотров: 237
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымындағы соңғы ойынын Красноярск өлкесінде өткізіп, аталмыш лига чемпионатында жергілікті «Енисей» командасымен додаға түседі. Матч жексенбі күні, 17 сәуірде Красноярскідегі «Арена-Север» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де.

«Енисей»
 – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск қаласынан, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Ресей суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей суперлигасындағы «Б» дивизионыны күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2011


Енисей баскетбол клубы 2021/2022


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» ВТБ лигасының биылғы додасын түзде «Енисейге» есе жіберіп аяқтады

18.04.2022, 10:00    Просмотров: 171
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Енисей» (5-12) осы ойынның алдында 8-ші орында тұрған, бірақ бүгін жеңіске жетсе, онда 7-ші орындағы «Нижний Новгородты» қуып жетуі мүмкін еді. Ал «Астана» (2-15) үшін Красноярскідегі матч ВТБ лигасының биылғы маусымындағы соңғы ойын болды.

Кездесудің бірінші жартысы аса нәтижелі болмады. Матч басында «Астана» ширақ қимылдап, Вадим Щербак алаң иелерінің добын қақшып әкетті, ал Максим Марчук айып соққыларын мүлтіксіз орындады. Бастапқы 10-минуттықтың ортасына қарай Роберт Пан көсіле сілтеп, орталық шептегі ойыншымыз қатарынан 6 ұпай еншіледі. Сөйтіп, Қазақстан командасы «+4» ұпаймен алда тұрды. «Енисей» бірінші кезең бойы қонақтарының өкшесін басып отырды. Тек соңғы шабуылда ғана красноярлықтар таразы басын теңестіре алды – Сергей Балашов шабуылда қайтқан допты қағып алып, шығыршыққа дәл түсірді.

Ал екінші 10-минуттық «Енисейдің» үстемдік құруымен өтті. Тимофей Якушин мен Владислав Трушкин кезеңні ортасына дейін 10-0 есебімен серпіліс жасады. Осы сәтке дейін «Астананың» шабуылда бағы жанбай қойды: команда алыстан бірде-бір доп сала алмай, шығыршық түбіндегі «трапецияда» да ұпай еншілеу оңай болған жоқ. Қысылтаяң сәтте Марчук пен Мырзағалиев салған доптар көңілге медеу болып, үлкен үзіліске шыққанда «Астана»  4 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Аса төмен нәтижелік екі ұжымның да доптан жиі айырылып қалуларына байланысты болды: матчтың бірінші жартысында «Енисей» доптан 12 рет, ал «Астана» 14 мәрте айырылып қалды.

Дин Медан

Ұлкен үзілістен кейін командалар жылдамдықтарын едәуір үдетті. «Астана» Щербак, Пан және Айтқали салған доптардан кейін алға шықты, үшінші 10-минуттықта басым түсіп, 22 ұпай еншіледі. Ал «Енисейдің» шабуылдағы ұжымдық ойын өрнегі үйлеспей, красноярлықтар 3 кезеңнен кейін өз алаңында қонақтарынан ұтылып жатты – 48:50.

Алаң иелері өздеріне ұтылуға болмайтындығын естеріне түсіріп, соңғы кезеңді 5-0 есебімен бастады. Әрі қонақтарын лезде тайм-аут алуға мәжбүрледі. Тимофей Герасимов пен Александр Гудумак «Енисейдің» басымдығын «+7» ұпайға жеткізді. Бірақ «Астана» да намысты қолдан бермеуге тырысып, Вадим Щербак пен Марк Тихоненко 2 нәтижелі жылдам шабуыл ұйымдастырды. Енді Дражен Анзулович бір минуттық іркіліс сұрауға мәжбүр болды.

Кезеңнің бел ортасында «Астана» есепті теңестіре алды, бірақ алға шығудың сәті түспеді. Трушкин, Якушин және Викторов 9-0 есебімен серпіліс ұйымдастырып, матч соңында «Енисей» «+9» ұпаймен алға озды. Ал Қазақстан командасы дәл осы сәтте доп сала алмай, пұшайман болды: соңғы 5 минутта «Астана» небәрі 4 ұпай еншіледі. Ойын нүктесін Тимофей Якушин қойып, матчтың аяқталуына бір жарым минут қалғанда қонақтарының қорғанысын бұзып өтіп, доп салды, әрі бонустық айып соққысын орындау құқығына ие болды.

Роберт Пан

Көп ұпай жинағандар: Вадим Щербак (16) және Роберт Пан (12).

«Астананың» бас бапкері м.а. – Медан Дин:
— «Енисейді» жеңісімен құттықтаймын, әрі плей-офф сатысында бақтары жануына тілектеспін. Бүгін олар жанкештілік танытты. Менің ойыншыларым да бүгін қайсарлық танытты, әсіресе матчтың бірінші жартысында. Бірақ біздің жеңіске жететіндей мүмкіндігіміз болған жоқ. Өйткені, біз бүгін 20 рет доптан айырылып қалып, өз шығыршығымыздың түбінде «Енисейдің» 15 рет доп қағып алуына мүмкіндік беріп қойдық. Алда – жұмыс көп, өзіміздің Қазақстан чемпионатының шешуші матчтары мен плей-офф.
 


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1981 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Арена Север»
Қала: Красноярск Сайт: www.basket-enisey.ru

Сипаттамасы

«Енисей» - ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск өлкесінен, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей Суперлигасының «Б» күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей Кубогының қола жүлдегері – 2011

Команданың жалпы суреті

Енисей