ВТБ Бірыңғай лигасы 2021/2022
Астана
Нұр-Сұлтан
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
16.10.2021, 14:00 Сн
Арена: Велотрек «Сары-Арқа» (Нұр-Сұлтан)
84:70
Негізгі уақыт
27:18 16:17 26:13 15:22
Ойын нөмірі: RS-14
Көрермен: 315
Зелена Гура
Зелена Гура

«Астана» жанкүйерлерін қуантып, өз алаңындағы бірінші ойында жеңіске жетті

16.10.2021, 17:00    Просмотров: 10
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

587 күннен кейін «Астана» баскетбол клубы өз алаңындағы ойынын жанкүйерлерімен өткізіп, көптен күткен осы қуанышын «Зелена Гура» командасын тізе бүктіріп, жеңіспен атап өтті. Осы ретте, Польша командасының Қазақстан астанасына жетуі қиямет-қайым болып, Берлин мен Мәскеуде аялдап, жиырма сағатқа жуық уақытта ұшып келгенін. айта кеткен жөн. Бірақ олар бейсенбі күні ұшып келген, яғни дем алып та, жерсініп те үлгеретін уақыттары болды. Әрі поляктар Нұр-Сұлтанға өздерінің үздік ойыншыларының бәрін әкелді, бірақ біздің жігіттер бұл ойынға тыңғылықты дайындалып, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

“Астана” ортада лақтырылған допты іліп әкетіп, алғашқы секундтарда-ақ суырылып алға шықты. Біздің команданың бастапқы серпілісінің негізгі қамшыгері Энтони Хики болды. Ол үш минутқа да жетпейтін уақытта 8 ұпай еншіледі. Әрі осы серпіліске өзінің үш ұпайлық добымен Максим Марчук те үлес қосты. Қонақтар алғашқы үш минутта небәрі үш ұпай ғана олжалап, нәтижелі ойын үлгісін көрсете алмады. Астана ұжымы қорғаныста сауатты ойын үлгісін көрсетіп, шабуылда да аянған жоқ. Бірінші кезеңнің ортасында Антонио Кэмпбелл доға сыртынан мәргендік танытып, Джейлен Барфорд осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Ал “Астана” басымдығы екі таңбалы санға жетті. Бұдан кейін “Зелена Гура” нысананы дәл көздеуін бастап, есеп айырмасын 6 ұпайға дейін қысқартты. Бірақ дер кезінде Джейлен Барфорд екпін алып, Скайлар Спенсер де көсіле сілтеді. Сөйтіп, Қазақстан ұжымы қайтадан он ұпай шамасында құйрық үзе бастады. Поляктар кезең соңына дейін таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ Барфорд пен Мырзағалиев салған доптардан кейін біздің гандикап кезең соңына дейін сақталып қалды – 21:18. Сары-көкшіл жейделілердің нәтижелі шабуылдары екінші кезеңде едәуір бәсеңсіп қалды. Бірақ қонақтар да шабуылда көсіле сілтей алмады. Бес минут ойын уақытында екі команда алты ұпайдан ғана еншіледі. Біздің сапымыздан Хики мен Спенсер доп салып, Тихоненко мен Гаврилов осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншілеріне жазды. Кезең соңына дейін біздің команда сапынан Джейлен құйындай ұйытқып, қоржынымызға 8 ұпай қосты. Сондай-ақ Скайлар Спенсер да доп салды. Қонақтар да есе жібере қойған жоқ, кейде тіпті дода көрігін қыздыра да түсті. Әйтсе де, матчтың бірінші жартысы аяқталғанша, “Астана” ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ. Дарко Руссоның командасы үлкен үзіліске шыққанда, алда тұрды. Бірақ алысқа ұзап кетті, деп айта алмаймыз – 43:35

Дарко Руссо

Үшінші кезеңнің басында алаң иелері қайтадан қарқындарын үдете түсіп, біздің легионерлер бір минут ойын уақыты ішінде 7 ұпай олжалады. Ұпай еншілегендер Энтони, Джайлен және Скайлар болды. Сөйтіп, біздің басымдығымыз тағы да он ұпайдан асып түсті. Алайда, үшінші кезеңнің басындағы алапат қарқын кезең ортасына дейін өрнекті ойын үлгісімен жалғасын таппады. “Астана” қорғаныста өзіне сенімді болып, шабуылда доптарының бәрін шығыршыққа дөп түсіре алмай, сергелдеңге түсті. Бірақ, бұл минуттарда да есеп айырмасы екі таңбалы сан шамасында сақталып тұрды. Ал үшінші кезеңнің ортасында біздің шабуылымыз бұзып-жара бастады. Джейлен Барфорд өз еншісіндегі ұпайлар санын ұлғайта түсті, Энтони Хики де одан қалысқан жоқ. Осы ретте айта кеткеніміз жөн, біздің екі шабуылымыз қатарынан пәрменді данк орындаумен аяқталды. Әуелі Барфорд қонақтардың қорғанысын бұзып өтіп, допты шығыршықтың үстінен тоғытты. Ал келесі шабуылда Скайлар Спенсер қос қолдап, пәрменді данкпен қонақтардың шығыршығын сындыра жаздады. Бір минуттан кейін Николай Бажин айып соққыларын мүлтіксіз орындап, осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Біздің команданың осы серпілісін Хики де қолдап, іле-шала Бажин ойын барсындағы ұпайларына да қол жеткізді. Дәл осы кезде, “Астана” есеп айырмасын осы матчта бірінші рет 20 ұпайға жеткізді. Қонақтар біздің қорғанысымызды бұза алмай қойды, әйтсе де, он ұпай еншіледі. Ал есеп айырмасы жиырма ұпайға жеткенде, бірден үш ұпайлық соққыларын дөп түсірді. Үшінші кезеңнің соңында біздің команда басымдық танытты. Хики мен Бажин доп салып, соңғы онминуттық алдында “Астана” жиырма ұпайдан артық есеп айырмасымен қара үзіп кетті – 69:48. Бұл арқаны кеңге саларлықтай басымдық еді, бірақ біздің жігіттер тізгін тартатындай сыңай білдірмеді. Әрі есеп айырмасы 25 ұпайдан асып кетті. Көмескі тартқан дода көрігі бірте-бірте сөне бастады. Біздің команда сапынан Хики, Бажин және Спенсер доп салды. Төртінші кезеңнің ортасында Мырзағалиев үш ұпайдық соққысын дөп түсіріп, ойын тағдырын түпкілікті шешті, десек те болады. Өйткені матчтың аяқталуына бес минуттан да аз уақыт қалғанда, есеп айырмасы 26 ұпайға жетті. Матч соңында “Астана” айылын жиып, тізгінін тартты. Нәтиже көңілге қонымды болып, алаңға қосалқы құрамдағы жігіттер жиі шыға бастады. Осылай, соңғы минуттар да қонақтар біздің командаға қарағанда, нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Ал біздің сапымыздан тек Тихоненко мен Хики ғана доп салды. Сөйтіп, “Зелена Гура” матч соңында есеп айырмасын он ұпайдан артық шамаға қысқартты. Бірақ бұл да “Астананың” ірі жеңіске қол жеткізуіне кедергі болмады – 84:70.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Барфорд пен Хики – өткен екі ойында сенім үдесінен шығып, Санкт-Петербургте де, Нижний Новгородта да қарсыластарымыздың жүйкелерін жұқартқан дуэт. Нұр-Сұлтандағы бірінші ойында да олардың көшбасшылар рөлін өз қолдарына алғаны таңданарлық жәйт емес. Джейлен мен Энтони екеуі бірлесе отырып, команда қоржынына 48 ұпай салды – әрқайсысы 24 ұпайдан. Барфорд оған қоса 7 рет доп қағып алып, 4 пас берді және 2 рет допты тартып алды. Ал Хики – 3 рет доп қағып алды, 6 пас және 3 рет допты тартып алды. Скайлар Спенсер қонақтардың шығыршығын сындыруға шақ қалды, әрі бүгін 11 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды, 2 пас және 1 блокшот. Николай Бажин 8 ұпай жинап, 6 рет доп қағып алды.
  • «Зелена Гура» – бүгін қонақтар сапында нақты көшбасшы болған жоқ, бірақ Польша командасының үш ойыншысы он ұпайдан артық жинады: Неманья Ненадич – 14 ұпай, Дево Джозеф — 12 ұпай және Энди Мазурщак – 11 ұпай.


«Астананың» бас бапкері Дарко Руссо:
— Жеңіске жеткенімізге риза болуым керек, әрине. Бірақ шынымды айтсам, мен 100 пайыз қанағат тұттым деп айта алмаймын. Өйткені ойын қуаныш пен өкінішке толы болды. Ойында жақсы да, жаман да сәттер болды. Біз ойынның бірінші жартысында, қорғаныста көп қателестік. Үзілістен кейін жақсы ойнадық. Шабуылда біршама баяу қимылдадық. Құдды, уақыт созып жүргендей. Шабуылда мейілінше тезірек қимылдап, жылдам шешім қабылдауымыз керек еді.

«Зелена Гураның» бас бапкері Оливер Видин:
— Біз ойынды доптан жиі айырылып қалумен бастадық. Бұл «Астананың» өздеріне деген сенімділіктерін арттыруға мүмкіндік берді, әрі олар суырылып, алға шығып кетті. Одан кейін біз қорғаныста сауатты ойнап, дода көрігін қыздыра түстік. Алайда, біздің шабуылда өз күшімізге сенімді ойын үлгісін көрсете алмадық. Бүгін біз қайсарлық таныта алмадық, әрі ұзақ уақыт бойы шабуылда өрнекті ойын үлгісін көрсете алмадық. Әрі біз қателескен сайын, «Астана» бізді жазалап отырды, әсіресе периметрде. Біз шабуылда, қайтқан допты қағып алудан, басымдық тантыттық, бірақ доптан жиі айырылып қалуымыз біздің күш-жігеріміздің бәрін құртты. Бізге ойын сапамызды жақсарту үшін әлі шүмектетіп тер төгу қажет.

Салдары: “Астана” бесінші орынға көтерілді, бірақ бүгін ВТБ Бірыңғай лигасында тағы бірнеше ойын өтеді. Солардың нәтижелері Қазақстан командасының қазіргі орнына әсер етуі мүмкін.

Келесі матч: Енді біздің жігіттер түзде Ұлттық лига аясындағы қос кездесуін өткізіп, Қостанайда «Тобылмен» додаға түседі. Бұл ойындар 22 және 23 ұазан күндері өтеді. Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы додасын 7 қарашада жалғастырып, түзде Саратовтың «Автодор» командасымен кездеседі.

 


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған..

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 1946 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Польша Арена: Зелена Гура Холл
Қала: Зелена Гура Сайт: www.basketzg.pl

Сипаттамасы

«Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша Чемпионатында бақ сынайды.

Жетістіктері:
  • Польша Чемпионатының жеңімпазы − 2012/2013, 2014/2015, 2015/2016, 2016/2017, 2019/2020
  • Польша Чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014, 2020/2021
  • Польша Чемпионатының қола жүлдегері – 2011/2012
  • Польша Суперкубогының жеңімпазы – 2015, 2020, 2021
  • Польша Кубогының жеңімпазы – 2015, 2017, 2021
  • Польша Кубогының күміс жүлдегері – 2016, 2018

Команданың жалпы суреті

Зелена Гура