Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXIX Қазақстан чемпионаты
Астана
Астана
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
10.03.2021, 19:30 Ср
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
88:56
Негізгі уақыт
29:13 25:11 16:15 18:17
Ойын нөмірі: 52
Көрермен: 0
Атырау Барыстары
Атырау

«Астана» өз алаңында «Атырау Барыстарынан» тағы да басым түсті

11.03.2021, 10:00    Просмотров: 256
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» баскетбол клубы «Атырау Барыстарын» кезекті рет айқын басымдықпен ұтып, Ұлттық лиганың негізгі бөлігін жеңіліссіз аяқтауға бір қадам ғана қалды. Бүгін қонақтар өздерінің кешегі нәтижелерін ғана қайталай алды, ал біздің жігіттер одан әдеқайда асып түсті. Эмиль Райкович алаңға шетелдіктерден тағы да Оярс Силиньшті шығарып, ал Джеремайя Хиллдің орнына Майкл Томпсонды қосты.

Бүгінгі матчтағы алғашқы ұпайларды кешегі ойындағыдай Вадим Щербак еншіледі. Бұдан кейін ол үш ұпайлық соққысынан соң “энд уан” орындады. Атырау командасы өздерінің нәтижелі ұпайларын тек ойынның екі жарым минуты өткеннен кейін ғана олжалады. Содан соң біздің команданың ұпай қорын Дмитрий Гаврилов мен Максим Марчук толықтырды. Бірақ қонақтар да қамшыны басып, кезеңнің бел ортасында үш ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Эмиль Райковичке тіпті «Барыстардың» қарқындарын басу үшін тайм-аут алуға тура келді. Осыдан кейін “Астана” ойын тізгінін өз қолына алып, есеп айырмасын ұлғайта бастады. Алаң иелерінің басымдығы лезде екі таңбалы санға жетіп, ең соңында Майкл Томпсон бірінші кезеңнің есебін түйіндеді – 29:13. Екінші кезеңнің бірінші жартысында біздің команда сапынан Майдекин, Мырзағалиев, Пономарев және Бажин ұпай қорымызды молайта түсті. Бірақ “Атырау Барыстары” да қалыспай, біздің әрбір нәтижелі шабуылымызды жауапсыз қалдырған жоқ. Қонақтар тек матчтың бірінші жартысының соңғы бес минутында мүдіріп, жасыл-ақ жейделілер небәрі бір ұпай ғана еншіледі. Ал біздің команда шабуылға өте сенімді түрде шыға бастады. Рустам Мырзағалиев пен Асқар Майдекин өз еншілеріне ұпай қосты. Ал Майкл Томпсон бес минутқа да жетпейтін уақыт ішінде 10 ұпай жинады. Соның арқасында “Астана” екі кезеңнен соң 30 ұпай айырмасымен ұтып жатты – 54:24.

Майкл Томпсон

Шығыршық ауыстырған соң екі минуттан астам уақыт бойы екі команда да нысананы дәл көздей алмады. Бірінші болып өз мүмкіндігін жүзеге асырған Майкл Томпсон болды. Үлкен үзілістен кейін біздің команданың нәтижелі қарқыны бәсеңсіп қалды. Бірақ ойын тізгіні біздің ойыншылардың қолында қалды. Осы он минутта өз еншілеріне ұпай қосқандар Дмитрий Гаврилов мен Майкл Томпсон болды, сондай-ақ Рустам Мырзағалиев пен Вадим Щербак та бір мәрте мергендік танытты. Есеп айырмасы өзгерген жоқ десек те болады, “Астананың” отыз ұпайлық басымдығы сақталып, оған тіпті тағы бір ұпай қосылды. Мұндай ірі есеп айырмасы матч тағдырының 99% шешілгендігін меңзеп тұрды. Әрі соңғы он минутта “Атырау Барыстары” алаң иелерін қуып жетеді дегенге сену де қиын еді. Ақырғы онминуттық та тура үшінші кезең секілді өтті. Командалар тең дәрежеде ойнап, есеп айырмасы отыз ұпай шамасында тербеліп тұрды және көп өзгерген жоқ. Соңғы он минутта біздің команда сапынан негізінен Николай Бажин ұпай еншілеп отырды. Ал Асқар Майдекин өз есебіне бір кезеңде 10 ұпай жазды. Сөйтіп, “Астана” сенімді түрде ірі жеңіске қол жеткізді – 88:56.

Салдары: “Астана” ел чемпионатының негізгі додасында 100% бірінші орынға ие болады, енді қалған екі ойында жеңіске жетсе, өз біріншілігімізді жеңіліссіз аяқтайды. “Атырау Барыстары” екінші орынды меншіктеп тұр.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» – Майкл Томпсон осы матчтағы ең тиімді және көп ұпай жинаған ойыншы болды, 20 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды және 7 пас берді. Асқар Майдекин дабл-дабл авторы атанды – 18 ұпай, 10 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Дмитрий Гавриловтың еншісінде – 10 ұпай, 7 рет доп қағып алды және 2 блокшот. Николай Бажин 10 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды және 2 пас. Рустам Мырзағалиев 12, ал Вадим Щербак 11 ұпай еншіледі.
  • «Атырау Барсы» – Эдвард Картер III бұл ойында 13 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 2 рет допты тартып әкетті. Асқар Ахметжан 7 ұпай жинап, 6 рет доп қағып алды және 2 рет допты тартып әкетті.
 

Келесі матч: «Астана» енді Щучинскіге барып, 2021 жылғы Қазақстан кубогы додасына қатысады. «А» тобына түскен елорда командасы әуелі, 12 наурызда “Ақтөбемен”, содан кейін 13 наурызда “Тобылмен” кездеседі. Ел кубогының финалдық ойындары 15 және 16 наурыз күндері өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2005 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: AIROM ARENA
Қала: Атырау Сайт: www.bcbarsy.kz

Сипаттамасы

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Атырау қаласынан.

«Атырау Барыстары» баскетбол клубы 2003 жылы құрылды. Бұған 2001 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясының құрылуы ұйытқы болды. 2003 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясы мен Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск баскетбол федерациясының күш-жігерлерімен «Атырау Барыстары» командасы құрылды.

Жетістіктері:
  • Қазақстан Чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019, 2019/2020, 2020/2021, 2021/2022
  • Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан Кубогының иегері: 2009, 2022
  • Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан Кубогының қола жүлдегері: 2020, 2021

Команданың жалпы суреті

Атырау Барыстары