Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXIX Қазақстан чемпионаты
Астана
Астана
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
09.03.2021, 19:30 Сс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
73:56
Негізгі уақыт
20:23 26:8 15:12 12:13
Ойын нөмірі: 51
Көрермен: 0
Атырау Барыстары
Атырау

«Астана» өз алаңында «Атырау Барыстарымен» екі рет додаға түседі

08.03.2021, 18:00    Просмотров: 298
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

Қазақстан Кубогы додасы басталғанша «Астана» баскетбол клубы Ұлттық лига аясындағы, «Атырау Барыстарымен» кейінге шегерілген, өз алаңындағы екі ойынын өткізеді.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Коронавирус нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.​

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017
  • Жоғары лига жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2020


Барсы Атырау баскетбола клубы 2020/2021

«Барыстармен» биылғы маусымдағы бірінші қос кездесу 29 және 30 қараша күндері Атырауда өтті. Онда астана ұжымы алаң иелеріне ешқандай да мүмкіндік бермей, екі ойында да 50 ұпайдан артық есеп айырмасымен басым түскен. Бұдан кейін Атырау командасы 12 ойын өткізіп, олардың он бірінде жеңіске жетті. Олер екі реттен “Алматы Легионы” мен “Каспийді” тізе бүктіріп, 4 рет “Ақтөбеден” басым түсті және үш мәрте “Тобылды” ұтып, қостанайлықтардан бір ойында ұтылып қалды. “Атырау Барыстары” қазір өкшесін басқан командалардан біршама ұзап кетіп, турнир кестесінде екінші орынды меншіктеп тұр.

Команда сапындағы өзгеріс: Өткен екі ойыннан бері атыраулықтар сапына екі жаңа ойыншы қосылды, екеуі де Жоғарғы лига командаларынан ауысып келді. Қаңтарда Қарағандыдан Атырауға шабуылшы Алексей Аленушка қоныс аударды. Ал ақпанда “Ertis” командасынан еңгерзедей шабуылшы Диас Арықов ойысты. Сонымен қатар, Атырау ұжымы аракідік фарм-командасындығы ойыншыларды да хаттамаға тіркеп отырады.

Команда көшбасшылары: Америкалық ойын үйлестіруші, қорғаушы Райан Кук – команданың ең тиімді ойыншысы. Ал Қазақстан құрамасының мүшесі, орталық шептегі Владимир Иванов дәл осы көрсеткіш жағынан өзінің командалас серігінен сәл ғана қалып келеді. Америкалық қорғаушы Эдвард Картер III пен Ресей шабуылшысы Павел Сизов та – команда көшбасшылары. Сондай-ақ, ұжымның негізгі құрамына енетіндер – Ресей қорғаушысы Евгений Маринин және қазақстандықтар: шабуылшы Рустам Өтеген, қорғаушылар Олег Балашов, Әділхан Марат, Асқар Ахметжан.

Турнир кестесіндегі жағдай: “Атырау Барыстары” биылғы маусымда 20 матч өткізіп үлгерді, әрі оның 80% жеңіспен аяқтады – 16 ойынды. Бұл көрсеткіш олардың екінші орынды иемденіп тұруларына молынан жетіп тұр. “Астана” 16 ойында 16 рет жеңіске жетіп, жеке-дара көш бастап келеді. Алдағы екі матчтың нәтижелері командалардың турнир кестесіндегі жағдайларына ешқандай әсер етпейді. Бірақ “Астана” екі ойында да жеңіске жетсе, онда ел чемпионатында ешбір ұжым енді қуып жете алмастай болып, қара үзеді.

Матчтар сейсенбі және сәрсенбі күндері, яғни 9 және 10 наурызда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді, екеуі де астана уақытымен 19:30-да басталады. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» өз алаңындағы бірінші ойында «Атырау Барыстарын» тізерлетті

10.03.2021, 10:20    Просмотров: 303
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Ұлттық лигада «Астана» баскетбол клубына бәсекелес бола алатын команданың бірден-бірі, яғни «Атырау Барыстары» төл біріншілігіміздің кейінге шегерілген қос матчының біріншісінде елорда командасына лайықты деңгейде қарсылық көрсете алмады. Бұл ойында Эмиль Райкович астана ұжымы құрамына легионерлерден Оярс Силиньш пен Джеремайя Хиллді шығарды.

Матч басталып, бұл ойындағы алғашқы ұпайларды Вадим Щербак еншіледі. Іле-шала Максим Марчук үш ұпайлық соққыларының алғашқысын шығыршыққа дөп түсірді. Қонақтар да қарап қалмады. “Атырау Барыстары” алаң иелерінің өкшесіне түсіп, көп ұзап кетулеріне мүмкіндік бермеді. Майдекин, Силиньш және Марчук салған доптарға қонақтар дер кезінде жауап беріп отырды. Ол аз болғандай, атыраулықтар жетінші минутта таразы басын теңестірді де. Бірақ осыдан кейін Рустам Мырзағалиев олардың шығыршығына алыстан екі рет доп түсіріп, “Астана” қайтадан құйрық үзе бастады. Бірақ кезең соңында біздің команданың ойыны жүрмей қойды. Біздің жігіттер екі жарым минут бойы бірде-бір ұпай еншілей алмады. Ал “Барыстар” үш рет үш ұпайлық соққыларын нысанаға дөп түсіріп, бірінші кезеңде басым түсті – 20:23. Екінші ойын бөлігі де “Астана” үшін аса сәтті басталмады. Біздің ойыншылар екі минуттың ішінде бес рет командалық ескерту алды. Ал шабуылдарын нәтижелі аяқтап отырса да, “Барыстар” жеткізбей қойды. Осы ретте атап өтуге тиіспіз, қонақтар да ұпай қорларын үздіксіз молайта алмады. Сондықтан алысқа қара үзіп кеткен жоқ. Осыдан кейін алаң иелері өз мүмкіндіктерін мүлтіксіз жүзеге асыра бастады. Оярс Силиньш “энд уан” орындап, есепті теңестірді. Содан кейін астана командасы үш ұпайлық соққыларын қарша боратты. Үш минутқа да жетпейтін уақыт ішінде шығыршыққа доға сыртынан 6 рет доп түсті. Мергендіктерімен көзге түскендер: Джеремайя Хилл, Оярс Силиньш, Рустам Мырзағалиев, Антон Пономарев және екі мәрте Вадим Щербак. Осы уақыт аралығында атыраулықтар небәрі 2 ұпай ғана еншілеп, 16 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Қонақтар кезең соңына дейін қарқындарын үдетті, бірақ соңғы шабуылды Щербак түйіндеп, “энд уан” орындады да, екі кезеңнің қорытындысын шығарды – 46:31.

Максим Марчук

Матчтың екінші жартысының басы да Эмиль Райковичтің командасы үшін аса сәтті болмады. Екінші кезеңдегі қарымды серпілісінен соң “Астана” үшінші кезеңдегі алғашқы ұпайын еншілей алмай, қара терге түсті. Әрі ойын ережесін жиі бұзып, жаза басты. “Атырау Барыстары” 4 минутың ішінде есепті екі еседей қысқартты. Ақыры Асқар Майдекин шығыршық ауыстырғаннан кейінгі “Астананың” алғашқы ұпайларын команда еншісіне қосты. Бұдан кейін командалар “рөлдерімен ауысты” – қонақтарға ұпай еншілеу қиямет-қайым болып, “Астана” болса, көсіле сілтеді. Доп салғандар – Максим Марчук, Роберт Пан, Асқар Майдекин және Николай Бажин. Коляның үш ұпайлық добынан кейін “Астана” қара үзіп кетіп, есеп айырмасы 20 ұпайдан асып кетті. Бірақ бұл кезеңдегі соңғы шабуылды қонақтар нәтижелі аяқтады. Ал үш кезеңнен кейінгі таблодағы сандар мынау – 61:43. Соңғы кезең аса нәтижелі болмады. Әйтсе де, біздің команда өз басымдығыны уысынан шығарған жоқ. Бес минутта командалар нәтижелі екі шабуылмен ғана алмасты. Бұл есеп айырмасына көп өзгеріс енгізген жоқ. “Атырау Барыстары” қарқындарын үдетіп, есеп айырмасын 12 ұпайға дейін қысқартқан. Бірақ Эмиль Райкович алған тайм-ауттан кейін қонақтар бірде-бір ұпай ала алмады. Ал “Астана” сапынан әуелі Антон Пономарев доп салып, ең соңында өз есебіндегі ұпайлары санын арттырған Рустам Мырзағалиев болды. Қорытынды есеп – 73:56. “Астана” жеңіске жетті.

Салдары: “Астанаға” Ұлттық лиганың биылғы маусымында енді бір ойын ғана қалды. Әйтсе де, қазірдің өзінде ел чемпионатының негізгі бөлігінде біздің команда топ жарады деп, айта беруге болады. “Атырау Барыстары” үшін бұл жеңілістен ештеңе өзгермейді, олар енді екінші орыннан төмен түспейді.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Николай Бажин небәрі 7 ұпай еншілесе де, “Астана” сапындағы ең тиімді ойыншы болды, 9 рет доп қағып алып, блокшот қойды. Бәрінен көп ұпай жинаған Рустам Мырзағалиев болды – 14, әрі 4 рет доп қағып алып, 5 пас берді және 2 рет допты тартып әкетті. Вадим Щербак, Оярс Силиньш және Дмитрий Гаврилов 11 ұпайдан еншіледі.
  • «Атырау Барыстары» – Эдвард Картер III ең команда сапындағы да ең тиімді және нәтижелі ойыншы болды – 22 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 3 рет допты тартып әкетті. Райан Кук – 13 ұпай және 4 рет доп қағып алды.
 

Келесі матч: «Атырау барыстарымен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 10 наурыз күні Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2005 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: AIROM ARENA
Қала: Атырау Сайт: www.bcbarsy.kz

Сипаттамасы

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Атырау қаласынан.

«Атырау Барыстары» баскетбол клубы 2003 жылы құрылды. Бұған 2001 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясының құрылуы ұйытқы болды. 2003 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясы мен Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск баскетбол федерациясының күш-жігерлерімен «Атырау Барыстары» командасы құрылды.

Жетістіктері:
  • Қазақстан Чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019, 2019/2020, 2020/2021, 2021/2022
  • Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан Кубогының иегері: 2009, 2022
  • Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан Кубогының қола жүлдегері: 2020, 2021

Команданың жалпы суреті

Атырау Барыстары