Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXVIII Қазақстан чемпионаты
Астана
Астана
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
29.01.2020, 19:30 Ср
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
102:46
Негізгі уақыт
32:16 28:6 19:16 23:8
Ойын нөмірі: 58
Көрермен: 0
Каспий
Ақтау

«Астана» екеуара соңғы кездесуде «Каспийді» күйрете жеңді

30.01.2020, 10:00    Просмотров: 577
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Ұлттық лига чемпионатының негізгі бөлігіндегі Ақтаудың «Каспий» клубымен өткен соңғы матчта «Астана» Президенттік баскетбол клубы қарсыласын күйрете жеңіп, биылғы маусымдағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді.

Бүгінгі матчқа он қазақстандық ойыншымен бірге Джеремайя Хилл және Джеффри Крокетт тіркелген болатын. Соңғысы Ұлттық лигадағы алғашқы матчын өткізуі керек еді. Алайда тура кешегідей, легионерлер алаңға мүлде шыққан жоқ, тек Қазақстан ойыншылары өнер көрсетті. Ал ойынды «Астана» мына құрамда бастады – Роберт Пан, Вадим Щербак, Рустам Мырзағалиев, Дмитрий Гаврилов және Максим Марчук.

Ортаға лақтырылған допты Дмитрий Гаврилов қағып алып, елорда командасының шабуылын бастады. Оны Рустам Мырзағалиев мүлтіксіз аяқтап, бүгінгі матчта есеп ашты. Астана командасы бірден алға шықты, бірақ «Каспий» біздің жігіттерді алысқа ұзатпау үшін бар күш-жігерін салды. Төрт минуттан кейін есеп айырмасы 5 ұпай ғана болып тұрды. Алайда кезең ортасында Роберт Пан қонақтардың шығыршығын үш рет қатарынан доға сыртынан дәл көздеп, үш ұпайлық доптарымен есеп айырмасын екі таңбалы санға жеткізді. Қонақтар мұндай мергендіктерімен жауап қата алмады. Ақтау командасының бапкерлері тайм-аут сұрайтыны түсінікті еді және көп күттірмеді де. Осылай, алғашқы 10 минутты астана командасы жоғары қарқында өткізіп, 32 ұпай еншіледі. Әрі қонақтарынан екі есе асып түсті. Сары-көкшіл жейделілер екінші кезеңде де үстемдік танытты. Екінші минутта-ақ Асқар Майдекин есеп айырмасын 20 ұпайға жеткізді. Ал кезеңнің бел ортасында Дмитрий Гаврилов «Астана» басымдығын «+30» ұпайға арттырды. Әрі елорда баскетболшылары мұнымен шектеліп қоймай, екпін алған Роберт Пан бұл гандикапты қырық ұпайға апарды. Ақыры матчтың бірінші бөлігі аса ірі есеппен аяқталды – 60:22.

Андрей Литвиненко

Үлкен үзілістен кейін де алаң иелері есеп айырмасын ұлғайта берді. Көп ұзамай ол 45 ұпайдан да асып түсті. Ақтау командасы үшінші кезеңнің ортасында аз да болса, ойын өрнегін теңестіріп, есеп айырмасын біраз қысқарта түсті. Осылай, үшінші кезең қонақтар үшін бүгінгі матчта тәп-тәуір өткізген ойын бөлігі болды. Сонда да, «Астана» соңғы кезең алдында қырық ұпайдан да артық нәтижемен ұтып жатты. Яғни жеңіс біздің жігіттердің «жан қалтасында» еді. Соңғы 10 минутта елорда командасы ойын тізгінін толықтай өз қолында ұстады. Ал «Каспий» жігітерінің ойындары мүлдем үйлеспей қойды. Сондықтан, онсыз да өрескел есеп айырмасы одан сайын ұлғая түсті. Соңғы кезеңнің төртінші минуты басталғанда командалар арасын бақандай 50 ұпай бөліп тұрды. Біздің жігіттерге ендігі қалғаны, ұпай қорларын жүзден асыру ғана еді. Роберт Пан ойынның соңғы секундтарында «Астананың» ұпай қорын үш таңбалы санға жеткізіп, осы ойынның нүктесін қойды – 102:46 (32:16, 28:6, 19:16, 23:8) – елорда командасы қонақтарын күйрете жеңді.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» – Роберт Пан бүгін көсіле сілтеп, дабл-дабл орындады – 18 ұпай, 10 рет доп қағып алды және бұларға қоса 3 рет пас беріп, 3 мәрте допты тартып әкетті. Асқара Майдекиннің еншісінде – 15 ұпай және 4 рет доп қағып алды. Вадим Щербакта – 13 ұпай + 6 рет доп қағып алды. Ал Дмитрий Гаврилов дабл-дабл авторы атануға шақ қалды – 11 ұпай және 8 рет доп қағып алды. Андрей Литвиненко бүгін 11 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды.
  • «Каспий» – қонақтар сапында Ақтау командасының капитаны Аймұрат Сәткеев үздік болды – 12 ұпай және 4 рет доп қағып алды. Сондай-ақ америкалық Трэвис Грэхам да көзге түсті – 10 ұпай және 4 рет доп қағып алды.

Салдары: «Астанаға» Ұлттық лига чемпионатының негізгі бөлігін төртінші рет жеңіліссіз аяқтау үшін енді екі жеңіс қалды. Ал «Каспий» ел біріншілігін турнир кестесінің соңғы орнымен тәмамдады.

Келесі матч: алдағы жексенбіде, 2 ақпан күні елорда баскетболшылары түзде, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, Беларустің «Цмоки-Минск» командасымен кездеседі. Ал Ұлттық лигадағы келесі ойындарын 4 және 5 ақпан күндері «Синегорье» командасымен өткізеді. Бұл – ел чемпионатының негізгі бөлігіндегі соңғы матчтар.
 

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2008 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Қазақстан Арена: Халық Арена
Қала: Ақтау Сайт: www.bccaspiy.kz

Сипаттамасы

«Каспий» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Ақтау қаласынан.

«Каспий» баскетбол клубы 2008 жылы сәур айында Маңғыстау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен құрылған.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2014/2015, 2016/2017
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2012, 2013, 2017

Команданың жалпы суреті

Каспий