Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXVIII Қазақстан чемпионаты
Тобыл
Қостанай
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
17.01.2020, 18:00 Жм
Арена: ССК «Қостанай» (Қостанай)
52:90
Негізгі уақыт
13:19 16:25 12:20 11:26
Ойын нөмірі: 52
Көрермен: 0
Астана
Астана

«Астана» Қостанайдың «Тобылына» қонаққа кетті

16.01.2020, 10:00    Просмотров: 596
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы Қостанайға аттанды, онда 17 және 18 қаңтар күндері жергілікті «Тобылмен» ел чемпионатының Ұлттық лигасы аясында додаға түседі.

«Тобыл» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қостанай қаласынан.

Жетістіктері:

  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2003/2004
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2004/2005, 2005/2006, 2006/2007, 2008/2009, 2009/2010, 2010/2011
  • Жоғарғы лига жеңімпазы: 2013/2014, 2015/2016, 2016/2017
  • Жоғарғы лиганың күміс жүлдегері: 2010/2011
  • Қазақстан кубогының иегері: 2005
  • Қазақстан кубогының финалына шыққан: 2003, 2006, 2008, 2009, 2012, 2015
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2018

Тобол
 

Алдағы матчтар «Астана» мен «Тобылдың» биылғы маусымдағы үшінші және төртінші ойындары болады. Алғашқы екеуі осыдан бір айдан сәл ғана асатын уақыт бұрын Нұр-Сұлтанда өткен – өткен жылғы 9 және 10 желтоқсан күндері. Онда «Астана» екі рет айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын. Бірінші ойында «+21» ұпай айырмасымен (98:77), ал екінші матчта «+29» ұпай айырмасымен (101:72) үстем түскен. Осы ойындардан кейін Қостанай командасы төрт матч өткізіп үлгерді. Түзде «Ақтөбемен» екі рет кездесіп, өз алаңында «Атырау Барыстарымен» де екі мәрте додаға түсті. «Ақтебе» клубымен ойнағанда, аса қиналмай жеңіске жетті. Қостанайлықтар бірінші матчта жеңісті жұлып алып, екінші ойында айқын басымдық танытты. Ал өз алаңында «Тобыл» Атырау командасынан бірінші матчта ойсырай ұтылып қалып, екіншісінде ірі есеппен есе қайтарды.

Алдағы екі матч «Тобыл» үшін ел чемпионатының негізгі бөлігіндегі соңғы ойындар болады. Қостанай командасы маусым басынан бері төрт рет «Каспий» және «Ақтөбе» клубтарынан басым түсті. «Синегорье» және «Атырау Барыстары» командаларынан екі рет ұтылып қалып, екі мәрте тізе бүктірді. Сондай-ақ, «Астанадан» екі рет ұтылды.
 


Турнир кестесіндегі жағдай: «Тобыл» дәл қазір турнир кестесінің үшінші сатысында тұр – 12 жеңіс және 6 жеңіліс (30 ұпай). Теориялық тұрғыда қостанайлықтардың жоғары көтерілулеріне мүмкіндіктері бар. Бірақ ол үшін алдағы екі ойында да біздің команданы ірі есеппен ұтулары керек. Содан соң, «Астана» ел чемпионатындағы қалған ойындарының бәрінде жеңіліске ұшырайды деп, үміттенулері керек. Ал «Астана» болса, біздің жігіттер маусым басынан бері сүрінбей, яғни 14 ойын өткізіп, соның бәрінде де жеңіске жетіп, командалар рейтингінде бірінші орынды иеленіп тұр. Эмиль Райковичтің шәкірттері ел чемпионатында бірінші орынды әлден-ақ, 99.9 % иеленіп қойды. Қалған алты ойынының тым болмаса, енді біреуінде жеңіске жетсе болды, қарсыластарының теориялық т ұрғыдағы барлық мүмкіндіктерінің күлін көкке ұшырады. Бірінші орынды уысынан шығармайды.

Қарсыластың көшбасшылары: орталық шептегі Антон Быков команданың теңдессіз лидері болып отыр. Ол орта есеппен әр матчта дабл-дабл орындап жүр – 18.5 ұпай және 10.4 рет доп қағып алып. Сондай-ақ, ол Лиганың ең тиімді ойыншысы болып есептеледі. Орталық шептегі Антон Пономарев бірте-бірте өзінің спорттық бабына келе бастады және әр матч сайын дабл-дабл орындауға жақын, сондай-ақ тосқауыл қоюдан – команданың көшбасшысы. Команданың негізгі ойын үйлестірушісі Шайым Қуановтың пас беру мен доп тартып алу көрсеткіштері өз ұжымында – бәрінен жоғары. Ол ойын сайын 10 ұпайдан артық еншілеп жүр. Сол секілді, қорғаушы Константин Двирныйды, шабуылшылар Максим Воейков пен Павел Ильинді де бөле-жара атап өтуге болады. Тәжірибелі бұл ойыншылар өз командаларына көп пайда келтіріп, үнемі бапкерлерінің сеніміне ие болып жүр.

Команда құрамындағы өзгеріс: желтоқсан айының басында Нұр-Сұлтанда өткен екі матчтық кездесулермен салыстырғанда, қарсыласымыздың құрамында ешқандай өзгеріс болған жоқ
 


Матчтар жұма және сенбі күндері – 17 және 18 қаңтарда Қостанайдағы «Қостанай» спорт кешені аренасында өтеді. Матчтардың басталуы – астана уақытымен, жұма күні 18:00-де, ал сенбіде 16:00-де. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» түзде «Тобылды» ұтып, Ұлттық лигада теңдессіз шықты

18.01.2020, 10:00    Просмотров: 544
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубының қарсыласына өз жанкүйерлері мен трибуналары да көмектесе алмады – елордалықтар Қостанайдағы Ұлттық лига аясындағы өткен бірінші матчта «Тобылды» тас-талқан қылды.

Естеріңізге сала кетейік, елорда командасы қостанайлықтарға желтоқсан айында Нұр-Сұлтанда өткен екі матчта да ешқандай мүмкіндік бермей, үстем түскен. Бүгінгі ойында да «Астана» фаворит болып есептелді. Ал алаңға Қазақстан ойыншыларынан бөлек Душан Ристич пен Стефен Холт шықты. Екіншісі үшін бұл Ұлттық лиганың биылғы маусымындағы алғашқы матч еді. Бастапқы бестікке келер болсақ, Стефен де, Душан да оған ілікті. Бұл екеуінен бөлек Александр Жигулин, Вадим Щербак және Максим Марчук үшеуіне сенім артылды.

Бірінші шабуылда-ақ Вадим Щербак доға сыртынан шығыршықты дәл көздеп, есеп ашты. «Астана» ойынды жоғары қарқында бастап, екі минуттан соң бес ұпай айырмасымен алға озды. Бірақ алаң иелері біздің жігіттердің ойын басында-ақ қара үзіп кетулеріне жол бермей, бірінші кезеңнің бел ортасында есепті теңестірді. Кезеңнің қалған бес минутында «Астана» таразы басын өзіне қарай аударып, қорғаныста өте мұқият ойнады. Соның салдарынан, «Тобыл» 4 минуттан артық уақыт бойы бірде-бір ұпай ала алмай, пұшайман болды. Біздің команда шабуылда ширақ қимылдап, бастапқы 10 минуттық ойын уақытына соң, 6 ұпай айырмасымен алға шықты. Екінші кезеңде алаң иелері тағы да есепті теңестіруге шақ қалды. Бірақ олар «Астананы» қуып жете алмай қойды. Алғашқы бес минутта астаналықтардың 6 ұпайлық басымдығы сақталып тұрды. Ал он бес минуттық үзіліске қарай Эмиль Райковичтің шәкірттері қарқындарын үдете түсіп, есеп айырмасын ұлғайта бастады. Ойынның бірінші жартысы аяқталғанда бұл басымдық 15 ұпайға жетті – 29:44.



Екінші кезеңнің соңындағы біздің команданың екпінді қарқыны үшінші кезеңде де басылған жоқ. Команда қоржынына Щербак, Ристич және Холт салған ұпайлардан кейін «Астананың» басымдығы 20 ұпайдан да асып жығылды. Дегенмен, «Тобыл» біздің команданың екпінін басып, кезең ортасына қарай есеп айырмасын қысқарта түсті. Бұл кезеңнің екінші бөлігі екі ұжым үшін де мейілінше нәтижелі болды. Бірақ «Астананың» басымдығы тағы да 20 ұпайдан асып кетті. Әрі соңғы кезеңге дейін арқаны кеңге саларлықтай болып, ұзай түсті. Төртінші кезеңде ойын қарқыны аса жоғары болған жоқ. Ал есеп айырмасы бес минут бойы мүлдем өзгермей қойды десек те болады. Алайда соңғы бес минутта біздің команда қамшыны басып, бірден қара үзіп кетті. Алаң иелері біздің жігіттерге ілесе алмай қалып, есеп айырмасы одан сайын ұлғая түсті. Сөйтіп, біздің команда есепті мейілінше ұлғайта түсіп, ірі жеңіске қол жеткізді. Есеп – 52:90 (13:19, 16:25, 12:20, 11:26).

Салдары: «Астана» ел чемпионатының негізгі бөлігінде топ жарып, ешбір команда қуып жете алмастай болып, ұзап кетті. Енді қалған ойындар қалай аяқталса да, бірінші орыннан айырылмайды. «Тобылдың» да ел чемпионатындағы нақты орны анықталды. Алда әлі бір ойыны болса да, қостанайлықтар турнир кестесінде үшінші орынға жайғасты.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – екі команда сапынан да ең тиімді ойыншы Душан Ристич болды, ол кезекті рет дабл-дабл авторы атанды – 16 ұпай + 11 рет доп қағып алды. Стефен Холт бірінші ойынын жоғары қарқында өткізіп, 10 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды, 4 пас берді және 4 рет допты тартып әкетті. Рустам Мырзағалиев бүгін 9 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды, 8 пас беріп, 3 рет допты тартып әкетті.
  • «Тобыл» — Антон Быков дабл-дабл орындауға шақ қалды – 16 ұпай + 9 рет доп қағып алды. Ал Антон Пономарев 12 ұпай еншілеп, 9 рет доп қағып алды.


Келесі матч: ертең, яғни 18 қаңтар күні «Астана» мен «Тобыл» арасында, биылғы ел чемпионатының Ұлттық лигасы аясында, соңғы ойын өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2003 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Қазақстан Арена: ССК «Қостанай»
Қала: Қостанай Сайт: www.bctobol.kz

Сипаттамасы

«Тобыл» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қостанай қаласынан.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2003/2004
    Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2004/2005, 2005/2006, 2006/2007, 2008/2009, 2009/2010, 2010/2011
    Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2017/2018, 2019/2020, 2020/2021
    Жоғарғы лига жеңімпазы: 2013/2014, 2015/2016, 2016/2017
    Жоғарғы лиганың күміс жүлдегері: 2010/2011
    Жоғарғы лиганың қола жүлдегері: 2014/2015
    Қазақстан кубогының иегері: 2005 ж
    Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2003, 2006, 2008, 2009, 2012, 2015, 219, 2020
    Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2018 

Команданың жалпы суреті

Тобыл