ВТБ Бірыңғай лигасы 2016/2017
Астана
Астана
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
20.11.2016, 17:00 Жс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
98:97
Овер тайм
21:17 25:20 19:19 10:19 10:10 13:12
Ойын нөмірі: RS/37
Көрермен: 450
Енисей
Красноярск

Елордаға «Енисей» келеді елпілдеп

18.11.2016, 17:00    Просмотров: 619
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбіде, яғни 20 қазан күні елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Красноярскінің «Енисей» клубын қабылдайды.
 
ВТБ лигасында «Енисей» алты ойын өткізіп үлгерді. Оның үшеуінде жеңіске жетті. Ал астаналықтар үшін осы ойын алтыншы болады.
Өткен маусымдағы екі ойында да, өкінішке қарай, астаналықтар красноярлықтардан ұтылып қалған. Команда мұны ұмыта қойған жоқ. Папатеодорудың шәкірттері есе қайтаруға бекініп отыр.

«Астана» клубының бас бапкері Илиас Папатеодору алдағы матч жөнінде өз пікірін білдірді:
– Біз 20 күндік үзілістен кейін ВТБ лигасындағы ойындарымызды одан әрі жалғастырамыз. Әрі осы маусымдағы ең күрделі ойындарымыздың бірін өткіземіз. «Енисейдің» көрсеткіштері жоғары, сөз жоқ, бұл – легионерлері ысылған, ал жергілікті ойыншылары шыңдалған азулы команда. Бұл матчта біз ойын тізгінін өз қолымызға алып, әсіресе, қорғаныста мұқият ойнауға тырысамыз. 

Шынымен де, бұл ойын ең қызықты матчтардың бірі болып, тосын сыйлар аз болмауы керек.

Матч «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Басталуы – сағат 17:00-де. Кіру тегін!
 

«Астана» «Енисейді» екінші овертаймда есеңгіретті

20.11.2016, 21:30    Просмотров: 544
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы өз алаңында Красноярскінің «Енисейін» қабылдап, екінші овертаймда жеңіске жетті – 98:97 (21:17, 25:20, 19:19, 10:19, 10:10, 13:12).

Шектен тыс шиеленісті өткен бұл ойын осы маусымдағы драмаға толы кездесулердің бірі болды. Алаң иелері матч басталған бетте алға шығып, ұзақ уақыт бойы жеңісті есепті уыстарынан шығарған жоқ. Алайда ойынның негізгі уақытының соңында сібірліктер Тони Тейлордың айып соққыларынан кейін бір ұпай айырмасымен таразы басын өздеріне қарай аударды – 74:75. Ал матчтың аяқталуына небәрі үш-ақ секунд қалған. Енді «Астанаға» қандай да бір әрекет қолданбаса болмайды. Әйтеуір тез қимылдап, үш ұпайлық соққы орындау кезінде Алексей Вздыхалкинді ойын ережесін бұзуға мәжбүрледі. Леонидас Каселакистің «Астананы» қуанышқа кенелтіп, жеңісті жұлып алатын тамаша мүмкіндігі болды-ақ. Бірақ ол шығыршыққа (оймақторға) үш айып соққысының тек біреуін ғана дәл түсірді. Овертайм!
 
Қосымша бесминуттықтың соңы. Енді «Енисейге» есепті теңестірудің сәті түсті. Соңғы секундтарда қонақтар үш ұпай айырмасымен ұтылып жатқан – 85:82. Бірақ сібірліктер әуелі өздерінің ойластырған шабуылдарын жүзеге асырып, Василий Заворуев алыстан оймақторды дәл көздеді де, одан кейін алаң иелерінің қарсы шабуылын тойтарды.
 
Екінші овертаймда қонақтар ширақ қимылдады. Олар тіпті титықтап қалған қарсыластарын тізерлетіп тынатындай көрінді. Алайда, бұл кездесудің нүктесін қою «Астананың» көшбасшы Роберт Лоуриге бұйырды. Америкалық саңлақ соңғы шабуылда доптан айырылып қала жаздаса да, жанкештілік танытып, ойын аяқталғандығын білдіретін ысқырықпен бірге үш ұпайлық соққысын діттеген жеріне дөп түсірді. Сөйтіп, командасына жеңіс әперді. Есеп – 98:97.
 

Ең көп ұпай жинағандар:

«Астана»: Роберт Лоури (27), Иан Миллер (26), Усман Крубалли (11 + 10 рет допты қақшып алды), Леонидас Каселакис (11), Антон Пономарев (11).

«Енисей»: Фрэнк Элегар (22 + 15 д.қ.а + 4 блок-шот), Тони Тейлор (20), Алексей Вздыхалкин (15), Сулейман Браймох (11 + 8 д.қ.а), Василий Заворуев (9 + 5 пас).

«Астаны» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
– Бүгін не болғанын сөзбен баяндап шығу өте қиын. Біз жеңіске жетуге лайық болдық деп ойлаймын. Негізгі уақытта жеңуіміз керек болатын. 40 минут бойы жеңісті есептен айырылып қалмауға тырыстық. Әрі істі насырға шапқызбай, яғни овертаймға жеткізбей аяқтауға болушы еді, бірақ біз өз мүмкіндігімізді мүлт жіберіп алдық. Ең маңыздысы, ойыншыларымыздың бәрі де босаңсымай, мейілінше мұқият қимылдады. Соның арқасында жеңіске жеттік. Қолдау көрсеткен көремендерге айтар алғысым шексіз!
 
«Енисей» БК бас бапкері Олег Окулов:
– «Астананы» және жанкүйерлерін бүгінгі жеңістерімен құттықтаймын. Жеңіске сіздер лайық болдыңыздар. Басқадай әлдене айтудың өзі қиын.

«Астана» келесі ойынын 27 қараша күні Пермде өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «ПАРМА» баскетбол клубымен кездеседі.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1981 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Арена Север»
Қала: Красноярск Сайт: www.basket-enisey.ru

Сипаттамасы

«Енисей» - ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск өлкесінен, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей Суперлигасының «Б» күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей Кубогының қола жүлдегері – 2011

Команданың жалпы суреті

Енисей