ВТБ Бірыңғай лигасы 2020/2021
УНИКС
Казань
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
03.10.2020, 21:00 Сн
Арена: Баскет Холл (Казань)
101:83
Негізгі уақыт
22:19 31:23 23:23 25:18
Ойын нөмірі: RS-8
Көрермен: 1384
Астана
Астана

«Астана» ВТБ лигасының жаңа маусымында түздегі бірінші ойынын Қазанда өткізеді

02.10.2020, 10:00    Просмотров: 372
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымында түздегі бірінші ойынын Қазанда өткізіп,  жергілікті УНИКС клубымен додаға түседі. Матч 3 қазан күні, астана уақытымен 21:00-де басталады.

УНИКС – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан. 1991 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек Еурокубок додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009-2011, 2013/2014, 2018/2019
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014 
  • FIBA Евролига чемпионы − 2003/2004 
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/2011
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/2014 
  • NEBL чемпионы − 2002/2003. 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/2010, 2011/2012, 2015/2016 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/2011, 2018/2019


Команда құрамы:

УНИКС-тің құрамына келер болсақ, ол былтырғысымен салыстырғанда едәуір өзгерді. Өткен маусымдағы команда көшбасшыларының бірі, америкалық Эрика Макколлумның кетуі ең басты және орны толмас өзгеріс десек те болады. Ол «Химки» клубымен келісімшартқа отырды. Сонымен-қатар командадан негізгі құрамда ойнаған Алекс Таюс, Рэймар Морган, Джордан Теодор, Хаукур Палссон және Джамил Уилсон кетіп қалды. Тағы бір легионер, яғни Элджин Кук та кеткен, бірақ ол былтырғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасы аясында бірде-бір ойын өткізбеген болатын. Ресейлік ойыншылардан команда сапынан Валерий Лиходей кетті. Ол Польшаға барып, «Анвилл» командасының намысын қорғайтын болды. Сондай-ақ Андрей Кощеев те кетіп, жас ойыншы Кирилл Аношин команда құрамына тіркелмеді.

Қазанда баскетбол ойнауды одан әрі жалғастыратын шетелдіктер америкалық Джамар Смит пен грек Костас Каймакоглу болды. Ресейлік ойыншылардан УНИКС-пен келісімшарттарын ұзартқан ойыншылар – Павел Сергеев, Евгений Колесников, Дмитрий Узинский және Артем Клименко.

Биылғы маусымда қазандықтардың құрамын бес бірдей америкалық ойыншы толықтырды. Джон Холланд – шабуылдаушы қорғаушы, өзінің кәсіби мансабын Еуропада бастаған. Францияның «Роан» және «Гравлин-Дюнкерк», Испанияның «Кахасоль» және Түркияның «Бешикташ» командаларында ойнаған. Бұдан кейін Джон өз бағын NBA-да сынап көрді. Алайда «Бостон Селтикс» және «Кливленд Кавльерс» клубтары сапында аз ғана ойнап, негізінен NBA жетілу лигасындағы «Кантон Чарджес» және «Остин Сперс» ұжымдары сапында өнер көрсетті. 2019 жылы ол Пуэрто-Риканың «Сантерос де Агуада» және Филиппиннің «Сан Мигель Бирмен» командалары құрамдарында ойнап үлгерді. Ал былтырғы маусымды толықтай Израильдің «Хапоэль Иерусалим» командасы сапында өткізді. Ойын үйлестіруші, қорғаушы Нейт Уолтерс карьерасын NBA-да бастап, «Милуоки Бакс» сапында ойнаған, одан кейін «Нью-Орлеан Пеликанс» құрамына ауысқан. Содан соң NBA жетілу лигасы мен «Гранд-Рапидс Драйв» сапында ойнап, екі маусым Еуропада доп қуған – Түркияның «Бешикташ» және Сербияның «Црвена Звезда» командалары сапында. Нейт бұдан кейін өз бағын қайтадан NBA-да, нақтырақ айтқанда, «Юта Джазз» сапында сынап көрген. Бірақ негізгі құрамға іліге алмай, «Солт-Лейк Сити Старз» сапына ауысқан. Одан соң Францияның «Элан Шалон» командасына ойысқан. Соңғы екі маусымды, әуелі «Жальгирис», сосын «Маккаби Тель-Авив» командалары сапында өткізген. Ойын үйлестіруші Айзея Кэнэннің NBA-да өте көп ойнаған. Ол «Хьюстон Рокетс», «Филадельфия Севенти-Сиксерс», «Чикаго Булз», «Финикс Санз», «Миннесота Тимбервулвз» және «Милуоки Бакс» секілді командалар сапында ойнап үлгерген. Сондай-ақ NBA жетілу лигасындағы «Рио-Гранде Вэллей Вайперс», «Солтүстік Аризона Санз» және «Стоктон Кингз» командаларының да намысын қорғаған. Айзея Қытайға да барып, 2019 жылы «Шаньдун Голден Старз» командасы сапында өнер көрсеткен. Еңгерзедей шабуылшы Джордан Морган карьерасын Италиядағы «Виртус Рома» сапында бастаған, одан кейін Францияға ойысып, онда «Хермин де Нант Баскет» және «Пари-Левалуа» командаларында ойнаған. 2016 жылы АҚШ-қа оралып, «Кантон Чардж» құрамына іліккен, бірақ Еуропаға қайтуы тез болып, Грекияның «Кымис» және Словенияның «Петрол Олимпия» командалары сапында ойқастаған. Соңғы екі маусымды Түркияның «Банвит» және «Пинар Каршияка» командалары сапында өткізген. Шабуылшы Джон Браун УНИКС-ке келгенше, 4 маусым Италиядағы «Виртус Рома», «Универсо Тревисо Баскет» және «Нью Баскет Бриндизи» командалары сапында өнер көрсеткен.

Командадағы ресейлік жаңа ойыншыларға тоқталар болсақ, олар – үшеу. Еңгерзедей шабуылшы Павел Антиповті жаңадан келген деп айта алмаймыз. Өйткені ол әр түрлі 4 маусымды Қазан командасында өткізген. Сондай-ақ ол «Спартак», «Зенит» және «Локомотив-Кубань» командалары сапында ойнаған, ал соңғы екі маусымды «Нижний Новгородта» өткізді. Еңгерзедей шабуылшы Александр Разумов «Зенитте» ойнаған, бірақ карьерасының басым бөлігін Ресей Суперлигасындағы «Рязань» «Спартак-Приморье» және «Новосибирск» командалары сапында өткізген. Жас шабуылдаушы қорғаушы Георгий Жбанов бұған дейінгі 4 маусымда «Нижний Новгород» сапында тәжірибе жинақтаған.

Команда көшбасшылары: 

УНИКС үшін бұл ойын ВТБ лигасы маусымындағы алғашқы матч болады. Бірақ олар бұған дейін, маусым аралығында, 4 ойын өткізіп, «Автодор» және ПАРМА командаларымен екі реттен кездесті. Ал 30 қыркүйек күні ЕуроКубок додасындағы бірінші ойынын өткізіп, Италияның «Умана Рейер Венеция» командасына есе жіберіп алды. Олар осы ойында ұтылып қалса да, УНИКС-тің дәл қазіргі көшбасшыларын атап өтуге болады. Италия командасымен өткен матчта УНИКС сапында Джамар Смит ең тиімді және нәтижелі ойыншы болды. Джон Браун, Айзая Кэнэн және Джон Холланд та көзге түсіп, нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Ресейлік ойыншылардың ішінен Дмитрий Узинский үздік шықты. Міне, осы ойыншыларға біздің команда ерекше назар аударуы керек.

Бас бапкер:

Қазандықтардың бапкерлері құрамы былтырғы маусымен салыстырғанда, титтей де өзгерген жоқ және грекиялық жаттықтырушылардан құралады. Димитрис Прифтис Қазан командасын төртінші маусым қатарынынан басқарады. Ал оған тағы да екі грек маманы, атап айтқанда, Томас Нику мен Валилес Симтсак көмектеседі. Бас бапкер Прифтистің жаттықтырушылық қызметтегі тәжірибесі жиырма жылдан асып жығылады. Негізінен өз отаны Грекияда шыңдалған. Еңбек жолын әйелдер арасындағы «Калитея» командасын жаттықтырумен бастаған. Одан кейін 10 жыл бойы ерлер арасындағы «Дафнис», «Ионикос», «АЕК» және «Арис» командаларының бас бапкерлеріне көмекші болған. Бұдан соң «Кавала», «Калитея» және «Колосос» командаларының бапкерлері құрамын басқарған. 2014 жылы аз ғана уақыт «Панатиакос» командасының бас бапкеріне көмекші болады да, содан кейін «Арис» командасының тізгінін ұстайды. Осы команданы баптап жүріп, 2016 жылы Грекия чемпионатында «Жыл жаттықтырушысы» атанады. Сонымен қатар, Димитрис Прифтис ұзақ уақыт бойы Грекия ұлттық құрамасының бас бапкеріне көмекші болады. УНИКС клубының бапкерлері құрамын басқарып жүріп, 2019 жылы ол ВТБ Бірыңғай лигасының Жұлдыздары матчында «Әлем Жұлдыздарының» жаттықтырушысы болып сайланады.

Димитрис Прифтис

Турнир кестесіндегі жағдай:

УНИКС үшін бұл ойын ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымындағы бірінші ойын болады, яғни дәл қазір қазандықтардың турнир кестесінде ешқандай ұпайы жоқ. «Астана» бір жеңілісімен көш соңында тұр, бірақ осы ойында жеңіске жетсе, біздің команда біршама жоғары көтеріле алады.

Кездесулер тарихы:

ВТБ Бірыңғай лигасының барлық маусымдарын есепке алсақ, «Астана» мен УНИКС баскетбол алаңында 15 рет додаға түсті. Өкінішке қарай, астана командасы Қазанның қарымды клубын оның екеуінде ғана ұтты.

Қызықты деректер:

  • УНИКС «Астана» клубының ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы қарсыласы болған. Әрі ол ойын да Қазанда өтіп, алаң иелері жеңіске жеткен болатын.
  • Қазанда Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше бар. 2018 жылы «Астанамен» өз алаңында өткен матчта, осы көшеде тұратын кез келген адамға ойынға тегін кіруге болған.


Матч сенбі күні, яғни 3 қазанда Қазан қаласындағы «Баскет-Холл» аренасында өтеді өтеді. Басталуы – астана уақытымен 21:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» Қазан сапарында УНИКСтен ұтылды

04.10.2020, 10:00    Просмотров: 661
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы түзде өткен матчында Қазанның УНИКСін қуып жетпек болып қанша тырысса да, сәті түспеді – кездесу алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.

ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымындағы бірінші матчына Қазанның УНИКСі үздік ойыншыларының бәрін тіркеді. Биылғы маусымға тіркеген 14 ойыншысының ішінен грек Костас Каймоглу мен ресейлік Артем Клименко бұл ойынға қосылған жоқ. Ал «Астана» ЦСКАмен додаға түскендегі құрамын шығарды деуге болады. Тек Максим Марчуктің орнына жарақатынан айыққан Адонис Томас шықты.

Ортадан ойынға қосылған допты «Астана» іліп әкеткенімен, біздің конманда бірінші шабуылында есеп аша алмады. Сондай-ақ, сары-көкшіл жейделілер кездесудің бастапқы үш минуты бойы бірде-бір ұпай ала алмай, қара терге түсті. Тек үшінші минуттың соңында Майкл Томпсон алаң иелері шығыршығың құлыпын ашты. Бірақ УНИКС те осы уақыт аралығында нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмай, небәрі бес ұпай ғана елшіледі. Ойынның бірінші ширек бөлігінде «Астана» негізінен алаң иелерінің ойын өрнектеріне икемделумен болды. Ал қазандықтар болса, ойын тізгінін уыстарынан шығармай, өздеріне сенімді болды. Бірақ алысқа ұзап кете алмады. Әйтсе де, Эмиль Райкович тайм-аут алуға мәжбүр болды, себебі оның шәкірттері ойынның бірінші ширек бөлігінің аяқталуына үш минут қалғанда, 10 ұпайдай ұтылып жатты. Әрі дәл осы тактикалық үзілістің пайдасы да біршама болды. Біздің ойыншылар алға қарай ентелеп, есеп айырмасын едәуір қысқартты. Тіпті бірінші онминутықты тең аяқтайтындай мүмкіндікке де ие болды. Алайда соңғы минуттардағы үш ұпайлық соққылары қиыс кетіп, бірінші 10 минут УНИКС-тің басым түсуімен аяқталды (+3). Айтпақшы, «Астана» ойыншыларының матч басында толғаныстарын тарата алмай, жүйкелері сыр беріп, 5 минутта бес командалық ескерту алғанын айта кетуге тиіспіз. Ойынны екінші ширек бөлігінде астана командасы сабасына түсіп, жігіттеріміздің өздеріне деген сенімдіктері арта түсті. Алайда УНИКС те тізгін тартпай, өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, көсіле шапты. «Астана» олардың есеп айырмасын ұлғайта түсулеріне жол бермегенімен, қуып жете алмай қойды. Бес минут бойы есеп айырмасы 5-8 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Алайда бұдан кейін алаң иелері ойын өрнектерін жетілдіре түсіп, есепті ұлғайта бастады. Осылайша, Димитрис Прифтистің шәкірттері ойынның бірінші жартысын 10 ұпайдан да асатын басымдықпен тәмамдады – 53:42. Айта кетуге тиіспіз, матчтың бірінші жартысында қазандықтардың үш ұпайлық соққылары шығыршыққа дөп түсіп отырды, әрі солардың арқасында осындай басымдыққа қол жеткізді. Ал басқа көрсеткіштері жағынан олар біздің командадан асып түсе алмады.



Үлкен үзілістен кейін «Астана» намысты қолдан бермей, әр ұпай үшін және алаңның әр сантиметрі үшін табан тіресе тайталасты. Қазақстан командасы есеп айырмасын бірте-бірте қысқартып, оны бар болғаны бес ұпайға жеткізді. УНИКСтің бапкерлері қосыны іркес-тіркес тайм-ауттар алып, біздің команданың қарқынын бәсеңдетуге тырысты. Әрі осы үзілістерден кейін қазандықтар тиімдірек ойнап, қауіп бұлтын сейілтті. Біздің ойыншылар қанша тырысса да, үшінші кезеңнің соңына қарай Қазан командасы екі таңбалы басымдыққа қайта оралып, соңғы кезең қарсаңында 11 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Төртінші кезең біздің команда үшін өте қиын болды. Негізгі құрамдағы ойыншыларымыз титықтап қалды, ол аз болғандай, екі үздік ойыншымыздың ескертулері шектеуден асып түсіп, матчты соңына дейін жалғастыра алмады. Олар – Джеремая Хилл және Мартинш Мейерс. Осындай қиындықтардың ешқайсысына қарамай, «Астана» тайталасып бақты, ойынның аяқталуына бес минуттан да аз уақыт қалғанда небәрі 7 ұпай айырмасымен ұтылып жатты, әрі жеңісті жұлып алу мумкіндігі болған да еді. Бірақ бүгін бәрі біздің команданың бағы жанбады. УНИКС матчтың соңғы минуттарын біздің командаға қарағанда нәтижелі өткізді, екі ойыншысынан айырылып, қатары селдіреп қалған қонақтарына ешқандай мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, Нұр-Сұлтанда ЦСКА-ға есе жіберген жеңілісімізге Қазандағы жеңіліс қосылды – 101:83 (22:19, 31:23, 23:23, 25:18).
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • УНИКС – қазандықтар сапында ең нәтижелі ойыншы Айзея Кэнэн – 23 ұпай, 3 рет доп қағып алды және 3 пас. Ал Джон Холланд 19 ұпай еншілеп және 7 рет доп қағып алып, ең тиімді ойыншы болды. Сондай-ақ Джамар Смит пен Джон Браун да өрнекті ойын үлгісін көрсетті.
  • «Астана» – Джеремая Хилл бұл матчта соңына дейін ойнай алмаса да, біздің команда сапындағы ең тиімді ойыншы болды, ол 14 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды және 8 пас беріп, 3 рет допты «қиып» әкетті. Ең көп ұпай жинаған Адонис Томас болды – 16 ұпай, 6 рет доп қағып алды және 4 пас берді. Сондай-ақ Майкл Томпсон да көсіле шапты – 15 ұпай және 5 пас. Мартиньш Мейерс те 14 ұпай еншілеп, сенім үдесінен шықты. Қазақстан ойыншылары ішінен өз карьерасында ВТБ лигасында ең үздік матчтарының бірін өткізген Николай Бажин болды. Ол алаңға бастапқы бестікте шығып, 34 минуттан асатын уақыт бойы команда намысын қорғады, әрі 14 ұпай еншілеп, 2 рет доп қағып алды, 2 пас берді және 1 рет допты «қиып» әкетті.


УНИКСтің бас бапкері Димитрис Прифтис:
— Бірінші кезекте, бірнеше айға созызған үзілістен кейін лига додасына қайта оралғанымызға қуанышты екенімді білдіргім келеді. Әрине, ВТБ лигасының бірінші ойынында жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Бірақ, өкінішке қарай, біздің дайындық кезеңіміз ойдағыдай емес, мүлдем өзгешерек болды. Бізге көптеген жағдайларды басымыздан өткізуге тура келді. Осының бәрін ескерсек, жеңіске жеткеніміз, өте жақсы нәтиже болды.

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Димитрис Прифтистің биылғы маусымда өте азулы команда жасақтап алғанын атап өтуге тиіспін. Жеңліп қалсақ та, ойын нәтижесіне аса қапаланып отырған жоқпын. Біз биылғы маусымға дайындық кезінде көптеген қиындықтарға тап болып, жаттығу жұмыстарына төрт апта бұрын ғана кірістік. Біз әлі спорттық бабымызға келген жоқпыз. Құдды, қазір де дайындығымызды жалғастырып жүргендейміз. Сонымен қатар, осыдан біраз уақыт бұрын келісімшартқа отырған екі ойыншымыздың қатарға қосылуын әлі күтіп жүрміз. «Химкимен» өтетін ойынға дейін біздің құрамымыз жасақталып, ойын өрнегімізді жетілдіре түсіп, бабымызға келеміз деп үміттенемін.

Салдары: УНИКС ВТБ Бірыңғай лигасын жеңіспен бастады. Ал «Астана» екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіліске ұшырап отыр. Бірақ біздің команданың әзірше лиганың «шартты түрдегі үздік төрттігіне енетін» азулы командалармен кездескендігін ұмытпауымыз керек.

Келесі матч: 19 қазан күні Эмиль Райковичтің шәкірттері тағы да ВТБ Бірыңғай лигасы аясында түзде додаға түседі. Бұл жолы Мәскеу түбінде «Химки» командасымен кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1991 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Ресей Арена: Баскет Холл
Қала: Казань Сайт: www.unics.ru

Сипаттамасы

УНИКС – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан, 1991 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007, 2016, 2021
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009−2011, 2013/2014, 2018/2019, 2021/2022
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014
  • FIBA Евролига чемпионы − 2003/2004
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/2011
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/14 
  • NEBL чемпионы − 2002/2003
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/2010, 2011/2012, 2015/2016, 2020/2021
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/11, 2018/2019, 2021/2022

Команданың жалпы суреті

УНИКС