ВТБ Бірыңғай лигасы 2017/2018
Автодор
Саратов
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
20.01.2018, 19:00 Сн
Арена: СС «Кристалл» (Саратов)
92:86
Овер тайм
19:17 21:19 20:19 14:19 7:7 11:5
Ойын нөмірі: RS-71
Көрермен: 2453
Астана
Астана

Саратов «Астананы» қабылдайды

20.01.2018, 09:00    Просмотров: 480
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгін, 20 қаңтар күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында түздегі ойынын өткізіп, Саратовтың «Автодор» клубымен кездеседі. 

Өткен кездесулер хроникасы:
Саратов қаласының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2014 жылдан бері ойнап келеді. ВТБ лигасына қосылғанша, Ресей суперлигасында өнер көрсетіп, бірнеше дүркін жүлдегер және чемпион атанған. «Астана» – «Автодор» арасындағы екеуара кездесулерге келсек, командалар 6 рет кездесіп, оның 4-еуінде Қазақстан командасы жеңіске жеткен.
 
Қазіргі жағдай:
Биылғы маусымда команда тізгінін Италия маманы Андреа Массон қолына алған, бірақ 2017 жылдың қараша айында отбасылық жағдайына байланысты Саратовтан кетіп қалды. Оның орнына көпшілікке танымал Ресей маманы Евгений Пашутин келді. Команданың көшбасшыларының бірі – америкалық орталық шеп ойыншысы Коти Кларк. Ол орта есеппен әр ойында 16 ұпай еншілеп жүр. Сондай-ақ жақында ғана команда сапына алынған шабуылшы Шакил Маккиссик те ұжымды алға сүйреп жүр.
 
Турнир кестесі:
«Автодор» баскетбол клубы дәл қазір ВТБ Бірыңғай лигасында 5 жеңіс, 5 жеңіліспен өзіне жайлы 6-орында орналасқан. Ал елорда клубы 3 жеңіс, 9 жеңіліспен 11-орынға табан тіреп тұр.
 
«Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы Михаил Карпенконың пікірі:

– «Автодор» — бұл ВТБ Бірыңғай лигасының орта деңгейлі ұжымдары қатарына күмәнсіз қосуға болатын команда, бұл үнемі плей-офф сатысына шығу мақсатына қол жеткізіп жүрген команда, бұл жыл сайын көпшілікті таңдандырып, аракідік көшбасшылардың өздерін сүріндіріп жүрген команда. Бас бапкері жиі ауысып жүрсе де, «Автодордың» ойын өрнегі өзгермейді, жанкештілікпен жылдам шабуылға иек артып, әдемі ойын үлгісін көрсетіп келеді. Ал тәжірибелі бапкер Евгений Пашутин келгелі команда темірдей қатаң тәртіпке көңіл бөле бастады. Саратов клубының құрамы да деңгейі жоғары ойыншышылармен жасақталған. Бірінші кезекте, біз бұл команданың көшбасшыларына, атап айтқанда Коти Кларк, Шакил Маккиссик, Джастин Робинсон және Артем Клеменко сынды ойыншыларына айрықша көңіл бөлуіміз керек. Біздің мақсатымыз – қарсыласымызды өз қарқынымызға сай ойнауға мәжбүр етіп, қорғаныста қайсарлық танытып, олардың шабуылын тойтару. Егер біз осы ой-мақсатымызды жүзеге асыра алсақ, онда жеңіске жетуге мүмкіндігіміз де болады.
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: Кристалл СС
Уақыт: 19.00 Астана уақыты бойынша (16:00 Мәскеу уақытымен)
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» БК сайты, «QazSport» телеарнасы.

Саратовтағы екі овертайм

21.01.2018, 09:00    Просмотров: 523
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгін Астана баскетболшылары мен Саратовтың «Автодор» клубы арасындағы матч драмаға толы болды.

Екі команда үшін де ойынның «жеңіл серуен» болмасы бесенеден белгілі еді. Оны іс жүзінде ойын да көрсетті. Кездесудің негізгі уақыты шектен тыс шиеленісті өтіп, матч овертаймға ұласты. Бірінші қосымша бесминуттық матчтың негізгі уақытынан да тартысты өтіп, әбден қобалжытты. Сөйтіп 5 минут бойғы «әткншек» те ойынды екінші овертаймға ұластырды. Екінші овертаймда алаң иелері ширақ қимылдап, Қазақстан командасынан басым түсті. Кездесу 92:86 есебімен аяқталып, «Автодор» БК жеңіске жетті.
  
Ең көп ұпай еншілегендер: Леонидас Каселакис (19 + 8 рет доп қақшып алды), Малькольм Грант (16 + 7 пас), Ларри Гордон (12 + 8 рет доп қақшып алды), Ике Удано (10 + 6 рет доп қақшып алды).

«Автодордың» бас бапкері Евгений Пашутин:
— Мұндай ойындардан кейін әдетте бәрі де валидол ішеді. Жеңіске жетсең, валидолды қуана ішесің. Алайда, ойын қалай аяқталса да, артынан түні бойы ұйықтай алмайсың. Осындай эмоцияларымен баскетболдың қызығы мен шыжығы мол, сол үшін оны адамдар жақсы көреді және ойынды көруге келеді. Бүгін адреналин алаңда да, трибунада да мөлшерінен асып түсті.

  
Бірінші кезекте команданы жеңісімен құттықтағым келеді. Жігіттердің оған еңбектері сіңді. Трибуна да қиқу салып, ойынды қыздыра түскен барлық жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Олардың энергиялары мен қолдаулары, трибуна қысымы біздің ойыншылардың жеңіске деген сенімдерін арттырып, ештеңеге қарамай, соңына дейін жанталасуларына көмектесті. Өткен ойында «Пармадан» ұтылып қалған соң, онда да матч тағдыры ең соңында шешілген болатын, біз қорытынды шығарып, сабақ алдық. Ал бүгін матч соңында өзіміздің шығыршықтан қайтқан доптың бәрін де қақшып алып, қарсыласымызға «екінші мүмкіндіктен» ұпай еншілеуге мүмкіншілік бермедік. Қосалқы құрамдағы ойыншылар өте жақсы көмектесті. Біріге білгеніміз сезіліп тұрды. Ойыншылардың өздерін жеңе біліп, кез келген командамен аянбай додаға түсулері, команданы шыңдайды. Жігіттерге сай жігерліктің арқасында жеңіске жеттік. Жігіттер үшін шынымен де қуаныштымын, мақтан тұтамын! Бәрі де, әлі алда екенін жақсы білеміз. Бірақ бүгін біз плей-оффға ілігу үшін өте маңызды қадам бастық, тікелей бәсекелесіміздің бірін жеңдік.  


Біз көбінесе қорғанысқа көңіл бөліп, жанкештілік танытып, алаңда тізе қоса қимылдап, тиімді түрде орын ауыстырып отырып, ойын өрнегін өзгерте алдық. Бірінші овертаймда 7 ұпай жіберіп алдық. Ал екіншісінде қонақтарымызға көп мүмкіндік бермедік, «Астана» 5 минутта 5 ұпай ғана еншіледі. Бүгін ойыншыларды мейілінше жиі алмастырып отырдық. Қонақтарды шабуылдарына тосқауыл қойып, бөгет жасаумен болдық, шығыршықтан қайтқан допты қақшып алып отырдық. Мұндай ойындар плей-офф текетірестеріне көп ұқсайды.       

«Астана» БК бас бапкері м.а. Михаил Карпенко:
— Матч көрермендер үшін шектен тыс қызықты, ал екі команданың жаттықтырушылары үшін мейілінше ауыр өтті. Біздің жеңіске жететін тамаша мүмкіндігіміз болды, ойынға құрған жоспарымызды жүзеге асырып отырдық. Екі рет соңғы соққыны лақтыру мүмкіндігі бізде болды – ойының негізгі уақытының соңғы секундтарында және бірінші овертаймның аяғында. Өкінішке қарай, екеуінде де мүлт кеттік. Үшінші рет алаң иелері бізге мұндай мүмкіндік берген жоқ. Әрі екінші қосымша 5-минуттықта басымдық танытты. Біздің бүгінгі негізі кінәратымыз басында Кларкті тұсаулап ұстай алмай, шабуылда оған көп мүмкіншілік беріп алғанымызда болды деп ойлаймын. Сонымен қатар, бірнеше рет алаң иелерінің жылдам шабуыл ұйымдастырып, жеңіл ұпай еншілеулеріне де мүмкіндік беріп қойдық. Жалпы, бүгін мен өз ойыншыларымның қайсарлықтың үлгісін көрсеткендерін және алаңда тер төккен еңбектерін мақтан тұтамын. Егер осы бетімізден қайтпай, әрі қарай аянбай тыраштана берсек, міндетті түрде жеңіске де жетеміз.        

  
«Астана» келесі ойындарын өз алаңында өткізіп, 25 және 26 қаңтар күндері елорда баскетболшылары Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында Ақтаудың «Каспий» клубын қабылдайды.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1960 Клубтық түстері: ақ, қара
Мемлекет: Ресей Арена: СС «Кристалл»
Қала: Саратов Сайт: avtodor.ru

Сипаттамасы

«Автодор» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан, 1960 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/1994, 1996/1997, 1997/1998, 1998/1999
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/1996
  • Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/1998
  • А суперлигасының чемпионы – 1996/1997, 1997/1998
  • Б суперлигасының чемпионы – 2008/2009
  • Суперлига чемпионы – 2013/2014
  • Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/2013

Команданың жалпы суреті

Автодор