Баскетбол академиясы. «Астана» БК жаңа жұлдыздардың бағын қалай жағады

01.12.2016, 08:05    Оқылғаны: 1609
Дереккөз: Vesti.kz
Автор:
«Астана» баскетбол клубы желтоқсаның басында еліміздегі жетекші жоғары оқу орнының – Назарбаев Университетінің базасында орналасқан өзінің балалар академиясын ашады. Маңызды жобаның жүзеге асырылар қарсаңында Vesti.kz тілшісі «Астана» ПБК бас менеджері Валерий Тихоненкомен және клубтың атқарушы директоры Жомарт Әсенхановпен тілдескен болатын.

Баскетбол академиясының ашылатындығы жайлы айтылып келе жатқаны биыл ғана емес. Бірақ осы жобаны жүзеге асыру барысындағы кешенді жұмыстарды іске асырудың сәті енді ғана түсіп отыр. Маңызды қоғамдық спорттық-ағарту орталығының Олимпиада чемпионы Валерий Тихоненконың есімімен аталуы да мүмкін. Валерий Алексейұлының өзі болашақ баскетбол жұлдыздарын тәрбиелеп шығару үшін телегей-теңіз еңбек сіңіруге кірісіпті.

– Менің мұндай маңызды жобаға көп уақыт бөлгім келеді, – дейді бұрынғы әйгілі спортшы. – Өзімді үлгі ете отырып, Олимпиада чемпионын үлгі ете отырып, кішкентай қазақстандықтарға баскетбол дегеннің не екенін көрсеткім келеді. Не үшін мен мәртебесі биік осы ойынды жақсы көремін. Балаларға салауатты өмір салты деген түсінікті сіңіру – өте маңызды. Шамамен желтоқсанның басында балалар қабылдауды аяқтап, жаттығу жұмыстарын бастаймыз деп ойлаймын. Мен үшін не маңызды? Буын сабақтастығы пайда болады: академиядағы балалар біздің ересектер арасындағы командамызға ілігуге тырысып, ауысып отыратын болады. Олардың көздері от шашып тұрғанын көргім келеді. Біз осындай жас буын тәрбиелеу орталығын құруды бес жыл бойы ойластырып келеміз. Міне, ақыры бұл ойымыз да жүзеге асты.     

Мемлекет басшысының айрықша көңіл бөлуінің арқасында өзіміздің сүйікті ісімізбен айналысуға толықтай мүмкіндігіміз бар. Нұрсұлтан Әбішұлының қолдау көрсетуімен бүкіл Қазақстан бойынша әлемдік деңгейдегі спорттық нысандарды ашуға болады. Енді біздің елордада кәсіпқой баскетболды ғана емес, балалар баскетболын да дамыта алатындығымызға қуаныштымын. «Самұрық-Қазынаға» бізді қолдап, өте маңызды қоғамдық бастаманы қаржыландырғандары үшін алғыс білдіргім келеді.
     
Тағы да бір маңызды тұсы бар. Болашақта ешкімді де қайта оқыту керек емес. Біз еуропалық маман Деян Пережанинді арнайы шақырттық. Ол балалармен қалай жұмыс жасауды ғана білмейді. Ол кәсіпқой спортта да көп сатыдан өткен. Ол біздің балаларымызға қазір біз ересек баскетболшыларымызға қайтадан үйретуге тырысып жүрген бастамаларды сіңіре алады. Мысалы, бізге ВТБ Бірыңғай лигасында ойнауға ойыншылар келеді, ал олармен шүмектетіп тер төккізіп, жұмыс жасау керек, жасау керек. Олардың шеберлік дейгейлері ұлтық чемпионатымызда ойнауға жеткенімен, ВТБ лигасы мен кубоктың матчтарда жетіңкіремейді. Сондықтан менталитетті, техниканы, орындауды, тіпті баскетбол түсініктерін өзгертуге тура келеді. Ал академия бізге осы мәселелерді шешуге көмектеседі.
      
Академия ашуда аса маңызды мәселенің бірі материалдық-техникалық база болып табылады. Бұл – спорттық зал. Керек десеңіз, біздің өзімізде мұндай зал жоқ. «Сарыарқа» велотрегінің залын жалға аламыз. Сондықтан қазақстандық өскелең ұрпақ арасындағы салауатты өмір салтының қамын жеп отырған Назарбаев Университетіне алғыс білдіргіміз келеді. Олар біздің жағдайымызды түсініп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Біздің академиямыз үшін бұл жақсы жерге орналасқан деп ойлаймын. Қараңыздаршы, қала қазір күн санап өсіп келеді, ал Назарбаев Университеті барлық өзгерістердің бел ортасында тұр. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орны тұрған жолдың арғы бетінде келесі жылы EXPO халықаралық көрмесі өтеді. Жаңа жоба өз сапымызға жас ойыншыларды тарта алмай жүрген олқылығымыздың орнын жабады деп ойлаймын. Бұл жоба жалпы баскетболды дамытуға да өз үлесін қосуы керек.      


 
– Сіз балаларды қабылдау аяқталып қалды дедіңіз. Топтың жас шамасы 8−14 жас аралығындағы балалар ма?   

– Иә, бір аптадан кейін жаттығу жұмыстарын бастаймыз. Мүмкін, маусым барысында да балалар келетін шығар – біздің есігіміз ашық. Біз гимнастикадағыдай тым ерте жасты алдық. Және аса кеш емес – 14 жас. Жаттығу жұмыстары кезінде тым елеулі алшақтық және көп айырмашылық болмас үшін біз балаларды бірнеше топқа бөлеміз: 8−9 жас, 10−11 жас және 12−13−14 жас, – деді Тихоненко. – Бір жағынан олар біздің академияның шәкірттері, ал екінші жағынан – «Астана» баскетбол клубының ертеңгі жанкүйерлері. Біз үшін бұл байланыстырып тұратын буын, әрі ол да нәтиже береді.

– Басқа қалалардан да телефон шалып жатқандар өте көп, – деп қостады Әсенханов. – Біреулер көшіп келуді жоспарлап жүрсе, кейбіреулер іссапармен жұмыс жасап жүр… Жалпы, біз барлығының жағдайын ескеріп, қарастыра аламыз. Бапкермен талқылаймыз. Мұның бәрін ойластыруға болады. Жоба қызу түрде жүзеге асуда, ал бұл біздің көңілімізді көтеріп, орасан зор рахатқа бөлей түсті. Астанадағы балалар баскетболын осы балалар академиясының көмегімен аяғына тік қою – өте маңызды сәт. Одан әрі, жүйе қалыптасып, дұрыс жолға қойылған соң, фарм-команда құрылатын болады. Бірақ бұл келешекте, болашақта жемісін беретін – жұмыс.
 
Балаларды сегіз жастан бастап қабылдап жатырмыз. Бас бапкер міндетін 45 жастағы серб жаттықтырушысы Деян Пережанин атқарады. Амбициязы зор маманды бізге Еуропаға кеңінен танымал, Сербия құрамасымен және Кәртамыс Ғаламдағы азулы клубтармен жұмыс жасаған Душко Вуйошевич ұсынып, мінездемесін берді. Ол Пережанинмен Белградтың әйгілі «Партизан» клубында бірге жұмыс жасаған.

Пережанин жаттықтырушылық қызметін осыдан 10 жылдай уақыт бұрын Боснияда бастаған. «Босния» баскетбол клубы жүйесінде жұмыс жасап, селекциялық қызметін басқарған. Оның шәкірттері өз жастары шамасындағы бірнеше турнирлерді жеңіп алған. 2010/2011 жылдар маусымында Пережанин жаттықтырған «Босния» ұлттық додаларындағы ең жас команда болған. Әйтсе де, бұл да олардың өз елдері кубогының жартылай финалына шығып, премьер-лигасында топ жаруына бөгет бола алмаған. 2013/2015 жылдар маусымында Белградтың «Мега Визура» клубының жастар құрамын жаттықтырған: 18 жасқа дейінгі командасы Еуролигада өз құрдастары арасында ойнаған. Оның соңғы жұмыс орны Сербияның азулы «Войводина» командасының фарм-клубы KLS ұжымы болды. Онда Пережанин бас бапкер қызметін атқарды.

– Біз 8−14 жас аралығындағы балалар туралы айтып отырмыз. Бұл – кіші және орта мектеп буыны. Ал жаттығу кезінде балаларға қандай жүктеме жүктеледі?
 
– Ересек топ, яғни 14−16 жас аралығындағы балалар аптасына бес рет жаттығу жұмыстарын өткізеді. Бейсенбі мен жексенбіден басқа, күн сайын жаттығады. Екі күн демалыс. Жаттығу бір сағатқа ғана созылады. Балаларды шамадан тыс көп жаттықтыруға да болмайды. Орта топ – 10−12 жас аралығындағылар. Олар аптасына төрт рет жаттығады. Ал ең кішкентайлар тобы аптасына үш рет жаттығу өткізеді. Ең басты мақсат – балаларды еліктіру. Шамадан тыс жүктеме бермеу. Ойнату арқылы баскетболды үйрету. Олардың спортпен шығылданғысы келетіндей етіп, әрі оларға осы ұнайтындай етіп, қызықтыра түсу керек, – дейді Әсенханов.

– Қызығушылық керек, тағы да қызығушылық керек. Өзім айтқандай, баскетбол біздің елдегі бірінші спорт түрі емес, – деп қосты өз ойын Тихоненко. – Президенттік клубтың қолдауымен, біздің елде осы спорт түрін дамыту үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Егер «Астана» Президенттік клубы болмаса, онда бізде бұл мүмкіндік те болмас еді. Бірақ біз қолда барды сақтап қалып, айналамыздағыларды тартып, бүгінге дейін жүзеге асырылғандардың бәрін еселей түсуіміз керек. Балаларға ата-анасының қысым көрсетпегені де – өте маңызды. Иә, балаға көмектесу керек, бірақ оның өзінің де ынтасы болғаны керек.          

– Бүгіге дейін қанша бала өз бағын сынап көруге ниет білдірді?

– Бір жаттығу жұмысын өткізу шеңберінде, өйткені бізде бар болғаны бір-ақ зал, ал онда 20 шақты бала жаттыға алады. Бұл бір топта болатын баланың ең көп саны, біз осыған талпынудамыз, – деп атап өтті атқарушы директор. – Бізде алты топ болады деп, тұспалдап отырмыз. Бұл – біздің мақсатымыз. Біз қазір балаларды қабылдап және логистиканы жетілдіріп жатырмыз. Ата-аналармен дұрыс қарым-қатынаста болу керек екендігін түсіну керек, себебі балаларға да, олардың ата-аналарына да ыңғайлы болуы керек қой. Егер тағы да балалар келіп жатса, біз олардан бас тартпаймыз. Тағы да қосымша залдар іздейтін боламыз.

Біздің академияда бас бапкер Сербиядан келген. Бірақ басқа мамандарды ұмытпауымыз керек. Біз балалармен жұмыс жасағысы келетін жігіттер тобын іріктеп алдық. Ал олардың мақсаттары – шетелдік мамандардан үлгі алу, тәжірибелерін өздеріне сіңіру, содан соң өздері де балаларды жетілдіре түсу, бапкер және тәрбиелеуші болып жұмыс жасау. Бас бапкеріміз бәрі үшін ашық болады. Әрбір ата-ана онымен кездесіп, сөйлесе алады. Бізде жабық жаттығу жұмыстары деген болмайды. Бәрі де ашық режімде өткізіледі. «Ашық есік» күндері де ұйымдастырылады, онда ата-аналар өздерінің сұрақтарын қоя алады. Бас бапкердің өзі ата-аналардың көмегіне үміт артатынын айтып отыр. Әрбір баланың ата-анасы тәрбие процесіне ат салысып отырғанын қалайды.   

– Ал қаржылай мәселелері қалай?

– Академияда барлығы тегін оқытылады. Ата-аналардан біз ақша алмаймыз. Болашаққа сәуегейлік айтпай-ақ қояйық. Қажетті заттарды Америка Құрама Штаттарынан сатып алдық. Бұл арнайы көмекші құрал-саймандар: сатылар, секіртпе жібі, фишкалар, бағана-тағандар. Біз мүмкіндігіміздің жеткенінше, балаларға арналған жаттығу жұмыстарын түрлі-түрлі етіп өткізуге тырысамыз. Академия жыл бойы жұмыс істейтін болады. Тек жазда ғана, мысалы, тамыз айында балаларға демалыс береміз (каникул). Сондай-ақ жазда арнайы «кэмптер» ұйымдастыруды ойластырып жүрміз. Мұнда барлық қаланың, жақындағы қалалардың немесе басқа аймақтардың балалары жиналып, азын-аулақ уақыт ішінде бірге жаттығып, араласып, ақпараттармен алмасады. Ауыз екі тілмен айтқанда – спортық лагер, – деп қорытындылады Әсенханов.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамына кіретін «Астана» Президентік баскетбол клубы маусым басында командасы мен бапкерлер құрамын жаңғыртқан. Биылғы маусымда Қазақстан клубы ВТБ бірыңғай лигасында әзірше жеті ойын өткізіп, соның төртеуінде жеңіске жетті.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»