Илиас Папатеодору: «Нағыз командамыз ба, уақыт көрсетеді»

23.11.2016, 16:30    Оқылғаны: 1003
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Астана баскетболшыларының бас бапкері Илиас Папатеодору сырт көзге өте-өте қатал және тым қызба жаттықтырушы болып көрінеді. Бірақ бұл сырт көзге ғана! Бұл жерде гректердің нақышына келтіріп, мәнерлеп сөйлеуге тырысатындарын да ұмытпайық. Бұл олардың қанында бар. Бірақ сұхбаттасып отырып, өмірге деген көзқарасы мен әрбір сөздерінен оны басқа қырынан тани бастайсыз. Адамгершілігі мен түсінігі мол, өз жұмысына жан-тәнімен берілген жан.

Баскетбол туралы, «Астана» командасындағы тәртіп жайлы, бақыт түсінігі мен жұмыс философиясы турасындағы эксклюзивті сұхбатында «Астана» президенттік баскетбол клубының бас бапкері Илиас Папатеодору бізбен біраз сыр шертті.


 
Әуелі өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Менің ғажап үш балам және бір әйелім бар (күліп). Үлкен қызым 21-де, студент, ұлым 8-де, ол баскетбол ойнайды. Ең кіші қызым 3-те, ол енді ғана балетпен айналыса бастады. Олар Грекияда тұрады. Бірақ жақын арада маған қонаққа келеді. Бәріміз бірге Жаңа жыл мен Рождествоны осында қарсы алмақпыз.
 
Баскетболға қалай келгеніңізді айтып берсеңіз? Әрі неге баскетбол, Грекияда футболдың да мәртебесі жоғары емес пе?
– Негізі, менің ең алғаш барған спортым футбол болатын. Мен футболмен 8 жасымнан бастап айналыса бастадым. Әрі маған спорттың осы түрі қатты ұнайтын. Бірде достарым мені өздерімен баскетбол ойнауға шақырды. Бұл ойын маған бірден ұнап қалды. Әрі сондағы жаттықтырушылардың бірі маған байыппен қарап, баскетболмен айналысқаным дұрыс екендігін айтты. Дәл сол кезде Грекияда баскетболдан Еуропа чемпионаты өтіп жатқан. Бұл 1987 жыл болатын. Грекия құрамасы өз тарихында бірінші рет Еуропа чемпионы атанған. Финалда Кеңес Одағы құрамасымен кездескен болатын. Сол кезде мұны бәрі де ғаламат жеңіс деп, баскетболдың мәртебесі асқақтап тұрған. Осы тарихи жеңістен кейін менің жасымдағы балалар баскетбол үйірмесіне жазыла бастаған болатын.      
 
Сіз бапкерлік қызметті тым ерте бастадыңыз. Неге?
– Маған балалармен жұмыс жасаған өте ұнайтын. Маған баскетбол ұнайтын. 19 жасқа толған соң балалар академиясында жаттықтырушы болып жұмыс істей бастадым. Онда екі-үш жыл жұмыс жасап, ерлер арасындағы бірінші команданы алдым. Ол команда Грекиянің бірінші дивизионында соңғы орында болатын. Мен ерінбей еңбек еттім, іздендім, жетіле түстім, Грекияның жастар арасындағы құрамасын баптап, біз Еуропа чемпионатын жеңіп алдық. Енді, міне, мен «Астана» командасындамын. Маған мұнда бәрі де ұнайды.     
 
Әйелдер командасымен жұмыс жасап көрген жоқсыз ба?
– Жоқ, жұмыс жасаған да жоқпын, жасағым да келмейді (күліп).
 
Грекияда екі әйгілі клуб бар, екеуі бәсекелес, олар – Олимпиакос пен Панатинаикос. Қайсысына бүйрегіңіз бұрады?
– Білесіз бе, Грекияда бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Қайсысы дейсіз бе? Мен Грекия құрамасының фанатымын (күліп).
 
Енді қазіргі тұрып жатқан жеріңіз туралы айтсаңыз. Астана қаласы қалай?
– Астана жас, дизайны әдемі, замануи – қала. Күн сайын әр түрлі нәрселер көруге болады. Қаланың бір шеті еуропалық стилде салынса, екінші бөлігінде – азиялық үлгі басымдау. Қаланы толық аралап шығуға уақытым болған жоқ. Өйткені біздің жұмысымыз қауырт, бос уақыт жоқ. Бірақ отбасым келгенде, алдағы мейрамдарда Астананың ең жақсы жерлерінің бәрін көріп шығудың сәті түседі деп ойлаймын. Атап өткім келетіні, Астанада тұруға болады, мұндағы адамдар – қонақжай, жылы шырайлы. Бір ғана әттеген-айы бар, ол – шыңылтыр аязы (күліп).
 
«Астана» клубы жайлы не айтасыз?
– Команда биыл мүлде жаңарды деп ойлаймын. Клуб менеджементімен және басшылығымен бірлесе отырып, жаңа ұжым қалыптастырғымыз келеді. Мен Афиныда клубтың бас менеджері Валерий Тихоненкомен және Аманбек Күлшіков мырзамен кездескенде, маған бәсекеге қабілетті жаңа команда жасақтап шығару тапсырылды. Бірақ бюджеті бұрынғымен салыстырғанда, әлдеқайда азайған. Алайда, біз үшін ең бастысы бұл емес. Біз команда сапын нығайтатын ойыншылар іздегенде, Қазақстан ойыншыларымен бірге жаңа команда сапында ойнауға ықыласы зор баскетболшыларды іздестірдік. Мен дәл қазіргі нәтижелеріміз жаман емес деп есептеймін. Біз дұрыс келе жатырмыз. Әрине, бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі лигада ойнау – өте қиын. Мен үшін ВТБ лигасы – Еуропадағы деңгейі жоғары лигалардың бірі. Әрі Ұлттық лигада бір команда ойнаса, ВТБ лигасында басқа құрамымыз додаға түседі. Үнемі осылай. Бірақ мен ризамын, қазақстандық ойыншылар аянбай тер төгіп, өздерінің ойындарын жетілдіре түсуге тырысып жүр. Бапкерлер құрамы олармен біріге отырып, олардың психологиялық көзқарастары мен түсініктерін өзгертуге тырысамыз. Ал бұл оңай емес. Күн өткен сайын олар жақсы ойнап келеді. Олардың деңгейлерін өсіріп, өзгерулеріне тамаша мүмкіндіктері бар. Бізге клуб басшылығы мен жанкүйерлерден қолдау керек. Мен «Астана» баскетбол клубының фанаттары әлдеқайда көп болуы керек деп ойлаймын. Себебі біздің деңгейміз – біршама жоғары.


 
Онда неге ВТБ лигасы матчтарында қазақстандық ойыншылар алаңа шықпайды?
– Бұған дейін айтып өткенімдей, ВТБ лигасының деңгейі – өте жоғары. Кейбір ойыншылардың, мәселен, Антон және Рустам Ерғалидың онда ойнауға тәжірибесі және мүмкіндігі бар. Басқаларына әлі де тер төгу керек, оларға әлі уақыт керек. Қашан олардың ВТБ лигасында ойнауға және командаға көмектесуге әзір екендеріне көзім жетеді, сонда, әрине, мен оларды алаңға көп шығаратын боламын.
 
Сіз ойын кезінде үнемі өте қызба адам болып көрінесіз, ал өмірде қандайсыз?
– Өмірде, жаттығудан тыс, залдан шыққан соң, мен мүлде басқамын. Мен ойын кезінде, жаттығу жұмыстарында өте қызба, шектен тыс талапшыл адамын. Қатты күйіп-пісемін. Өйткені мен өз жұмысымды сүйемін. Жеңіске деген құштарлығым шексіз, тіпті ойын кезінде есінен танған адам сияқты болып көрінермін де. Бірақ бұл олай емес, әрине (күліп).
 
Илиас Папатеодору қатал бапкер ме?
– Жоқ. Мен тек командада не болып жатқанын толықтай бақылап отырғым келеді. Егер бәрі де өз міндеттерін мүлтіксіз орындаса, онда менің басым ауырмайды. Ал егер жігіттердің бірі, ал бізде командада 15 түрлі мінез-құлық бар, өз беттерімен әрекет ете бастаса, онда мен үшін де, олар үшін де қиын-қыстау кезең басталады (күліп).
 
Сізге қандай бес қасиет тән?
– Сыйластық, Махаббат, Құштарлық, Мінез, Ынта.
 
Сіз үшін бақыт деген не?
– Балаларымның жанымда болып, менің командамның жеңіске жеткені.
 
Сіздің баскетболдағы философияңыз?
– Баскетбол бұл 100% командалық спорт түрі, сол себепті бәрі де команда шеңберінде болуы керек. Бәрі де түгелін командада тең бөлісуі керек, әрқайсысының жетіле түсуге ынтасы зор болуы қажет. Бұлардың бәрінсіз, бірде-бір команда жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайды. Менің ойымша, біздің негізгі бас ауыртып жүргеніміз, шетелдік және жергілікті ойыншылардың бір тұтас еместігін өзгертуге талпынып жүргендігіміз. Біз шетелдік және жергілікті ойыншылардың арасында, сондай-ақ бапкерлер құрамымен де өте жақсы өзара қарым-қатынас орнатуға тырысып жүрміз. Күн сайын біз осы сипаттаманы жетілдіре түсуге тырбынып келеміз.
 
«Астана» командасында тәртіп жағы қалай?
– Жалпы, бәрі де жақсы. Бірақ кішкене ғана өзгешелік бар, оған уақыт керек. Қазір бәрі де жақсы, бәрі де риза және бақытты. Өйткені Қазақстан чемпионатында әлі жеңілген жоқпыз, ВТБ лигасында үш рет жеңіске жеттік. Хош делік. Енді менің біз бірнеше рет сүрініп, сәтсіздікке ұшырағанда, команда мен адамдардың бұған қалай қарайтындығын, қалай қабылдайтындықтарын көргім келеді. Міне, сонда біз нақты білетін боламыз: біз нағыз командамыз ба, әлде өзімізді команда ретінде көрсетіп қана жүрміз бе?! Өйткені төрт құбылаң түгел болса, бәрі де оп-оңай, ал қиындықтар туындай бастаса, қашанда біреуге кінә арта салу да жеңіл. Өз қателігіңді мойындамай, бәріне кінә артуға болады: аязға да, бапкерге де, басшыларға да. Осындай сәт туындағанда, мен осы реакцияның қалай боларын көргім келеді.
 
Илиас, біз сізге және командаға әдемі жеңістер тілейміз. Жарақат деген мүлде аз болсын. Қызықты сұхбатыңызға рахмет.
– Рахмет Сізге.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»