Уосман Крубалли: «Мен мұсылманмын, Хазрет-Сұлтан мешітінде болдым»

19.10.2016, 10:00    Оқылғаны: 817
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бір қарағанда, Уосман Крубалли өте қатал және күлмейтін адам сияқты. Алаңда ол – үнемі байсалды, бар ойы тек ойында. Бірақ онымен сөйлескенде, сыртқы пішіні ішкі дүниесіне сәйкес келмейтіндігін түсінесің.

Уосман – өте ұялшақ жігіт, тәрбиесі жақсы, сондай қарапайым. Өзіне не керегін жақсы біледі. 28 жасына дейін қол жеткізген табыстары да аз емес: кәсіпқой спортшы ретінде біраз белестерді бағындырды, АҚШ-тағы ең үздік университеттердің бірін бітірді,  өзінің жеке жобасын жүзеге асырды, отау құрды және жуырда сәби сүйеді! Енді бір айтарлықтай маңызды жәйт, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – мұсылман. Сондықтан оған Қазақстан менталитеті мен рухы өте жақын. Жарайды, енді бәрін де басынан бастайық.

Уосман сәлем! Әуелі өзің және отбасың жайлы айтып өтсеңіз.
– Мен 1988 жылы 13 наурызда Америкада тудым (Атланта, Джорджия штаты). Менің ата-анам – Батыс Африкадағы Гамбия республикасының тумалары. Отыз жыл бұрын олар АҚШ-қа қоныс аударған. Екі жас үлкен ағам бар. Екеуміз тату-тәттіміз. Қалыңдығым бар, кездесіп жүргенімізге 5 жыл болды. Жуырда кішкентайымыз дүниеге келуі керек. 

Ал баскетболға қалай келдіңіз? 
– Жеті жасқа толғанымда, ата-анам мені жеке мұсылман мектебіне берді. Онда баскетбол командасы болатын, мен осылай ойнай бастадым. Мектепте ойнадым, жазғы лагерлерде өнер көрсеттім, одан кейін Georgia State University жоғары оқу орнына ақылы негізде түсіп, яғни шәкіртақы алмай, білім ала бастадым. Осы оқу орнында да баскетбол ойнап көзге түстім. Ерінбей тер төгіп, табандылық танытудың арқасында Университеттің баскетбол командасына алындым. Енді міне, осындамын.

– Университетте қай факультетте оқыдыңыз? 
– Мен «Бизнес және маркетинг» мамандығы бойынша білім алдым. Тіпті қазір де, баскетбол командасының ойыншысы ретіндегі негізгі жұмысыма қарамай, маркетолог болуды ұмытпаймын. Жетіле түсуге тырысамын. Өзімнің «OUSJUICE» деген брэндім бар, онда өзімнің кәсіпқой баскетболшы дәрежесіндегі мансабымды жетілдіре түсумен айналысамын. Университетте баскетбол ойнап жүрген кезімде командадағы достарым мені «Ousjuice» деп атап кеткен. Былайша айтқанда, лақап атым, брэнд атауы осылай пайда болды. 

– Өзіңіздің брэндіңіз туралы айтып бере аласыз ба? 
– Брэнд Ousjuice – бұл Уосман Крубаллимен бірге баскетбол ойыны арқылы, алаңда да және одан да тыс, өмірге қандай да бір саяхат жасау. Мен баскетбол ойыны арқылы басқа адамдардың өміріне жағымды түрде ықпал еткім келеді.

– Сіздің мұсылман дінін ұстанатыныңыз рас па?
– Иә, біздің отбасымызда осылай қалыптасқан, менің әкем мұсылман, мен де – мұсылманмын. Мен мұсылман діні туралы өте көп және ұзақ оқыдым. Мектепте де дәріс алдым, өзім де іздендім. Бұл діннің барлық құндылықтарын жақсы білемін және бағалаймын. Намаз оқимын, бұл мен үшін – өте маңызды.

Біздің мешітімізде болдыңыз ба? 
– Иә, Хазрет-Сұлтан мешітінде болдым, маған өте қатты ұнады. Сондай әдемі.

– Сізге Астана командасы, қаласы қалай? 
– Астана – тамаша қала, архитектурасы әдемі, сәулетті шаһар. Маған Дубайды есіме түсіреді. Мұндағы адамдар жылы шырайлы, қонақжай, мені жақсы қабылдады. Жалпы, «Астана» клубынан ұсыныс аяқ астынан түсті, мен ілтипатпен келістім. ВТБ Бірыңғай лигасы – деңгейі жоғары дода. Мен өз командамның жеңіске жетіп, өз мақсаттарына жете беруіне көмектесіп, қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

– Қаланы аралап үлгердіңіз бе? 
– Иә, Астананың көптеген көрнекті жерлерін аралап көрдім, «Хан-Шатыр», «Мега» сауда орталықтарында болдым. Өте жақсы орындар, маған ұнады. «Бәйтеректеріңізді» де көрдім, бірақ әлі басына шыққан жоқпын. 

Қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татып көрдіңіз бе? 
– Аздап дәмін татып көріп жүрмін. Маған ұнады. Ұлттық тағамдарыңызбен әлде де көбірек танысып, бәрінің де дәмін татып көремін деп үміттенемін. 

«Астана» сапында ВТБ Бірңғай лигасында үш ойын өткіздіңіз. Өз ойыныңызға көңіліңіз тола ма?
– Сөз жоқ, сіз айтып отырған ойындар жоғары деңгейде өтті. Бірақ мен ешқашан да тоқмейілсіп қалмақ емеспін. Қашан да өз ойыныңды ширата түсіп, шеберлігіңді шыңдай түсуің керек. Өзімнің жеке басымның да, жалпы команданың да деңгейін өсіре беруге тырысамын. Мен біздің сапалы ойын өрнегін көрсетіп, мейілінше жетіле түсіп, жанкүйерлерімізді қуанта беруге мүмкіндіктеріміз мол деп есептеймін.

– Баскетболдан басқа немен шұғылданасыз? 
– Мен футболды жақсы көремін, футбол ойнаймын. Содан соң маған сән, стиль ұнайды. Әр түрлі қалаларда болып, жер-ел көргенді жақсы көремін. Әйтеуір жаңа өмір, жаңа дүние қызықтырады. Кинематография да елітеді. Содан соң, мен тамақ әзірлегенді жақсы көремін (күліп).
 
– Сіздің жейдеңіздегі нөміріңіз #5, неге осы санды таңдап алдыңыз
– Нөмір #5, өйткені бұл – менің брэндімнің бір бөлігі. Оның үстіне, баскетбол алаңында бес ойыншы ойнайды, олар бір команда болып бірге ойнайды, ал мен солардың бірімін. Сондай-ақ, менің бес ерекше қасиетім бар. Олар – тырысу, атлетизм, икем, табандылық және мақсатқа жетуге талпыну. Осы бесеуі мені баскетболшы ретінде сомдайды.

– Уосман, қызықты сұхбатыңызға рахмет. Сізге сәттілік пен елеулі жеңістер тілейміз.
– Сізге де рахмет. Менің айтқым келетіні, біздің команда қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарын және дем алғанды жақсы көретін адамдарды үйдегі ойындарында күтеді.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»