Йан Миллер: «Барым да, базарым да – балаларым»

09.11.2016, 16:25    Оқылғаны: 1422
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
«Астана» баскетбол клубының америкалық қорғаушысы Йан Миллер әлден елорда көрермендерінің көзайымына айналды. Біріншіден, Миллер бірден команданың көшбасшыларының бірі бола білді. Екіншіден, келбетті, үнемі күліп жүретін жігітті көзге ілмеу мүмкін емес.

Йан біздің сайтымызға берген эксклюзивті сұхбатында баскетболға қалай келгенін, денесіндегі татуировкалардың нені білдіретіндігін және Астананың суығы оған қалай әсер ететіндігін айтып берді. Енді, бәрін де ретімен:
 
– Йан, сәлем. Әуелі өзің туралы және отбасың жайлы айтып берсеңіз.
– Мен Солтүстік Каролина штатындағы Шарлотт қаласының тумасымын. Спорттық отбасыдан шықтым. Әкем – бұрынғы кәсіпқой баскетболшы. Мен әкеме қарап өстім, маған бәрін үйреткен де – сол. Анам бейсболмен шұғылданған. Мен екі жасымда-ақ теннис добын себетке лақтырып өстім. Жазмыштың жазуы солай, кішкентай кезімнен спортшы болдым деуге болады. Тек қана ұзақ уақыт бойы қай спорттың түрін таңдарымды білмей, дал болдым.  Себебі мен америкалық футболды баскетболдан да жақсы ойнайтынмын. Әрі бәрі де мені америкалық футболдың жарық жұлдызы болады деп ойлайтын. Ал баскетболда мен ең нашар ойыншы болатынмын. Бұл менің намысыма тиді. Содан мен өз құрдастарымның ішіндегі ең үздік баскетболшылардың бірі болдым. 300 баскетболшының ішінен TOP−25 тізіміне іліктім. Өкінішке қарай, 1,5 жыл бұрын қайтыс болды. Мен өз жетістіктерімді, ойынымды, тіпті карьерамды әкеме арнаймын. Өйткені ол менің кәсіби тұрғыда шұғылдануыма көп жақсылық және жағдай жасады. Менің туған ағам бар, немере ағаларым да көп. Мен олардың ішіндегі ең кішісімін. Есімде, олар мені ылғи жәбірлейтін, ата-аналарымыз жанымызда болмай, маған болысатын, жақтап шығатын ешкім болмайтын. Осылай мен өзімді-өзім қорғап, дәлелдеп шығуды үйрендім. Сол уақыттарда мінезімнің шыныққанына ризамын. Қазір өзімнің екі ұлым бар. Біреуі – үште, екіншісі – екіде. Енді олар менің өмірімнің – мәні. Бұрын мен тек өзім туралы ойлайтынмын, ал қазір солар туралы, отбасым туралы ойлаймын. Өйткені мен оларды бар жағынан қамтамасыз етіп, жан-жақты жағдай жасап, жұмысты көп істеуім керек. Ал менің жұмысым – жақсы ойнау.


 
Қазіргі командаңыз «Астана» жайлы не айтасыз?
– Біздің команданы әлеуеті зор ұжым деп есептеймін. Бізде жас ойыншылар көп, арманымыз – асқақ. Бізге әрдайым жанкештілік танытып, жанкүйерлердің көңілінен шығу керек. Өйткені, фанаттарға үнемі жеңіле беретін командаға қолдау көрсету қиын ғой. Бірақ біз өз ойынымызбен жеңіске жете алатындығымызды көрсетіп жүрміз. Біздегі баскетболшылардың бәрі – қайсар жігіттер. Мен өзімнің бапкерлерімді ерекше құрмет тұтамын және сыйлаймын. Өйткені олар менің нәтижелі ойын үлгісін көрсетуімді ғана күтпейді, маған білгендерін үйретіп, шыңдай түсуге тырысады. Бұл – өте маңызды. Ондай да болады, жаттықтырушы бірден сеннен өрнекті ойын үлгісін талап етеді, бірақ ештеңе үйретпейді. Бұл жерде бәрі де басқаша, мұнда мені әр шепте ойнауға үйретеді. Мәселен, ойын үйлестіруші міндетін атқару, мен үшін – жаңалық. Қалай десек те, біздің команда жоғары жетістіктерге қол жеткізеді.
 
Маусым енді ғана басталды. ВТБ Бірыңғай лигасының 5 ойыны артта қалды. Өз ойыныңызға ризасыз ба?
– Білмеймін, сырттан қалай көрінемін, бапкерлерім мен жанкүйерлерім риза ма, жоқ па, ал өз басым өз-өзіме сын көзбен қараймын. Менің өз ойыныма көңілім толмайды. Өйткені өзім үйреніп кеткендей, үнемі тиімді ойын өрнегін көрсете алмай жүргендеймін. Бірақ мен жаңа ойын өрнегіне, жаңа міндетке, команданың белді ойыншыларының бірі ретінде жауапкершілік жүгін арқалауға бейімделіп, бой үйретіп келемін. Бұл мүлде оңай үдеріс емес. Әзірше мен тұрақты ойын үлгісін көрсете алып жүрген жоқпын. Әрине, мен бұған алаңдаулымын. Әйтсе де, уақыт өте келе командадағы барлық ойыншылар, оның ішінде мен де бармын, алаңда өзімізді табамыз деп ойлаймын. Егер нақтырақ айтар болсақ, соңғы «Калев» клубымен өткен ойында, өкінішке қарай, біз ұтылып қалдық, мен қайсарлық таныттым, өз күшіме деген сенімділігім арта түсті. Қазір жарақатымнан айығу үстіндемін. Жаңа күш-қуат қосып, келесі ойындарда спорттық бабымда боламын деп үміттенемін.         
 
Сіздің жейдеңіздегі нөміріңіз #44, бұл нені білдіреді?
– Бұл нөмірмен кезінде менің әкем ойнаған. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен өз ойынымды, карьерамды әкеме арнаймын. Сондықтан осы нөмірді алдым.
 
Ал сізге Астана қаласы қалай?
– Маған қала өте ұнайды. Ауа-райы ұнайды. Өйткені мен аптап ыстықты жек көремін. Мұнда суық, ал бұл маған ұнайды (күліп). Маған Астананың халқы ұнайды. Бәрі де жылы шырайлы адамдар, қайда барсам да, күлімдей қарап, қошамет көрсетеді.
 
Біздің тамақтарымыз қалай екен?
– Мен сіздердің дәстүрлі, ұлттық тағамдарыңыздың дәмін әлі татқан жоқпын. Әйтсе де, тамақтары дәмді үш мейрамхананы екшеп үлгердім. Маған олардың дайындаған тағамдары ұнайды. Айтпақшы, олар маған жылқының етін жеп, дәмін татып көруді ұсынды. Бірақ мен оған әлі дайын емеспін (күліп). Маусым әлі ұзақ, бәрі де алда деп ойлаймын.
 
Сіздің денеңізде неше түрлі тату бар. Бұл нені білдіреді?
– Ең бірінші татуды 18 жасымда салдырдым. Олардың әрқайсысының мағынасы бар, жай әншейін салына салған әшекейлер емес. Мысалы, мынау –менің балаларға арналған қайырымдылық лагерімнің эмблемасы, мына біреу – «Отбасы бәрінен маңызды», мынау болса – «Тек отбасы», ал мынау – «Өз бауырларымды ешқашан тастап кетпеймін», мынаны алсақ – біз «Флорида Стэйтпен» бірге чемпионатты жеңіп алып, бәріміз бірдей тату салдыртқанбыз, бұл – тайпа жебесі, мәселен мынау – Шарлоттадағы мен туған аудан.
 
– Өзіңіздің балалар лагеріңіз туралы айтып беріңізші?
– Бұл лагерлерді өзімнің туған қалама қайырымдылық ретінде жүргізе бастағаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл – жаттығуға мүмкіндіктері жоқ қиын балаларға арналған лагерлер. Мен балаларға спорттық киімдер мен қажетті жабдықтар беремін, баскетбол ойнауды үйретемін. Сондай-ақ шақыртылған қонақтар да көп, олар балаларға өмірде дұрыс таңдау жасау керектігін түсіндіреді. Қазір Шарлотта адам өлтіру белең алып тұр. Қазір көптеген жас жеткіншектер өздерінің құрдастарын ешқандай себепсіз өлтіре береді. Бұл дұрыс емес, бұлай болмауы керек. Мен де жас жеткіншек болғанмын, менің де басымнан әр түрлі жағдайлар өтті, бірақ көптеген адамдар маған көмектесті. Міне, мен достарыммен осындай жобаны жүзеге асыруды қолға алдық. Мұнда біз өзіміздің уақытымызды және ақшамызды бұзақы балаларға, шолжаң жеткіншектерге бөлеміз. Ал ондай балалар менің туған қаламда көп.
 
Баскетболдан басқа немен айналысасыз?
– Sony playstation – FIFA ойнағанды жақсы көремін. Шопингті ұнатамын, сондай-ақ кроссовкалардан коллекция жинаймын.
 
– Йан, уақыт бөліп, емен-жарқын сөйлескеніңізге рахмет. Біз сізге табыс тілейміз.
– Көп рахмет.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»