«Нижний» «Астананы» жеңсе де, плей-оффтан тыс қалды

09.04.2017, 23:00    Оқылғаны: 442
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Нижний Новгород» командасы өз алаңында Қазақстанның «Астана» клубынан басым түсті – 76:72 (12:19, 13:15, 21:15, 30:23)

Маусым соңында, жеңістерінің саны бірдей болып шықса, «Астанадан» өзара кездесулер қортыныдысы бойынша асып түсіп, плей-оффқа шығу үшін «Нижний» клубына қарсыласын кем дегенде, 10 ұпай айырмасымен жеңу керек болатын. Бірақ қонақтары оған көне қойсын ба? Қазақстандықтар үш ұпайлық соққыны боратып, бірден алға шықты. Артурс Шталбергстің шәкірттері ойын аяғына дейін өкшелеп, қуып жетуге тырысумен болды. Тек соңғы 10-минуттықта алаң иелері сапындағы Бойнтон-Вене-Томпсон үштігінің нәтижелі ойындарының арқасында дода көрігі қайта қыза түсті. Сиим-Сандер Вененің алыстан лақтырған соққысынан кейін есеп теңесті – 66:66.   
  
Матчтың аяғы екі команданың алма-кезек шабуылымен ұласты – Петр Губанов «Нижний» клубын алға шығарды, Кенни Бойнтон есепті ұлғайта түсті. Бірақ Роберт Лоури адам таңғаларлық үш ұпайлық «бомбасымен» отқа май құя түсті. Әйтсе де, матч нижнийлықтардың сәтті шабуылымен тәмамдалды – Томислав Зубчич кезекті үш ұпайлық соққысымен өз командасына жеңіс әперді. Бірақ жеңіс деген аты болмаса, бұл көңілге медеу тұтарлық нәтиже емес еді. «Нижний» өзіне қажетті ұпай айырмасымен жеңіске жете алмай, «Астана» клубынан асып түсу мүмкіндігінен айырылды. Десек те, «Астана» өзін еркін сезіне алмайды. Саратовтың «Автодор» клубы қатарлас өткен матчта «Парманы» тізе бүктірді. Енді Қазақстан клубының алдын орап кетуі де мүмкін. Яғни «Астана» әлі – қауіпті аймақта.    

Ең көп ұпай жинағандар:

«Нижний Новгород»: Кенни Бойнтон (17+9 пас), Петр Губанов (15+8 рет доп қақшып алды), Дижон Томпсон (15), Сиим-Сандер Вене (11).

«Астана»: Роберт Лоури (20+7 рет доп қақшып алды), Усман Крубалли (11+9 рет доп қақшып алды), Иан Миллер (11), Родерик Одом (10).

«Нижний Новгород» БК бас бапкері Артурс Шталбергс:
— Қалай ерсі естілсе де, бұл өзекті өртеген жеңіс болды. Бізге бес ұпай жетпеді, әрі бұл жағдай біздің биылғы маусымдағы өнерімізді дәлме-дәл айшықтап тұр. Біз қаншама ойында жеңіске сынық сүйем жетпей сүріндік, соңғы сәттерде сәл-пәл жетпей қалып жүрді. Баскетбол – ұсақ-түйегі жоқ ойын. Біз тағы да жағымсыз тәжірибе алдық. Плей-оффқа іліге алмадық, тағы да сәл ғана жетпей тоқтадық, тоғызыншы орынға табан тіредік.Өкінішке қарай, біз көңілдегі нәтижеге қол жеткізе алмадық, ВТБ лигасындағы мақсатымыз орындалмады.   

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
— Бірінші кезекте бүгінгі ойындағы жауапкершілік жүгінің тым ауыр болғанын айта кеткім келеді, себебі екі команда үшін де шешуші кездесу еді. Біз ойынды тәп-тәуір бастадық, допты өз бақылауымыздан тыс қалдырмай, «Нижнийдің» шабуылдағы жоспарын бұздық. Ойынның екінші жартысында осы бетімізден таймай, жалғастыра беруді жоспарладық. Бірақ қарсыласымыздың еселерін қайтаруға тырысатындықтарын білдік. Өкінішке қарай, матч соңында біздің үздік ойыншыларымыз алған ескертулерінің санына байланысты көсіле сілтей алмады. Жағдайымыз қиындай түсті. Оның үстіне, «Нижний» да қорғаныста сауатты ойнай бастады. Біз үшін бұл ойынды овертаймға дейін созудың қажеті жоқ еді, сондықтан бүгінгі жеңілісіміз сондай жаман нәтиже емес. Біз енді плей-оффқа мейілінше жақындай түстік. Менің командам биыл плей-оффта бақ сынауға тұрарлықтай еңбек сіңірді.
 
«Астана» келесі ойынын да түзде өткізеді, енді елорда командасы Қазанға жол шегеді. 13 сәуір күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Ресейдің «УНИКС» баскетбол клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»