Александр Жигулин: «ВТБ лигасында «Астана» бәрін жеңе алады»

06.04.2017, 17:00    Оқылғаны: 1951
Дереккөз: Президенттік клубы «Астана»
Автор:
Александр Жигулиннің спорт жолы ертегіге де ұқсайды. Астана мен Қарағандының бел ортасындағы Осакаровка ауылында туған бала бойы биік болғандықтан ғана баскетболға кездейсоқ келеді. Содан бір сәтте ғана Қазақстандағы болашағы зор ең дарынды ойыншы болып шыға келеді. 16 жасқа толғанша, екі кәсіпқой клубтың сапында ойнап үлгереді, жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанады, әлем чемпионатына барып, тіпті «Барселона» клубы “барлаушыларының” көздеріне түседі. Бес жылын Испанияда өткізіп, Жигулин былтыр туған елге оралып, «Астана» клубымен келісім шартқа отырды. Ал сәуір айында осы екі метрлік талант бар болғаны 23-ке толды. Ал оның істерімен Американың әйгілі агенттігінің өкілі айналысып жүр. «Астана» Президенттік клубының сайтына берген сұхбатында Александр Жигулин өзінің қызықты тарихы туралы айтып берді.

ДЖОРДАНҒА ЖЕТУ

- Қарағанды облысындағы Осакаровка қонысында 10 мыңға жуық адам тұрады. Осыдан он жыл бұрын, сен 12-13 жасыңда үлкен баскетболға келгенде, тұрғындар саны бұдан да аз еді. Шынымда айтсам, бұл тіпті ертегі сияқты, бірнеше жыл өткен соң, сен «Барселона» сапынан бір-ақ шықтың.

- Сол кезде, әрине сондай сезім болды. Көңілім алып ұшып, толғаныс құшағында шаттандым. Маған осындай ұсыныс түскенде, таң-тамаша болдым. «Қалай шет елге барамын, оның үстіне өзім жалғыз, ұзақ уақытқа» деп көп ойландым. Тым жас едім, ол кезде. Бірақ мен ол жаққа бардым. Ұсыныс түскенге дейін мен онда бір апта сынақтан өттім. Ал екі айдан кейін маған телефон шалып, жолға дайындал деді. Туған-туыстарыммен ақылдастым. Ойландым – мен Осакаровкадан Қапшағайға кеттім ғой, енді неге Барселонаға бармасқа? (күліп). Ол жақта мені күтіп алып, көмектесті, кез келген мәселе бойынша көмектесіп отырды. Жастарды ол жақта жақсылап қадағалап отырады.

- Сол кезде мен енді Майкл Джордан боламын деп ойлаған жоқсыз ба?

- Шынымды айтсам, мен баскетболмен айналысқанша, бұл ойынның фанаты болған емеспін. Ауылда ылғи волейбол ойнайтынмын. Ал баскетболға мені тек бойымның биіктігі үшін алды. Одан кейін, ойнай бастағанда… Джордан – әрине, пір тұтатын тұлға. Бірақ ҰБҚ ойыншылары ішінен қазір Нью-Йоркте ойнайтын Кармело Энтони ұнайтын және ұнайды. Қадір тұтатын себебім, мен де бұрын төртінші нөмірлі ойыншы шебінде ойнайтынмын. Рас, ол үшінші нөмірліні де ойнады, ал мен ешқашан бұл шепте ойнаған жоқпын. Мені тіпті үшінші нөмірлі ойыншы ойнайтын шепке баулыған да жоқ. Еуропада мен үлгі тұтуға тырысқан баскетболшы – Терренс Моррис. Ол кезінде ЦСКА сапында ойнаған, кейіннен «Барселонаға» ауысты. Маған тіпті онымен бірге жаттығудың да сәті түсті. Өйткені мені бірінші құрамның жаттығу жұмыстарына да шақырған болатын. Ол да маған төртінші нөмірлі ойыншы шебінде ойнайтындықтан ұнады. Бірақ бәрін де оп-оңай жасайтын. Оның қимыл-қозғалысы да жеңіл, допты лақтыруы да жеңіл, ойынды жақсы түсінеді. Маған оның қалай шешім қабылдайтындығы, қалай пас беретіндігі ұнады. Менің де осы шепте ойнағым келеді және менің де дәл осылай ойнағым келеді – деп ойладым!

- Джорданмен де кездесудің сәті түскен жоқ па еді?

- 2009 жылы Вильнюсте өткен Jordan Brand Classic додасына шақырды. Онда Еуропадан 40 ойыншы болды, Қазақстаннан мен жалғыз болдым. Одан кейін 10 үздік ойыншыны таңдап алды. Олардың арасында мен де бармын. Нью-Йорктегі, әйгілі Madison Square Garden спорт кешенінде өткен All Star додасына қатыстық. Киім кешек пен аяқ-киімді сыйға берді, біз қатты қуанып, өзімізді бақытты сезіндік! Әрі Нью-Йоркте Джорданмен, ҰБҚ жұлдыздарымен ұмытылмас кездесу, жаттығулар болды. Көңіл көтеретін бағдарлама кезінде, боулинг ойнап жатқан жерімізге Картер келді. Айтпақшы, менің командам All Star додасын жеңіп алды. Осыған қатысуымның өзі «Барселонаға» шақыртылуыма әсер етті.

- Қазақстандағы ауылдан әйгілі клуб сапына қалай серпіліс жасаған кезеңің жайлы айтшы. Сен әуелі Қапшағай командасына барған жоқ па едің?

-  Өз ауданымыздың жігіттерімен Қарағандыға баскетбол ойнауға барғанбыз. Серейіп тұрғаным болмаса, мен дұрыстап ойнай алмайтынмын да. Әйтеуір бойыма қызығып алған. Сол жерде Василий Васильевич Феданов, оның ұлы Қапшағайда ойнаған, маған «жаттықтырушы келеді» деп, сынақтан өтуді ұсынды. Ал жаттықтырушыға мен ұнадым. Жасым 12-13 шамасында болатын. Содан «Қапшағай» клубына келдім, доп жақсы, бұрын ондайды ұстап та көрмеген едім, киім-кешектері де, аяқ-киімдері де баскетболдікі емес (күліп).

- Сонда қалай?

- Мен кәсіби баскетболшылардың аяқ-киімінің қандай болатындығын білген емеспін. Мүлде хабарым жоқ болатын. «Қапшағайда» ересектер және жастар командасы болды. Ал жастарының өзі үш жас шамасына бөлінді, сонымен қатар қыздар арасындағы ұжымы да болды. Бұл сол кезде жастарға арналған Қазақстандағы ең үздік орын болатын. Онда жаттықтырушылар болды, жағдай жасалды. Біз жалға алынған пәтерде тұрдық. Бір әйел біздің тамағымызды жасап беріп, бізді қадағалап отырды. «Қапшағайда» менімен ересектер командасының жаттықтырушысы Александр Иванович Аксиненко жұмыс жасай бастады. Өте қатал бапкер болатын, босаңсуға жол бермейтін. Бірақ ол бізді тек баскетболшы ғана емес, адам ретінде де тәрбиеледі. Сол жас кезімізде тура осындай жаттықтырушы керек еді. Үш жылдан кейін демеушінің жағдайы қиындап, команданы қаржыландыру тоқтатылды. Ал ел чемпионатында әлі жарты жыл ойнауымыз керек болатын. Сол кезде Аксиненко өз қаражатын көп салды. Сол маусымнан кейін команданың дені, араларында мен де бармын, Қостанайдың «Тобылына» кеттік. Онда мен жарты маусым ойнап, «Барселонаға» кеттім.  

- Сен олардың “барлаушыларының” көзіне құрама сапында ойнап жүріп түстің ғой?

- Иә, мен Жаңа Зеландияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында ойнадым. Сонда олар мені байқап қалып, ресми шақырту жіберді.

- Саған сонда «Тобылға» жарты миллион теңге тұрақсыздық төлемін төлеуге тура келді ғой?

- Мұны бәрі дұрыс. Келісім шарт менің қалауым бойыншы мерзімінен бұрын бұзылды, сондықтан мен тұрақсыздық төлемін төлеуге тиісті едім.

БАРСЕЛОНА ОЙЫНДАРЫ

- «Қапшағайға» барғанда, аяқ-киімді көріп таң қалдың, ал «Барселонада» ше?

- Онда мүлде басқа деңгей, әрине. Спортқа деген, тіпті өмірдің өзіне деген көзқарас өзгеше. Ол Еуропадағы ең үздік баскетбол клубының бірі ғой, сондықтан онда бәрі бар. Сен тек жаттығасың және ойнайсың. Мысалы, менің тамағым ауыра беретін болды, тіпті асқынып кетті. Маған маусым біткен соң бездерді алып тастаймыз деді. Маусым біткен бетте, келесі күні ауруханаға жатқызып, алып тастады. Одан кейін өз-өзіме келгенше қарады, тек содан кейін ғана үйге кеттім. Бәрі де клубтың есебінде жасалды. Қазақстаннан барған мен бұған таң қалдым.

- Базада тұрдың ба?

- Алғашқы жарты жылда резиденция да тұрдым, бұл – базаның бір түрі. Ол «Камп Ноу» стадионында. Футбол ойындарын көріп тұрдық. Сондықтан мен тек «Барсаның» жанкүйерімін. Одан кейін клуб жалдаған пәтерлерде тұрдым. Олардың бәрі сол резиденцияның маңайында болды. Одан кейін резиденцияны «Камп Ноудан» спорт қалашығына көшіріп, сол жерге жаңа база салды. Тіпті өзінің асханасы болды.

- Сонда тамаққа дейін ақша шығармауға бола ма?

- Негізі, иә. Бірақ біз жігіттермен мейрамханаларға, киноға барып тұрдық.

- Жанкүйерлер, табынушылар, қыздар пайда болды ма?

- Жекелей маған жоқ. Мен «Барсаның» жастары сапында екінші құрамында ойнадым. Егер адамдар менің «Барсадан» екенімді көріп қалса, суретке түсіп, қолтаңба алып тұратын. Бірақ естері кеткен фанатизм болған жоқ.

- Неге бірінші құрамға ілікпедің?

- «Барсаның» екінші құрамы «Барса B» деп аталды, екінші лигада ойнады. Деңгейі әжептәуір жоғары – лига. Бізді үнемі бірінші команданың жаттығу жұмыстарына, жиындарына тартып тұрды. Бірақ бірінші құрамға ауысу өте қиын еді. Былайша айтқанда, екінші құрамнан бірінші командаға ешкімді алған емес.

- Неге?

- Өйткені бұл «Барса». Олар Еуролиганы жеңіп алған деңгейі жоғары ойыншымен келісім шартқа отыра алады. Олар 30 жастағы Еуролига чемпионын алғанды жөн көреді. Содан кейін менің келісім шартымның мерзімі бітті, мен онда екі жыл ойнадым, команда аусытырғым келді. Өйткені екінші құрамды деңгейі бір саты төмен үшінші лигаға жіберді, команда сапына жасөспірімдер командасындағы жігіттер келіп, буын ауыстыру басталды. Әрі маусым аяғында маған Уэскадан (Арагон) ұсыныс түсті.

- Сен Испанияда легионер болып саналдың ба?

- Жоқ. Егер онда үш жыл «жастар» сапында ойнасаң, легионер болып саналмайсың. Егер мен қазір Испанияға барсам, онда мен легионер болып есептелмеймін, мен испан ойыншысы ретінде ойнаймын.

- Испан тілін үйреніп үлгердің ба, сонда жүріп?

- Испан тілін үйреніп алдым. Қазір де бұл тілде еркін сөйлей аламын, өйткені агентпен осы тілде сөйлесемін. Алғашқы жарты жылда тіл үйрендім. Мен үшін репетитор жалдады. Содан соң үзілістен кейін де дәріс алдым. Бәрін де «Барселона» төледі. Қысқасы, тіл үйренуге сегіз ай кетті. Испан тілінде сөйлей, жаза, оқи аламын.

- Испанияда сені шынымен де Фигулин деп атады ма?

- Иә, испан транскрипциясының ерекшелігі. Тегім Zhigulin деп жазылады. Ал испан тілінде Z әріпі «С» болып оқылады, ал екінші H айтылмайды. Міне, осылай онда Сигулин, Фигулин болды.

- Сенің өміріңде агент қашан пайда болды?

- Агент Испанияға барған бетте пайда болды. Ол барған күннің ертеңінде өзі мені тауып алды. Оның аты – Энрике. Ол Мадридтің «Реалының» бұрынғы ойыншысы. Лос-Анджелестегі BDA Sports агенттігінің өкілі. 

- Сенің командада әлемдегі ең үздік агенттердің бірі сенікі ме?

- BDA Sports агенттігінде ҰБҚ жұлдыздары, Еуропаның әйгілі ойыншылары көп. Ал менің агентім – солардың Еуропадағы негізгі өкілі. Ол көптеген жақсы ойыншылардың мүддесін қорғайды. Оның маған қызығушылық танытқаны, мен үшін – мақтаныш. 

БОЛАШАҚҚА КЕРІ

- Сонымен, сен Испанияда бес жыл ойнадың. Сені «Астанаға», Қазақстанға шақырту мәселесі көптен бері қарастырылып жүрген, ал саған басқа командалардан ұсыныстар түсіп па еді?

- Испания клубтарынан да ұсыныстар болды. Бірақ мен үйді сағындым. Отбасыма жақынырақ болғым келді. Әрі ВТБ да жаман лига емес, Еуропадағы деңгейі жоғарылардың бірі. Жалпы, «Астана» клубы ашылғанда, мен қуандым. Сөз жоқ, бұл – осы спорт түрін дамытуға болатын дүмпу. Әйтсе де, қазір еліміздегі жалпы жағдай көңіл көншітерліктей емес, Ұлттық лигада бар болғаны үш-ақ команда ойнаймыз – біз, «Барыстар» және «Каспий». «Төртеу финалын» құрастырып, өткізу үшін жоғарғы лигадан «Тобыл» тартылады. Біз осы маусымда Ұлттық лигадағы командалардың әрқайсысымен сегіз ойыннан өткіздік қой деймін. Жағдай өзгереді деп үміттенемін. Басқа клубтар да елорда клубымен деңгейлес болып, тартыла түссе екен деп тілеймін. Бірақ бұл енді «Астанаға» байланысты емес. «Астана» өзіне байланысты істің бәрін жүзеге асырды. Ал басқа клубтардың тағдыры – аймақтардың қолында.

- Сен Астанадағы балалар академиясының ашылуында болдың ба? Саған ұнады ма?

- Бәрі тамаша. Сөз жоқ, мұндай академия астанаға керек. Оның үстіне «Астана» секілді азулы клубы бар. Академия өркендей берсе екен деп тілеймін. Неғұрлым бала көп болса, соғұрлым жақсы болады. Әлеуеті зор балалар табылып, жаға таланттар бой көтере берсін. Бұл шынымен де тамаша жоба!

- Енді өзінің жеке аренасы болса, иә?

- Маған велотрек ұнайды, бірақ ол біздікі емес. Кейде онда ойнай алмай қаламыз. Жыл сайын кейбір ойындарымызды басқа жерге ауыстыруға мәжбүр болып жүрміз. Зал таппасақ, кейде Қарағандыда ойнаймыз. Жақында Ұлттық лига ойындарын Назарбаев Университтетінде өткіздік. Өйткені велотректі «Наурыз» мейрамын тойлауға алып алды. Егер өз аренамыз болса, тіптен қатып кетер еді.

- Көп бола қойған жоқ, сіздер Қазақстан кубогына қатысып келдіңіздер. Онда легионерлерсіз додаға түсіп, жеңіске жеттіңіздер. Оңай болды ма?

-  Өте қызықты болды. Тартысты өтті. Біз «Астанада» Қазақстанның ең үздік баскетболшылары жиналғандығын дәлелдеуге тырыстық. Әрі соған қол жеткіздік.

- Алда Ұлттық лиганың «Төртеу финалы» бар. Онда да легионерлерсіз ойнауға тура келеді деуге болады. Өткен жылы чемпиондық атақтан айырылып қалғандарыңды ескерсек, жеңіске жету маңызды ма?

- Былтырғы маусымды қорқынышты түс секілді ұмыту керек. Биыл Ұлттық лигада «Барыстардан» да, «Каспийден» де бірде-бір рет ұтылған жоқпыз. Бірақ бірінші қарсыласымыз жоғарғы лигада ойнайтын «Тобыл» болады. Оңай болмайды. Өйткені бәрі де «Астанаға» қарсы ерекше құлшыныспен шығады. Қайтсек те жеңіске жетуіміз керек. 

- ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатының аяқталуына бірер ғана ойын қалды. Сіздер әзірше сегізінші орында тұрсыздар. Плей-оффқа сегіз команда ғана шығады. Осыған байланысты ешқандай толқу, толғаныс жоқ па?

- Ол атымен жоқ секілді. ВТБ лигасында кез келген ойында – қиын. Нәтиже біздің қалай жігерленіп, қандай ойын көрсететінімзе байланысты. Ал шын мәнінде, бәрін де жеңуге болады. Біз соған тырысамыз.

БОЙЫМ ЕНДІ ӨСПЕСЕ ЕКЕН

- Есіңе түсіре аласың ба, сен соңғы рет кімге төменнен жоғары қарадың?

- Әрбір ойында осылай қараймын (күліп). Қазір мен негізінен орталық ойыншы ретінде өнер көрсетемін ғой. Негізінен, айналамдағы жігіттердің бәрі меннен биік, еңгерзедей. Ал өмірде есімде жоқ. Отбасымда менің бойым бәрінен биік, достарымның арасында да бәрінен биікпін, көшеде келе жатсам да – бойым ұзын. Мектепте де бәрінен биік болғанмын. Мен баскетболмен айналыса бастағанда бйым 192-194 см болды. Қазір – 205 см. Енді бұдан артық өспейтін шығармын деп ойлаймын.

- Бойдың кесірінен өзіңді қандай жерде ыңғайсыз сезінесің?

- Ұшақта. Өте ыңғайсыз. Ұшып келген соң тізелерім ауырады. Ұшақтағы аз да болса, ыңғайлы жер – апаттық орын. Командамен негізінен Мәскеу арқылы ұшамыз. Яғни 3-3,5 сағат ұшақта отырамыз, одан кейін басқа ұшаққа ауысамыз. Өте қиын. Ал командалық автобуста жалғыз өзің екі орынға жайғасып, аяғыңды созуға болады!

- Баскетболшы Александр Жигулиннің қандай армандары бар?

- Арман біреу – деңгейі жоғары, өте жоғары ойыншы болу, өмірде қандай да бір жетістікке қол жеткізу, халықаралық аренада өзімді сынап көру. Үлкен әріпті кәсіпқой ойыншы болу.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»