Мақсат – плей-офф: «Астана» Нижний Новгородқа аттанды

07.04.2017, 17:00    Оқылғаны: 465
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбіде, 9 сәуір күні «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін түзде өткізіп, «Нижний Новгород» командасымен додаға түседі.

Бұл екі команда үшін де биылғы маусымдағы ең маңызды ойын болады. «Нижний» жеңсе, Артурс Шталбергстің командасы үміт сәулесін маздатып, плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалады. Ал «Астана» жеңіске жетсе, Папатеодорудың командасының плей-оффқа шығу мүмкіндігі мейлінше арта түседі. Жағдайдың осылай шиеленісуі екі команданы да жігерлендіріп отыр. Екеуіне де жеңіс керек, алайда «Астанаға» оның қажеттігі өзгелерден де асып түседі.
 
Қарсылас команданың жағдайына тоқталып өтер болсақ, нижнийгородтықтар турнир кестесінің 9-сатысында тұр. Жеті рет жеңіске жетіп, 15 рет ұтылды. Астаналықтар «Нижний» клубын қаңтар айында өз алаңында қабылдап, 93:84 есебімен басымдық танытқан.
 
«Нижний Новгород» клубының алаңында өтетін ойын біздің команда үшін мүлде оңай болмайды. Бірақ елордалықтар жеңіске жетуді көздеп отыр.
 
«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору алдағы ойын туралы өз пікірін білдірді:
– Бұл біз үшін өте маңызды матч, соңғы кездесудегі, әсірее қорғаныстағы ойын өрнегімізді түзеп, жанкештілік таныту керек. «Нижний Новгород» өте азулы команда, әсіресе шабуылда құйындай орап соғады. Олардың үш ұпайлық периметрден қауіп төндіретін ойыншылары көп, ал бізге осы ойын стиліне бейімделу керек.   

Естеріңізге сала кетейік, бұл ойын жексенбі күні, 9 сәуірде Нижний Новгород қаласында өтеді. Матч трансляциясын сіздер онлайн режімінде ВТБ бірыңғай лигасы сайтынан, Астана уақытымен 19:00-де көре аласыздар.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»