«Астананы» Красноярск күтіп отыр

31.03.2017, 10:00    Оқылғаны: 470
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбіде, яғни 2 сәуір күні елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін түзде Красноярскінің «Енисей» командасымен өткізеді.

«Астана» дәл осы командамен өз алаңында өткен кездесуде ұмытылмас шоу көрсеткен. Барлық маусымдарды есепке алғанда, астаналықтар тұңғыш рет екі овертайм өткізді, бірақ драма мұнымен ғана шектелген жоқ болатын. Соңғы секундтарда Роберт Лаури допты алыстан лақтырып, оймақторға дөп түсіріп, «Астанаға» жеңіс әперген. Красноярск командасы бұл ойынды ұмытқан жоқ, өкініштері әлі басыла да қоймаған шығар, сөз жоқ, есе қайтару үшін барлық күш-жігерлерін салады.

Жалпы, қарсылас командаға қысқаша тоқталар болсақ, «Енисей» турнир кестесінде 7-орында тұр. 10 рет жеңіп, 10 мәрте жеңілістің кермек дәмін татты. Плей-оффта бақ сынау құқығына мүмкіндік беретін аймаққа табан тіреген, яғни 8-орынды иеленіп тұрған «Астана» үшін бұл ойын ең маңызды және шешуші матчтардың бірі болады. Сегіздіктегі орынды сақтап қалу үшін біздің командаға бар болғаны бір ғана жеңіс керек…

ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы чемпионаты көмбесіне тақады, яғни барлық командалар үшін соңғы ойындардың әрқайсысының маңызы зор, әр ойын шектен тыс шиеленісті өтеді.  

Илиас Папатеодору, «Астана» ПБК бас бапкері алдағы ойын жайлы пікірін қысқа да, нұсқа қайырды:
- «Енисей» қосалқы құрамдағы ойыншылары көп, жігіттері әбден ысылған – команда. Бұл ойында бәсекеге қабілетті болу үшін бізге өз мүмкіндіктеріміздің шегінен де жоғары ойын өрнегін көрсету керек.

Матч трансляциясын сіздер жексенбіде, 2 сәуір күні ВТБ бірыңғай лигасы сайтынан 15:10-да көре аласыздар.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»