«Астанаға» Польшаның «Зелена Гура» клубы қонаққа келеді

20.01.2020, 08:00    Оқылғаны: 506
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

ВТБ Бірыңғай лигасының екінші айналымы «Астана» Президенттік баскетбол клубы үшін өз алаңында Польшаның «Стелмет Зелена Гура» командасын қабылдаумен басталады. Бұл ойын жексенбі күні, 26 қаңтарда өтеді.

«Стелмет Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша чемпионатында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • Польша чемпионы – 2013, 2015, 2016, 2017
  • Польша кубогының иегері – 2015, 2017
  • Польша суперкубогының иегері – 2015


Баскетбольный клуб Зелена Гура 2019/2020

«Зелена Гура» — елорда баскетболшылары бірінші айналымда, түзде тізе бүктірген жалғыз команда. Бұл Жаңа жыл қарсаңында жүзеге асқан – 23 желтоқсан күні Польшада. Онда аса тартысты өткен шиеленісті матчта Қазақстан ұжымы жеңісті кездесудің соңғы секундтарында жұлып алған болатын – 78:81. Сол ойыннан кейін поляктар төрт матч өткізіп үлгерді. 2019 жылдың соңында «Зелена Гураға» «Локомотив-Кубань» қонаққа барып, 2 ұпай айырмасымен жеңісті өңгеріп кетті. Жаңа жылды Польша командасы түздегі екі ойынмен бастап, екеуін де өте сәтті өткізді. Әуелі Эстонияда «Калевті» ойсырата ұтып, содан соң Красноярскіде «Енисейді» есеңгіретіп кетті. Соңғы ойынды «Зелена Гура» өз алаңында өткізіп, Қазанның УНИКС командасына есе жіберіп алды.
 


Турнир кестесіндегі жағдай: «Зелена Гура» турнир кестесінде жетінші орынға орналасқан. Еншісінде – 6 жеңіс және 8 жеңіліс. Ал «Астана» алдағы қарсыласынан бір саты төмен орналасып, 5 жеңісімен және 7 жеңілісімен сегізінші орынды иемденіп тұр.

Команда құрамындағы өзгеріс: екі команда арасындағы желтоқсан айының соңында өткен кездесумен салыстырғанда, қарсыласымыздың құрамында ешқандай өзгеріс жүзеге асқан жоқ.

Команда көшбасшылары: орталық шептегі америкалық Дрю Гордон – поляктардың теңдессіз көшбасшысы, ол тиімділік, ұпай, доп қағып алу, допты тартып әкету және тосқауыл қою секілді көрсеткіштер бойынша командадағы статистикасы ең жоғары ойыншы. Алайда екеуара бірінші ойынды еске алсақ, онда Гордон өте сәтсіз ойын өрнегін көрсетіп, небәрі 4 ұпай ғана еншілеген болатын. Әрі алаңда 8 минут, 45 секунд қана ойнаған-тын. Оның себебі, жарақат алып қалуынан немесе денсаулығы сыр бергендіктен болуы әбден мүмкін. Яғни, Дрю Гордон астанаға келгенде спорттық бабында болса, ол біздің жігіттер үшін көп қиындық туғызуы ықтимал, оған ерекше назар аудару керек болады. Команданың негізгі ойын үйлестірушісі – швед Людвиг Хакансон және америкалықтар – шабуылшы Тони Мейер мен қорғаушы Джо Томассон Польша клубының негізін қалайтын және үнемі бастапқы бестікте ойнайтын үздіктері. Желтоқсанда өткен екеуара кездесуде Дрю Гордонды хорват алыбы Ивица Радич «жоқтатпай» , ең тиімді және нәтижелі ойыншы болған. Польшангың өз жігіттері ішінен шабуылшы Ярослав Зисковски мен қорғаушы Марсель Понитканы бөле-жара атап өтуге болады.

«Астананың» өз алаңында өте жақсы ойнайтындығын бәріміз де білеміз. Ал «Зелена Гура» болса, биылғы маусымда, әсіресе соңғы матчтарда, өз алаңынан гөрі түзде көсіле сілтеп жүр. Сондықтан, Нұр-Сұлтандағы матчтың шектен тыс шиеленісті және болжап болмайтын ойын болуы әбден мүмкін.

Матч жексенбі күні, 26 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сондай-ақ QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz. сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»