«Астана» жаңа жылда түздегі бірінші ойынын «Пармамен» өткізеді

10.01.2020, 10:00    Оқылғаны: 30
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының бірінші айналымын түзде Ресейдің «Парма» клубымен тәмамдайды. Бұл ойын алдағы жексенбіде, 12 қаңтар күні өтеді.

«ПАРМА» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Пермь қаласынан, 2012 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Ресей кубогы додасында өнер көрсетті. Бірақ ширек финалдық сатысында сүрініп, Жаңа жыл қарсаңында аталмыш додадан тыс қалды.

Жетістіктері:

  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2015/2016, 2018/2019
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2016/2017
  • Суперлиганың қола жүлдегері – 2015/2016


Бас бапкер:

2019/2020 маусымында Пермь командасының жаттықтырушылары құрамын Литва маманы Казис Масквитис басқарып келеді. Былтыр да, оған дейінгі маусымда да команданы латыш Николайс Мазурс жаттықтырған. Рас, бірақ ол командамен маусым соңына дейін болған жоқ. 2019 жылы ақпан айында оны көмекшісі Вячеслав Шушаков алмастырған болатын. Ал бұл бапкер биыл да Пермь командасының жаттықтырушылары құрамында жүр. «Парманың» қазіргі бас бапкері өз карьерасының басында «Айсчяй» және «Сакалай» сынды Литва командаларын жаттықтырған. Одан кейін үш маусым «Нептунас» клубының тізгінін ұстады. Казис осы ұжыммен 2012/2013 және 2013/2014 жылдар маусымдарында Бірыңғай лигасымен танысты. Дәл осы екі маусымда ол өз командасымен Литва чемпионатының қола және күміс жүлдегері атанды. 2015 жылдан 2017 жылға дейін Масквитис тағы бір Литва клубын жаттықтырды – «Литкабелис». Бұл командамен де ол Литва чемпиондығы атағына бір сүйем жетпей, тағы бір күміс жүлде иеленді. Ал бұдан кейінгі екі маусымды қайтадан «Нептунас» клубымен өткізіп, өз жетістіктеріне Литва чемпионатының қола жүлдесін қосты. 2019 жылғы жазда Литва маманы АҚШ-та «іссапарда» болып, «Миннесота Тимбервулвз» клубының жаттақтырушылары құрамында ҰБҚ Жазғы лигасында финалға дейін жетті. Алайда Казис Масквитис әзірше ең негізгі жетістіктеріне Литваның жастар арасындағы құрамасымен қол жеткізген. Ол U-16, U-18 және U-20 жас санатындағы шәкірттерімен үш рет Еуропа чемпионы болды. Сондай-ақ U-20 құрамасымен 2011 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, Казис Масквитис «Парма» клубындағы жұмысы үшін Литва ұлттық құрамасының бас бапкері болудан бас тартқан.

Казис Масквитис

Команда құрамы:

Жазда команда сапында көп өзгеріс жүзеге асты. Мұны әдеттегідей легионерлерден бастайық. Орындары ойсырап қалған ойыншылары ретінде америкалық легионерлерін бөле-жара атауға болады. Олар – шабуылшылар Рашард Келли және Тре Маклин, сондай-ақ қорғаушы Кен Браун. Командадағы тиімді ойыншылар да осылар еді. «Парманың» бұлардан бөлек, тағы үш америкалық ойыншысы болған. Бірақ олардың бәрі де командадан маусым барысында кетіп қалды. Мәселен, Тайлер Ларсон қаңтар айында кетсе, Коди Джастис пен Майкл Хамфри командадан наурыз айында кеткен болатын. Сондай-ақ маусым аралығында командадан «Астана» жанкүйерлеріне танымал, латыш қорғаушысы Янис Блумс та кетіп қалған. «Парма» ресейлік ойыншылары ішінен орталық шептегі алыптарының бәрімен де келісімшарттарын ұзартқан жоқ – тәжірибелі Григорий Шуховцовпен, Иван Лазаревпен, ол «Нижний Новгородтан» ауысып келген еді, Александр Винникпен. Әрі команда сапына жас шабуылшы Сергей Ткаченко да тіркелген жоқ. Ал былтырғы маусымда негізгі құрамында ойнаған ойыншыларының бірі, Литва шабуылшысы Эйгирдас Жукаускас «Пармамен» келісімшартын екінші маусымға ұзартты. Ол бұған дейін Литва және Франция клубтарында ойнаған болатын. Ресей ойыншылары ішінен бес баскетболшы командамен арадағы келісімшарттарын сақтап қалды. «Парманың» құрамында көптен бері жүрген екі шабуылшының бірі Николай Жмако үшін биылғысы 7-ші маусым болады. Ал Константин Буланов «Пармада» өзінің 6-шы маусымын өткізеді. Глеб Шейко, Александр Платунов және Вадим Бондаренко секілді жас қорғаушылар – Пермь өлкесі клубының төл шәкірттері.

Маусым аралығында команда сапын үш америкалық баскетболшы толықтырды. Бірақ олардың екеуі, яғни орталық шептегі Арнетт Моултри мен қорғаушы Энтони Карр Пермь командасы сапында көп тұрақтаған жоқ. Қараша айының соңында «Парма» олармен өзара келісімшарттарын бұзды. Ал Лоренцо Уилльямс пермдіктер сапында тұрақтап қалды. Америка қорғаушысының Еуропадағы карьерасы көз сүйсінерліктей – Германия, Словакия, Венгрия, Украина, Латвия және Литва. Әрі ол Словакия және Латвия чемпиондары болған. Желтоқсан айының ортасында «Парма» америкалық қорғаушы Роберт Джонсонмен келісімшартқа отырғандығын жариялады. Ол былтырғы маусымда ҰБҚ Жетілу лигасында, «Милуоки Бакс» клубының фарм-командасы «Висконсин Херд» сапында ойнаған. Ал биылғы маусымның жартысын Польшаның «МКС Домброва-Гурнича» командасында өткізді. Сонымен қатар, Литва баскетболшысы Адас Юскевичус та пермдіктердің құрамына осы маусымда қосылды. Ол өз карьерасын «Жальгирис» жүйесінде бастаған. Он маусымдай Литваның әр командасында ойнап, «Жальгириспен» Литва чемпионы болған, ал «Литувас Ритас» клубымен өз елінің кубогын да жеңіп алған. Бұдан кейін Испания, Түркия және Франция чемпионаттарында өнер көрсетті. Адас Литва құрамасы сапында Еуропа U-20 чемпионатының күміс жүлдегері болған. Балтық жағалауынан келген тағы бір жаңа ойыншы – латыш шабуылшысы Марекс Мейерис. Ол бұған дейін Латвия мен Испанияда өнер көрсеткен. Аз ғана уақытқа Францияға барып келгенін есепке алмай отырмыз. Соңғы 5 маусымды Риганың ВЭФ клубы сапында өткізді. Әрі үш мәрте Латвия чемпионы болды. Ресейлік ойыншылардың ішінен көпшілікке танымал екі баскетболшымен құрамын нығайтқанын бөле-жара атап өтуге болады.

Олар – орталық шептегі Артем Забелин және қорғаушы Максим Григорьев. Забелин ЦСКА, «Локомотив-Кубань», «Спартак-Приморье», «Красные Крылья» клубтарында және Петербордың «Динамосында» ойнаған. Ал өз карьерасын 2003 жылы «Автодор» құрамында бастаған. Соңғы 4 маусымды дәл осы Саратов клубында өткізді. Артемнің еншісінде Еуролиганың алтыны мен қоласы, ВТБ Бірыңғай лигасының алтыны, Ресейдің үш дүркін чемпиондық атағы және бір Ресей кубогы бар. Григорьев карьерасының басында 6 маусым бойы «Локомотив-Кубань» клубының сапында ойнады, ал соңғы төртеуінде «Нижний Новгород» командасының намысын қорғады. Максим Григорьевтің жетістіктері бір өзіне жетерлік – ЕуроКубок алтыны, EuroChallenge және ВТБ Бірыңғай лигасы күмісі, сондай-ақ Ресей кубогының екі күміс жүлдесі, ВТБ Бірыңғай лигасының және Ресей чемпионатының екі қола жүлдесі. Сондай-ақ ол – Универсиада чемпионы. ВТБ Бірыңғай лигасында ең үздік жас ойыншы және екі рет ең үздік ресейлік ойыншы болып танылған. Жазда Пермь командасы сапына Егор Чернышев, Егор Мельников және Кирилл Будин сынды тағы да үш жас шабуылшы қосылды. Олар негізінен ВТБ Жастар лигасындағы клубтың намысын қорғап жүр. Ал маусым барысында командаға «Химки» клубынан Ресей кубогының күміс жүлдегері, ВТБ Бірыңғай лигасының және Ресей чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, шабуылшы Евгений Валиев қосылды. Ол өз карьерасында «Химкиден» басқа «Зенит», «Триумф» және «Урал-Грейт» командалары сапында ойнаған. Мәскеу түбіндегі «Химкиден» «Пармаға» тағы бір жас ойыншы, атап айтқанда, қорғаушы Тимофей Якушин келген.

Баскетбольный клуб Парма 2019/2020

Команда көшбасшылары: Статистика бойынша «Парма» сапындағы ең тиімді және нәтижелі ойыншы Арнетт Моултри болған. Бірақ ол командадан кетіп қалды. Дәл қазір ұжымның негізгі көшбасшылары Балтық жағалауынан келген үштік – Адас Юшкевичус, Марекс Мейерис және Эйгирдас Жукаускас. Бастапқы бестікке америкалық Лоренцо Уильямс пен ресейлік Артем Забелин және Николай Жмако үшеуі жиі ілігіп жүр. Максим Григорьев бірде-бір рет алаңға бастапқы бестікте шыққан емес. Бірақ әр матчта орта есеппен 20 минуттан ойнап келеді. Әрі дәл қазір команданың сұрмергені болып, матч сайын 14,7 ұпайдан еншілеп жүр. Пермь командасының бапкерлері алқасы Константин Булановқа да әлсін-әлсін сенім артып келеді. Евгений Валиев 4 ойын өткізіп, орта есеппен алаңда 16 минуттан ойнап жүр. Ал америкалық Роберт Джонсон бар болғаны бір-ақ ойын өткізіп, 13 ұүпай еншілеп, 3 рет допты тартып әкетті.

Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» екі рет қатарынан жеңіске жеткен соң, турнир кестесіндегі жағдайын едәуір түзеп алды. Дәл қазір бес жеңіс, алты жеңілісімен турнир кестесінің 8-ші сатысында тұр. «Парма» маусымды үш жеңіліспен бастаған – екеуінде түзде ЦСКА мен «Нижний Новгородтан» ұтылса, өз алаңында «Енисейге» есе жіберіп алған. Содан кейін өз алаңында «Калевтен» басым түсті және түзде «Стелмет Зелена Гура» клубынан ойсырай ұтылып қалды. Ал осыдан кейінгі екі матчта «Парма» көпшілікті қайран қалдыра жаздады. Әуелі Мәскеу түбінде «Химкиден» небәрі үш ұпай айырмасымен ұтылса, одан кейін өз алаңында УНИКС жігіттеріне бір ұпай айырмасымен ғана есе жіберді. Бұдан соң Пермде олар «Автодорды» тізе бүктірді және ақыры сенсация жасап, «Зенитті» Петерборда ұтып кетті. Алайда соңғы үш ойында жеңіліске ұшырады – өз алаңында ЦСКА-дан оңбай ұтылып, түзде «Локомотив-Кубань» клубын ұтып жатып, жеңісті уысынан шығарып алды. Әрі Жаңа жыл қарсаңында өз жанкүйерлерін қуанышқа бөлей алмай, үйде Беларустің «Цмоки-Минск» клубынан ұтылып қалды. «Парма» қазір турнир кестесінде соңынан санағанда «екінші» болып, 12-орынға табан тіреп тұр. Әрі олар жеңіске әбден «шөліркеген».

Кездесулер тарихы: «Парма» ВТБ Бірыңғай лигасына 2016/2017 жылдар маусымында қосылды. Бірақ екі команда алғаш рет сол маусымның алдында кездесті. Нақтырақ айтқанда, Литвадағы «One Team Cup додасында жолығып, сол ойында «Парма» 4 ұпай айырмасымен басым түскен. Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы кездесулеріне келер болсақ, 2016/2017 маусымында «Астана» екі рет пермдіктерді айқын басымдықпен ұтты. Келесі маусымда, Пермдегі матчта «Астана» жеңісті жұлып алды, бірақ өз алаңында ұтылып қалды. Былтырғы маусымдағы екі ойын да шектен тыс шиеленісті болып, біздің команда екеуінде де жеңіске жетті. Осылайша, «Астана» екеуара кездесулердегі 5 матчта жеңіске жетіп, «Пармадан» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы 1 ойында және маусым аралығындағы дайындық кезінде бір рет ұтылып қалды.

Қызықты деректер:

  • «Астана» бұған дейінгі маусымдарда, Пермде өткен, түздегі ойындардың бәрінде жеңіске жетті.
  • «Парманың» жаттықтырушылары құрамында робот та бар – PARMAbot
 

PARMABot

Матч жексенбі күні, 12 қаңтарда Пермдегі «Молот» ӘСС аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры