«Астана» өз алаңында «Енисейді» есеңгіретті

06.01.2020, 10:00    Оқылғаны: 30
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы жаңа жылды жеңіспен бастап, ВТБ Бірыңғай лигасысында Красноярскінің «Енисей» клубын тізе бүктірді.

Екі команда үшін де бұл ойында жеңіске жету өте маңызды еді. Егер Красноярск командасы жеңіске жетсе, онда турнир кестесінің төртінші сатысындағы жағдайын нығайта түсер еді. Ал «Астана» үшін бұл жеңіс плей-офф аймағына қайта оралумен тең болатын. Сонымен қатар, көпшілік назары «Астана» сапындағы екі жаңа ойыншыға да ауды. Джеймс Флоренс үшін бұл өз алаңымыздағы алғашқы ойын болса, Стефен Холт команда сапына қайта оралған болатын. Осы ретте, «Астананың» бастапқы бесікке шығарған ойыншыларын тізіп шығайық: Джеймс Флоренс, Душан Ристич, Малкольм Хилл, Александр Жигулин және Вадим Щербак.

Ойынға ортадан қосылған допты біздің жігіттер қағып әкетті. Әрі бірінші шабуылдарында-ақ Душан Растичтің тырысуымен есеп те ашты. Алайда ешбір команда бастапқы серпіліспен бірін-бірі қапы қалдыра алмады. Ал доп додасы опыр-топыр, тіпті шым-шытырық үлгіде өрбіп, аса нәтижелі бола қоймады. Ойын бірте-бірте ашық «шайқасқа» ұласты, бірақ қарсыласының аңдысын аңдауда ұмытылмай, екі команда да шабуылда өздерінің еңгерзедей алыптарына сенім артты. Ал Қазақстан командасының атағын шығарып жүрген, әсіресе өз алаңындағы ойындарда мерейін артыра түсетін, алыстан атқылау тактикасынан бірінші кезеңде мүлде нәтиже болмады деуге де болады. Доға сыртынан нысанаға алған 6 соққының тек Джеремайя Хиллдың орындауындағы біреуі ғана шығыршыққа дөп түсті. Ал ұпай қорына үңілсек, бастапқы онминуттықта қонақтар көбінесе алда болды. «Астана» да қалыспай, бірнеше рет таразы басын өздеріне қарай аударды. Десек те, бірінші кезеңде «Енисей» сәл ғана басымдықпен, яғни 4 ұпай айырмасымен, басым түсті. Екінші кезеңнің алғашқы минуттарында Қазақстан командасының кежегесі кейін тартып, үш минутта небәрі 2 ұпай ғана еншіледі. Ал қонақтар болса, есеп айырмасын 10 ұпайға дейін жақындата түсті. Бірақ одан аса алмады. «Астана» ойыншылары олардың екпіндерін дер кезінде тежей білді. Бірақ ойын тізгінін өз қолдарына алудың қисынын таппады. «Енисей» екінші кезең бойы 8 ұпай айырмасымен алда тұрды десек те болады. Өзгеріс Александр Жигулин шабуылды данкпен түйіндей алмағанынан басталды. Өйткені оны қонақтардың лидері Дэвион Берри ойын ережесіне тыс әдіспен тоқтатты. Тура осы сәттен бастап, біздің команданың өздеріне деген сенімдері арта түсті. Сөйтіп, «Астана» осы кезеңде бірінші рет, үлкен үзіліске 35 секунд қалғанда, есепті теңестірді. Алайда сары-көкшіл жейделілер алға шыға алмады. «Енисей» болса, матчтың бірінші жартысын 2 ұпай басымдықпен ғана тәмамдады – 39:41.



Ойынның екінші жартысын екі команда да аса жоғары қарқында бастады. Ал алаңда табан тірескен дүлей дода, ең бастысы, нәтижелі баскетбол қыза түсті. Үшінші кезеңнің басталғанына небәрі екі жарым минут өткенде, командалар өзара 24 ұпай еншіледі. Ал есеп тағы да теңесті. Доп салу үшінші кезеңнің аяғына дейін толастамай, командалар ашық баскетбол додасымен көрермендерді қуантты. Шектен тыс шиеленісті дода қыза түсіп, екі командада алда ұзақ тұра алмай, біршама тайталасты. Осылай, үшінші кезеңнің ойын уақыты тең есеппен аяқталды – 67:67. Ал алда матчтың соңғы, шиеленісті 10 минуты күтіп тұрды. Екі команда да аянған жоқ. Әрбір ұпай үшін, алаңның әрбір сантиметрінде тайталасты. Алаңға негізгі құрам ойыншылары жылдам шығып, шоқтай жанған дода көрігі одан әрі қыза түсті. Бірақ ешқайсысы да суырылып алға шыға алмады. Әйтсе де, «Енисей» төртінші минутта көсіле сілтеп, Эмиль Райковичті бірден тайм-аут алуға мәжбүрледі. Осы бір тактикалық кідірістен соң біздің команданың ойыны жүріп, бабына ене бастады. Бірақ бұл да ұзаққа созылмады. «Астана» таразы басын теңестірген бетте, Красноярск командасының бапкерлері құрамы ойынды тайм-аутпен үзді. Бұдан кейін де біздің жігіттер алда тұрды. Бірақ «Енисей» де қалыспай, есеп айырмасын үш ұпайдан асырмай, отқа май құя түсті. Александр Жигулин 2 айып соқысын мүлтіксіз орындап, допты қонақтардан тартып алды да, дереу Малкольм Хиллға бере қойды. Ал ол болса, есеп айырмасын 5 ұпайға жеткізді. Дражен Анзулович тағы да тайм-аут алуға мәжбүр болды. Ал матчтың аяқталуына бір жарым минуттан да аз уақыт қалған болатын. Әрине, бұл уақыт тактикалық «шайқаспен» өтті. «Енисейдің» жеңісті жұлып алар немесе ойынды овертаймға ойыстырар мүмкіндігі болды. Бірақ біздің жігіттер жеңісті уыстарынан шығарған жоқ. Ал Малкольм Хилл соңғы секундтарда екі айып соқысын мүлтіксіз орындап, қонақтардың аптықтарын су сепкендей басты. Сөйтіп, «Астана» өз жанкүйерлеріне жаңа жылдағы алғашқы сыйлығын тарту етіп, Красноярскінің «Енисей» клубын тізерлетті – 95:90 (18:22, 21:19, 28:26, 28:23).
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» — ВТБ Бірыңғай лигасында шығыршықтан қайтқан допты қағып алудан алдына жан салмай келе жатқан Душан Ристич бірінші орындағы өз мәртебесін нығайта түсіп, бұл ойында 26 ұпай еншілеп, 17 рет доп қағып алды. Екі команда сапында да Малкольм Хиллден артық ұпай еншілеген ешкім болмады. Оның еншісінде – 29 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 5 пас және 3 рет допты тартып әкетті. Сонымен қатар, Малкольм өзінің қимыл-әрекетімен қонақтарды ойын ережесін бұзуға мәжбүрледі – 10 рет. Сондай-ақ, Джеремайя Хилл де ерекше көзге түсті – 15 ұпай, 5 рет доп қағып алды және 4 пас. Ал Александр Жигулин өз еншісіне 11 ұпай жазып, 4 рет доп қағып алды. Сондай-ақ ол орасан зор қара жұмысты атқарып, өз командасының жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.
  • «Енисей»  — Красноярск командасының шүбәсіз көшбасшысы Дэвион Берри болды. Ол 22 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды және 5 пас берді. Томислав Зубчич – 17 ұпай, 6 рет доп қағып алды. Ал Денис Захаровтың еншісінде – 13 ұпай.


Матчтың үздік ойыншысы – Малькольм Хилл. Бұл ойында ол «Астана» шабуылының ең үздік ойыншысы болды. Әрі, аталған шабуылшы нәтижелік көрсеткіштері жағынан өз рекордтарын жаңартты – 29 ұпай, тиімділігі – 31 және 3 рет допты тартып әкетті.

«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Бұл біз үшін өте маңызды жеңіс, өйткені біз турнир кестесінде төртінші орынды иемденіп тұрған қарымды командамен ойнадық. Дражен Анзулович пен оның шәкірттері биыл тамаша маусым өткізіп келеді. Бірақ бүгін біздің ойыншыларымыздың жігерлері басым болып, 100% өз мүмкіндіктерін паш етіп, маңызды жеңіске қол жеткізді.

«Енисей» клубының бас бапкері — Дражен Анзулович:
— Қарсыласымызды құттықтаймын. Шешуші сәттерде олар бізден асып түсіп, зерделі болды. біздің жеңісті өңгеріп кетер мүмкіндігіміз болды, бірақ біз оны мүлт жіберіп алдық. Матч соңында «Астана» сабырлық танытып, жеңіске жетті.

Салдары: «Астана» өз алаңында өте сирек ұтылатындығын тағы да бір рет дәлелдеп шықты. Әрі осы жеңісімен турнир кестесінде екі саты жоғары өрлеп, жетінші орынға орналасты. Ал «Енисей» болса, бір саты төмен сырғып, бесінші орынға жайғасты.

Келесі матч: Тура бір аптадан кейін, жексенбі күні, 12 қаңтарда біздің жігіттер ВТБ Бірыңғай лигасысындағы келесі ойынын өткізіп, Ресейдің Пермь қаласындағы «Парма» клубымен кездеседі.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры