«Астана» Президенттік баскетбол клубының тұсаукесер рәсімі

23.09.2016, 16:00    Оқылғаны: 1994
Дереккөз: Sports.kz
Автор: Ануар Абрахманов
Елордада «Астана» Президенттік баскетбол клубының 2016/2017 жылдар маусымының ашылуына арналған тұсаукесер рәсімі өтті.

«Астана» жаңа маусымда тағы да ғаламшардағы ең үздік лигалардың бірінде, яғни ВТБ Бірыңғай лигасында біздің еліміздің намысын қорғайтын болады. Қазақстан клубын биылғы маусымда грек маманы Илиас Папатеодору жаттықтырады. Қазір «Астана» сапында 15 баскетболшы бар: 10 қазақстандық және 5 легионер. Командадағы ең тәжірибелі ойыншылар –  команда капитаны Рустам Ерғали, Антон Пономарев және Дмитрий Климов (ҚР ҰЛ бірнеше дүркін чемпиондары, әр жылдардағы – MVP маусым қорытындысы бойынша), сондай-ақ Оусман Крубэлли (Словения чемпионатының ең үздік баскетболшысы) және Роберт Лаури. Маусым арасында «Астана» құрамын толықтырған арасындағы танымал ойыншылар – Леонидас Каселакис, Ян Миллер, Оусмэн Крубэлли, Родерик Одом және Дмитрий Гаврилов.

Аманбек Күлшіков, «Астана» Президенттік клубының Атқарушы директоры:

– Сіздер білесіздер ме, команда бес маусым қатарынан ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысына шықты. Алайда соңғы маусым көңілдегідей болмады. Клуб бюджеті екі есе қысқарды. Әйтсе де, соған қарамастан, жоғары жетістіктерге жете алатын жанкешті команда құру керек болды. Сондықтан Президенттік клуб командаға, оның ішінде құрамына елеулі өзгерістер енгізді. Валерий Тихоненкомен бірге ауқымды селекциялық жұмыс жүргізілді.

Жаңа маусымда команданың алдына нақты мақсаттар қойылып отыр. Бұл – ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысына шығу және қайтадан Қазақстан чемпионы болу. Биыл жасақталған команда құрамы осы мақсаттарға қол жеткізе алады деп сенеміз. Естеріңізде ме, біздің әу бастағы мақсаттарымыздың бірі балалар академиясын құру болатын. Биыл осы жобаны жүзеге асырмақпыз.

Жаңа маусымда біз команда атауын өзгерттік. Енді команда «Астана» Президенттік баскетбол клубы деген атаумен өнер көрсететін болады. Бұл команданың мәртебесін өсіре түсуі керек. Клубтың Бас менеджері Валерий Тихоненко болады. Ол – Қазақстан баскетболының аты аңызға айналған тарихи тұлғасы. Оның тәжірибес мол, әрі соңғы жылдары клубтың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді.  
Өз кезегімізде, бізге жалынды жас мамандар керек екендігін де есімізден шығармаймыз. Кәнігі әріптестерінен өнеге-үлгі алып, солар сияқты білікті басқарушылар, менеджерлер болатын талаптты жастар керек. Осы ретте, біз Қазақстанда баскетболды дамытуға талпынып жүрген Жомарт Әсенхановты шақырдық. Өздеріңіз білесіздер, биыл Астанада стритболдан FIBA 3×3 U18 WORLD CHAMPIONSHIPS додасы өтті. Жомарт осы игілікті шараны ұйымдастырушылардың бірі болды. Бұл оның тәжірибесі жетіліп қалғандығын көрсетеді. Жомарт Әсенханов клубтың Атқарушы директоры қызметін атқарады. Ол тәжірибесін толықтыра түсіп, клубты жетілдіре түсуге өз үлесін қосады деп үміттенеміз.

Енді команда құрамына тоқталар болсақ, біз легионерлер санын азайтуды жөн көрдік. Бұл жергілікті ойыншыларға көмектесу мақсатында жүзеге асырылып отыр. Өткен жылғы құрамнан небәрі бес-ақ ойыншы қалды. Команда капитаны Рустам Ерғалиев болады. Әрі әйгілі жұлдыздарды шақырған жоқпыз. Әлеуеті мол жастарға көп көңіл бөлдік. Әрине, Словенияның үздік ойыншысы болған Оусман Крубэллиді және Роберт Лауриді бөле-жара атап өтуге болады. Оған да біз үлкен сенім артамыз.

Жазда баскетбол командасын жаңа аренаға көшіру туралы келіссөздер жүргізілді. Өткен маусым «Астана» үшін сәтті болмады. Бірақ оның өзіндік себептері бар. Бұл – ойыншыларға немесе жаттықтырушыларға ғана байланысты емес, қордаланып қалған мәселелер жиынтығы. Команданың нәтижесіне әсер ететін себептер көп, оның ішінде арена да бар. Өкінішке қарай, баскетбол клубының әлі өз алаңы жоқ. Біз «Сарыарқа» велотрегінде ойнаймыз. Оның мемлекеттік маңызды нысан екенін, ұлттық мерекелік күндері әртүрлі шаралар ұйымдастырылатындығын ескере отырып, баскетбол клубына үйдегі ойындарын өткізу үшін басқа қалаларға баруға тура келді. Өкінішке қарай, биыл біз жаңа аренаға көше алмадық. Маусым барысында, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Президенттік клубтың жоспарында жаңа база салу бар. Онда Президенттік клуб құрамына кіретін клубтардың бәрі дайындала алатын болады.

Қазір біз «Назарбаев Университеті» базасында баскетболдан балалар академиясын ашу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл студенттерге де қызықты болады деп ойлаймын. Өзара тиімді ынтымақтастық болар еді.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Грекия – Еуропа баскетболындағы алдыңғы лектегі елдердің бірі. Биыл атақты бапкер іздеуге тырысқан жоқпыз. Биік белестерге көз тіккен, талапты жаттықтырушы іздедік. Ал Илиас Папатеодору 18 жасқа дейінгі Грекия құрамасымен Еуропа чемпионы болған. Біз осы маман біздің алға қойған мақсаттарымызға команданы жетелеп шыға алады деп үміттенеміз.    
    
Валерий Тихоненко, «Астана» баскетбол клубының Бас менеджері:

– Сіздермен бүгінгі басқосуда кездескеніме қуаныштымын. Бірінші кезекте, бүгінгі таңдағы қиындықтарға қарамай, Қазақстанда баскетболды сақтап қалғандары үшін Президентік клубтың басшыларына алғыс жолдағым келеді. «Астана» – Қазақстан баскетболының көшбасшысы. Біз баскетболды жарты жолда тастап кетпегендері үшін Президенттік клубқа алғыс білдіреміз. Енді осы жолымыздан таймай, алға қойған мақсаттарымызға жету үшін барымызды саламыз.
Командадағы жоспарымыз өзгерді, көптеген өзгерістер жүзеге асты. Егер қазақстандық ойыншылар жайлы айтар болсақ, біз соңғы жылдары деңгейлері өскен баскетболшыларды алып қалдық. ВТБ Бірыңғай лигасында ойнау – бұл жоғары деңгейде бақ сынау. Тәжірибелі ойыншылар да, жас баскетболшылар да өздерінің бар мүмкіндіктерін толықтай көрсетулері керек. Біздің команданың жұдырықтай жұмыла жұмыс істеп жүргендігі қуантады. Биыл балалар академиясы ашылатындығы да – тамаша. Бұл бізге керек. Бес-алты жылдан кейін біздің командамызда ойнап, халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғайтын балалар бар.

Илиас Папатеодору, «Астана» баскетбол клубының бас бапкері:

– Әуелі «Астанада» жұмыс жасауға мүмкіндік беріп отырған клубқа алғыс білдіргім келеді. Бұл – маған беріліп отырған мүмкіндік. Әрі мен өзімді бақытты сезінемін. Команданы жаңадан жасақтап отырмыз, енді намысты қолдан бермей, әрбір ойында жанкештілік танытып, сенімді ақтауға тырысамыз. Бізге қазақстандық ойыншылар да, легионерлер де бірдей, оларды алаламаймыз. Қазақстан чемпионы атағын қайтадан жеңіп алудың маңызы зор. Әрине, біз ВТБ Бірыңғай лигасында ойнау өте қиын екенін түсінеміз. Онда жарық жұлдыздармен және даңқты бапкерлермен жасақталған клубтар жиналған. Бұл біз үшін – алға ұмтылу. Осындай әйгілі клубтарды жеңу үлкен жетістік болады. Біз, бәріміз бірге жетіле түсе аламыз деп үміттенемін. Жаңа маусымға дайындалу барысында қыруар жұмыс атқарылды. Біз табан тіресе додаға түсуге әзірміз. Бізге енді жанкүйерлер қолдау керек.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»