«Астана» сырт алаңдағы сұрмергендер сайысында ЦСКА-дан ұтылды

16.12.2019, 10:00    Оқылғаны: 535
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

 «Астана» Президенттік баскетбол клубының баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасының түздегі матчында Мәскеудің ЦСКА-сымен табан тіресе тайталасқандарымен, жеңіліске ұшырады.

«Астана» доп ойынға қосылғанда, оны іліп әкеткенімен, бірінші шабуылын сәтті аяқтай алмады. Ал алаң иелері өздерінің бірінші шабуылдарында алғашқы ұпайларына қол жеткізіп, есеп ашты. Біздің команда есепті теңестіргенімен, ЦСКА қайтадан алға шықты. Осылай, «Астана» қарсыласын қуып жетуге тырысумен болды. Ал әскерилер клубы есеп айырмасын алты ұпайға дейін жеткізді. Бірақ бірінші кезеңнің ортасында Эмиль Райковичтің шәкірттері бір ғана ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бұдан кейін екі команда бір-бірінің шығыршығына толассыз доп тоғытумен болып, ЦСКА ойыншыларына өз басымдықтарын сәл де болса, ұлғайта түсу үшін шүмектетіп тер төгуге тура келді. Бірінші онминуттықтың соңында екі команданың арасын 4 ұпай ғана бөліп тұрған. Алайда соңғы секундтарда алаң иелері екі шабуылын сәтті аяқтап, бұл кезеңді +8 басымдығымен тәмамдады. Қазақстан командасы үшін екінші кезеңнің басы көңілдегідей болмады. Бір минутқа да жетпейтін уақыт ішінде олар үш командалық ескерту алды. Ал ЦСКА болса, өз басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Кезеңнің басталғанына екі минутқа да жетпейтін уақыт өткен кезде, «Астана» 14 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Әйтсе де, біздің жігітер намысты қолдан бермеуге тырысты. Бұл кезенің басым бөлігінде есеп айырмасы 10 ұпайдың шамасында сақталып тұрды. Бірақ доп додасы терезесі тең дәрежеде өтті. Бұл матчтағы есте қалар ұмытылмас сәттердің бірі Джеремайя Хиллдің орындауындағы үш ұпайлық баззер болды. Десек те, екінші кезеңде мәскеуліктер басым болып, матчтың бірінші жартысы аяқталғанда, алға қарай біршама ұзай түсті – 55:43. 



Әйтсе де, матчтың басында ЦСКА ұтып жатқанымен, оларды айқын фаворит деу қиын еді. Мәскеуліктер біздің командадан кейбір көрсеткіштер бойынша асып түсті. Бірақ Қазақстан командасы бастапқы 20 минутта табан тіресе тайталасып, алаң иелеріне мүлде оңай болған жоқ. Он бес минуттық үзілістен кейін де алаңдағы дода көрігі басылған жоқ. Қарсыласымыз алда тұрғанымен, олар есеп айырмасын ұлғайта алмай қойды. Кезеңнің бел ортасында астана баскетболшылары қарқындарын үдете түсті. Ал ЦСКА-ның кежегесі кейін тартып, Мәскеу ойыншылары «Астана» шабуылдарына төтеп бере алмай қалды. Содан әскерилер клубының бапкерлері құрамына ойынға араласып, құйындай орап соққан қазақстандықтарды тайм-аутпен тоқтатуға мәжбүр болды. Ал бұл кезде біздің команда есеп айырмасын 4 ұпайға дейін қысқартқан болатын. Өкінішке қарай, Димитрис Итудистің дәл осы тактикалық кідірісі жүзеге асып, біздің жігіттердің қарқындары әлдеқайда басылып қалды. Соның арқасында ЦСКА өз гандикапын қайтадан қалпына келтіре бастады. Соңғы кезеңнің алдында «Астана» біршама есеп айырмасымен ұтылып жатты – 14 ұпай. Төртінші кезең де жан беріп, жан алысар үлгіде өтті. Бірақ алаң иелері өз басымдықтарын уыстарынан шығармай, кейді оны тіпті 15 ұпайдан да асырып отырды. Ал кей сәттерде 10 ұпайдан да кеміп қалып, қыза түсті. Жалпы, ойын өте нәтижелі өтіп, матч соңында алаң иелері ұпай қорларын жүзден де асырып, жеңіске жетті – 104:91 (29:21, 26:22, 27:25, 22:23).
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» — Душан Ристич кезекті рет өз еншісіне дабл-дабл жазды – 22 ұпай, 10 рет доп қағып алды және 4 пас. Малкольм Хилл екі ұжым сапында бәрінен көп ұпай еншілеген ойыншы болды – 28 ұпай. Вадим Щербак бұл матчта 14 ұпай олжалады. Бұл – Вадим үшін аса жоғары көрсеткіш. Өйткені ол бұған дейінгі өз карьерасында, ВТБ лигасындағы 4 жыл ішінде, небәрі 5 ұпай ғана еншілеген болатын.
  • ЦСКА — мәскеуліктер сапында ВТБ Бірыңғай лигасының қараша айындағы MVP Майк Джеймс үздік шықты, ол 23 ұпай еншілеп, 5 пас берді. Йоханнес Войтманн 16 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды. Ал Семен Антоновтың өз командасына қосқан үлесі 16 ұпай болды.


ЦСКА клубының бас бапкері Димитрис Итудис:
— Біз бүгін жақсы ойнадық, мен командамды құттықтаймын. Менің мақсатым, ойыншылардың алаңда өткізетін уақыттарын біркелкі қылып, бөліп отыру болды, өйткені келесі аптада біз үш ойын өткіземіз.

«Астаны» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— ЦСКА командасын жеңісімен құттықтаймын. Ойын жанкүйерлер үшін қызықты болды деп ойлаймын. Тамаша сәттер, данктер, үш ұпайлық әдемі салынған доптар көп болды. Екі команда да алыстан көп шабуылдап, үш ұпайлық доптарының 50 пайыздан астамын дөп түсіріп, дода көрігін қыздыра түсті. Біздің бүгін ойларымыздың көбісі орындалды. Енді осыны алдағы жеңістеріміздің түпнұсқасына айналдыруға тырысамыз. Мәселен, жуырда Польшаның «Зелена Гурасымен» кездесеміз. Маған осындай деңгейде Қазақстан ойыншыларының өз мүмкіндіктерін паш етіп жүргендері қатты ұнайды – Щербак, Пан және Мырзағалиев бүгін өздерін көрсетті. Олардың әлі де жетіле түсетіндеріне сенімдімін.

Салдары: «Астана» биылғы маусымдағы бірінші мүмкіндігінде алғаш рет әскерилер клубын жеңе алмады. Бірақ чемпиондармен арадағы бұған дейінгі ойындармен салыстарғанда, бүгін ең үздік ойын өрнегін көрсетті. Әйткенмен, Мәскеудегі бүгінгі жеңіліснен кейін «Астана» турнир кестесінде тағы бір саты төмен сырғып, 11-орынға табан тіреді.

Келесі матч: Тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл соңында елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, түзде тағы бір ойын өткізеді – 23 желтоқсанда «Астана» Польшаның «Зелена Гура» клубымен кездеседі.



Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»