«Астана» өз алаңындағы тартысты ойында «НН» клубына есе жіберіп алды

08.12.2019, 10:00    Оқылғаны: 105
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы 2019 жылғы, ВТБ Бірыңғай лигасындағы, өз алаңында «Нижний Новгород» клубымен өткен соңғы ойында сүрініп, өз жерімізде бірінші рет жеңіліске ұшырады.

Есепті біздің команда ашты, бірақ нижныйлықтар бұған тез жауап қатып, таразы басын теңестірді. Жалпы, алғашқы минуттар алма-кезек «атқылаумен» өтіп, мұнда Нижний Новгород қаласынан келген қонақтардың бақтары жанды. Бірінші кезеңнің бел ортасында олар алда тұрды. Бірақ «НН» басымдығы ұзаққа созылмады. Біздің жігітттер намысқа жүгініп, есепті тез теңестірді. Одан кейін тіпті алға да шықты. Осылай бірінші кезең аяқталғанда, екі команданың арасын 5 ұпай бөліп, «Астана» алда тұрды. Бәсеке көрігі мен екі команданың қарқыны екінші кезеңде де бәсеңдеген жоқ. Доп додасы мейілінше қыза түсті. Астана командасы өз басымдығын уысынан шығармауға тырысты. Алайда, өкінішке қарай, бұл да ұзаққа созылмады. Ойынның бірінші жартысының аяқталуына бес минут қалғанда есеп айырмасы тең болды. Ал бұдан кейін «НН» алға шығып кетті. «Арқан тартыс» үлкен үзіліс басталғанша тоқтаған жоқ. Біздің жігіттер тағы да таразы басын теңестіріп, қайтадан алға шыққан. Бірақ осы кезеңнің және матчтың бірінші жартысының соңында қонақтардың асықтары алшысынан түсті – 41:44.



Матчтың бірінші жартысында екі команданың алма-кезек алға шығулары, екеуінің де бүгін тек жеңіске жетуді көздейтіндіктерін меңзеп тұрды. Екінші кезеңде де жанкүйерлер табан тіреске тартысты доданың куәсі болды. Бұл сөзімізге «Астана» клубының қайтадан алға шыққандығы дәлел бола алады. Алайда олар қонақтардың қуып жетулеріне мүмкіндік беріп қойды. «Мысық пен тышқандай» аңдысқан ойын үшінші кезеңнің ортасына дейін созылды. Осыдан кейін «Астананың» кежегесі кейін тартып, сәтсіздікке ұшырады. Ал қонақтар мұны қалт жібермей, қарқындарын үдете түсті. Әрі есеп айырмасын бұл ойында бірінші рет екі таңбалы санға жеткізіп, көсіле шапты. Олардың басымдығы шегінің +14 ұпай айырмасына дейін жеткен сәттері де болды. Эмиль Райковичтің өзіне де, шәкірттеріне де бұл, әрине, мүлде ұнаған жоқ. Бас бапкер үшінші кезеңнің соңғы 2 минутында өз жігіттерін жігерлендіре түсті. Әрине, есеп айырмасын толықтай қысқарту мүмкін болмады, әйтсе де екі еседей қысқартып, ойын қайта қыза түсті. Соңғы кезеңнің басы жүйкені жұқартып, күйзеліске толы болды. Екі командаға да ұпай еншілеу оңайға түскен жоқ. Сары-көкшіл жейделілер сабаларына түсіп, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда дода көрігін қайтадан қыздыра түсті. Есеп айырмасын небәрі 4 ұпайға дейін қысқартты. Бірақ қонақтар да қарап қалмады, соңғы күш-жігерлерін салып, оны қайта ұлғайта түсті. Осы ретте айрықша айта кетерлігі, «НН» ойыншылары ойын ережесін жиі бұзып, матч соңында бұл әрекеттерінің нәтижесі көріне бастады. Нақтырақ айтқанда, олардың лидерлері ойын ережесін көп бұзғандықтан, алаңнан аластатыла бастады. «Астана» үшін таразы басын өздеріне қарай аударып алатын тамаша мүмкіндік туындады. Матчтың аяқталуына бір минут қалғанда олар небәрі 3 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатқан болатын. Алайда, өкінішке қарай, бүгін біздің команданың бағы да жанбады, жолы да болмады. Елорда командасы биылғы маусымда өз алаңында бірінше рет жеңіліске ұшырады – 79:84 (24:19, 17:25, 23:28, 15:12).
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» — Малькольм Хилл осы ойында ең көп ұпай жинаған ойыншы болды, тіпті матчың басты тұлғасы бола жаздап, тек төртінші кезеңде 12 ұпай еншіледі. Душан Ристич кезекті рет дабл-дабл авторы атанды – 14 ұпай және 10 рет доп қағып алды. Сондай-ақ, Коти Кларк те 16 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды. Ал Джеремайя Хил екі команда сапынан да ең көп пас берген ойыншы болды – 11, бұл ойын үйлестіруші тән нәтиже, Джеремайя осы матчтағы бойы аласа екінші ойыншы болды, бірақ блокшот қоюдан да алдына жан салмады, бұл өте маңызды көрсеткіш.
  • «Нижний Новгород» — Брэндон Браун мен Даррал Уиллис қонақтардың негізгі қозғалтқыш күші болды. Командаларының жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосып, Брэндон 24 ұпай еншілеп, 6 пас берді. Ал Даррал 20 ұпай еншілеп, 13 рет допты тартып әкетті.

«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Біздің жеңіске жететін мүмкіндігіміз болды. Бірақ біз оны пайдалана алмадық. «Нижний Новгород» – өте азулы команда. Бүгін қонақтарымыздың алмастырып ойнайтын ойыншылары көп болды. Олар 40 минут бойы тізгін тартпай, жанкештілік танытты. Бізге енді қазіргі қиын жағдайымыздан шығу жолдарын қарастырып, алға қарай жылжу қажет.

«Нижний Новгород» клубының бас бапкері — Зоран Лукич:
— Бірінші кезекте, түздегі маңызды жеңісімізбен өз ұжымымды құттықтағым келеді. Іс жүзінде біз ойын тізгінін бастан-аяқ өз қолымызда ұстадық. Тек соңында босаңсып қалдық, ал қарсыласымыз есепті қысқарта бастады. Бізге осындай сәттердегі өз ойынымызды түзеу қажет.

Салдары: «Астана» үшінші рет қатарынан жеңіліске ұшырап, турнир кестесінде 10-орынға сырғыды. «Нижний Новгород» болса, жоғары көтеріліп, жетінші орынға жайғасты.

Келесі матч: «Астана» Президенттік баскетбол клубы 9 және 10 желтоқсан күндері өз алаңында, биылғы маусымдағы Ұлттық лига додасында бірінші рет Қостанайдың «Тобылымен» кездеседі. Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі ойынын түзде, 15 желтоқсан күні Мәскеудің ЦСКА командасымен өткізеді.
 

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»