«Астана» түзде «Калевтен» ұтылып қалды

26.11.2019, 10:00    Оқылғаны: 356
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы түзде Эстонияның «Калев» клубымен ВТБ Бірыңғай лигасы аясында додаға түсіп, жеңіліске ұшырады.

Бүгінгі матчта ең алғаш ұпай алған біздің команда болды, бірақ ойынның басында екі ұжымға да шығыршыққа доп салу оңай болмады. Екі команда да доп лақтырғанда мүлт кетіп, жаза басты. Сондықтан 3 минуттан кейін есеп небәрі 2:2 болып тұрды. Бұдан кейін алаң иелері алға шықты. Алайда «Астана» да қарап қалмай, көсіле сілтеді. «Калевке» бұл ұнай қойған жоқ, әрине. Әрі эстондардың жауабы көп күттірмеді. Әйтсе де, алаң иелерінің қарсы шабуылы біздің жігіттерді қамшылай түскендей болды. Астаналықтар бірінші кезеңнің соңын нәтижелі өткізіп, 4 ұпай айырмасымен алға шықты. Екінші кезеңде дода көрігі қыза түсті. Елорда баскетболшылары ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысты. Бірақ алаң иелері шығыршығын дөп көздеудің сәті жиі түспеді. Эстондар екінші кезеңде мейілінше ширақ қимылдады, бірақ есеп айырмасын ұлғайта алмады. Үлкен үзіліске бір жарым минут қалғанда, таразы басы тең болды. Алайда кезең соңын «Калев» сәтті өткізіп, екінші кезеңде басым түсіп, 4 ұпай айырмасымен алға шықты – 40:36.



«Астана» ойынның бірінші жартысында небәрі 4 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бұл дода көрігіне соншылақыт әсер ете қойған жоқ, ойынның бар қызығы алда еді. Үшінші кезеңнің бірінші минутында біздің жігіттер қарқындарын бәсеңсітіп алып, алаң иелерінің қауіпті шабуылдарын тойтара алмай қалды. Ал есеп айырмасы екі таңбалы санға жетіп, эстондар екпін алды. Мұның басты себебі Эмиль Райкович шәкірттерінің нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмауы еді, олар доп лақтырғанда көп қателесті. «Калев» өзіне сенімді болды, бұл басымдықты уысынан шығарған жоқ. Ал есеп айырмасы үшіннші кезеңнің басым бөлігінде 10 ұпайдың ар жақ, бер жағында болды. Кезең соңында Қазақстан командасы тағы да алаң иелерінің құйындай орап соққан шабуылдарына тосқауыл бола алмады. Осылай соңғы кезеңге дейін 18 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бұл, әрине, аз емес еді. Жалпы, үшінші кезең біздің команда үшін шектен тыс сәттсіз аяқталды. Басты себебі шығыршықты дәл көздей алмау болды. Ал «Калев» болса, керісінше, екпін алып, ойын тізгінін уыстарынан шығармады. Енді 18 ұпай айырмасымен ұтылып жатып, 10 минут ішінде жеңісті жұлып алу оңай мүлде емес. Эмиль Райковичке ойын өрбісін өзгерту үшін бірдеңе ойлап табу керек болды. Ал ойыншыларға үшінші кезеңдегі мәні жоқ ойындарын ұмыту керек еді. Астана командасының бас бапкері ойыншыларын жігерлендіре алды, дұрыс өзгерістер енгізді. Сөйтіп, «Астана» есеп айырмасын қысқарта бастады да, әр минут сайын дода көрігі мейілінше қыза түсті. Осылайша, «Астана» есеп айырмасын оның үштен екі бөлігіне дейін қысқартты. Ал матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда, есеп айырмасы небәрі 6 ұпайды құрады. «Калевтің» бапкерлері жеңістен айырылып қалмау және дода көрігін одан әрі ушықтыра түспес үшін барлық резервін іске қосты. Ал біздің жігіттер, өкінішке қарай, жеңісті жұлып ала алмады – 84:76 (15:19, 25:17, 31:17, 13:23).
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» – елорда командасы сапындағы негізгі скоррер Малькольм Хилл болды, ол 22 ұпай еншіледі. Душан Ристич кезекті рет дабл-дабл авторы атанды – 14 ұпай және 10 рет доп қағып алды. «Астананың» ұпай қорына Айзея Уайтхед те сүбелі үлес қосты – 15 ұпай және 5 рет доп қағып алды.
  • «Калев» – Эмиль Райковичтің шәкірттерін тыным бермеген Кайл Виналес болды – 23 ұпай, 8 рет доп қағып алды және 7 пас. Біздің командаға қауіп төндірумен болғанның бірі Янари Йоэсаар – 21 ұпай және 8 рет доп қағып алды.

Нәтиже: «Астана» Таллинндегі ойыннан кейін өзінің түздегі жеңісін кейінге шегерді және «өз үйінде ғана» жеңіске жететін команда деген атаққа лайық екендігін көрсетті. Бұл жеңіліс турнир кестесіндегі жағдайына әсер етіп, рейтингте 10-шы орынға сырғыды. Әзірше түздегі ойындарда біздің команданың бағы жанбай жүр. Бірақ ойыншылар да, жаттықтырушылар құрамы да түзде екі рет жеңіске жете алмаған соң қателіктерін түзеуге тырысады.

«Калев» клубының бас бапкері — Робертс Штельмахерс:
— Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Әсіресе, ВТБ лигасында үш рет қатарынан ұтылып қалғаннан кейін бұл жеңіс бізге өте қажет еді. Әрі өз алаңымызда жеңіске жеттік, бұл да қуантады. Бүгін матч алдында келіскеніміздей, қорғаныста сауатты ойнап, шығыршықтан қайтқан допты аңдумен болдық.

«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович:
— «Калевті» құттықтаймын. Қарсыласымыз ойынның екінші жартысында, әсіресе үшінші кезеңде, көсіле сілтеді. Сондықтан жеңіске жетті. Біз таразы басын теңестіре алмадық, есеп айырмасы тым алшақ болды, матч соңында оған күш-жігеріміз жетпеді. Бүгін өрескел қателіктер жіберіп алдық, әсіресе – қорғаныста. Кейбір соққыларымызды асығыс орындадық және өзімізге тән емес ойын өрнегін көрсеттік

Келесі матч: «Астана» келесі ойындарын түзде өткізеді – 1 және 2 желтоқсан күндері елорда баскетболшылары Ақтөбеге барып, онда аталмыш қала аттас командамен Ұлттық лига чемпионаты аясында додаға түседі. Ал Эмиль Райкович шәкірттерінің ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі қарсыласы – «Нижний Новгород». Кездесу 7 желтоқсан күні Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»