Эмиль Райкович ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлері құрамын басқарады

18.11.2019, 08:00    Оқылғаны: 1351
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубының бас бапкері Эмиль Райкович 2021 жылғы Азия кубогының іріктеу додасы қарсаңында ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы болып бекітілді.

Келісімшартқа қол қойылған бетте, Эмиль Райкович «Дала арландары» мен алдағы 2021 жылғы Азия кубогының іріктеу додасына қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.

– Тағайындалуыңызбен құттықтаймыз! Бұл сіз үшін Ұлттық құраманың бас бапкері ретіндегі алғашқы қадам емес пе?
– Өте дұрыс, бұл менің карьерамда Ұлттық құраманың бас бапкері ретіндегі алғашқы сын болады. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе, осындай сенім артып отырған Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясы мен Ұлттық Олимпиада комитетіне айтар алғысым шексіз. Бұған дейін мен Македония ұлттық құрамасының бас бапкеріне көмекші болып, U-18 және U-20 жасөспірімдер құрамаларының бас жаттықтырушы болғанмын.

– Қазақстан құрамасы жайлы естіп қана жүрген жоқ шығарсыз, 2019 жылғы Әлем кубогының іріктеу додасы барысында Ұлттық құрама сапындағы өз шәкірттеріңіздің өнерлерін қадағалаған да боларсыз. Олардың ойын өрнектеріне қандай баға берер едіңіз?
– Әрине, 2019 жылғы Әлем кубогының іріктеу додасы барысында Ұлттық құрамасының өнерін қадағалап отырдым, әрбір ойынын қалт жібермей көрдім. Біздің жігіттер тәп-тәуір ойнады, аянған жоқ, бар күш-жігерлерін салды деп ойлаймын. Айта кету керек, екінші кезеңде Қазақстан құрамасы түскен топтағы командалардың деңгейлері жоғары еді, қарсыластары азулы болды. Әйтсе де, нәтиже жаман болған жоқ. Бұл ретте, Филиппин құрамасымен өткен бірінші ойынды бөле-жара атап өтуге болады. Өкінішке қарай, өз алаңымызда өткен екінші матчта команда жеңіске жете алмады. Қазақстан құрамасының әлемдік біріншілікке шыға алмауының басты себебі де осы болды. Өз кезегімде, біз бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз, әр ойыншы ұлттық құраманың жоғары жетістігіне өз үлесін қосады деп үміттенемін.

– «Астана» тағы да ұлттық құраманың негізін қалайтын клуб бола ма және сіз Қазақстанның басқа клубтарының ойыншыларын да тартасыз ба?
– «Астана» сапындағы ойыншылардың көбісі Қазақстандағы үздік ойыншылар екені анық, сондықтан олар Қазақстан құрамасы сапында ойнайтын болады. Басқа клубтардың ойыншыларына келер болсақ, біз Ұлттық лига ойындарына дайындалғанда барлық жағдайды саралап, мониторинг жүргізіп және қарсыластарымыздың үздік ойыншыларына зер салып отырамыз. Бірақ дәл қазір құрама сапына кімдерді шақыратынымызды нақтылап айта алмаймын. Себебі бәрін де егжей-тегжей талдап, саралау қажет.

– Енді сізге команданы жаттықтыру жұмыстарымен қоса 2021 жылғы Азия кубогының іріктеу додасы матчтарына ұлттық құраманы дайындауды бірге атқару керек. Бұдан сіз қандайда бір қиындық көріп тұрсыз ба, әлде керісінше, мұның пайдасы да бар ма?
– Президенттік баскетбол клубының ойыншылары ұлттық құраманың негізін қалайтын болғандықтан, мұның артықшылығы – зор. Өйткені 2021 жылғы Азия кубогы дайындығын тиімді өткізу және үздік ойын өрнектерін қалыптастыру үшін бізде уақыт көп болады.

– Бұл сұрақты қоймау мүмкін емес, Энтони Клемонс жайлы – оны Қазақстан ұлттық құрамасын жасақтау барысында қатардан көре аламыз ба?
– Әрине, біз Энтони Клемонсты құрама сапын жасақтау тізіміне қосамыз.

– Өткен маусымда сіз «Астананы» ВТБ Бірыңғай лигасында және Қазақстан чемпионатында жаңа деңгейге көтердіңіз. Өзіңізді осы жетістікке жетудегі құпияыңызды құрамамен жұмыс барысында қалай қолданбақсыз?
– Негізі, ешқандай да жетістікке жету құпиясы жоқ, әр жеңіс шүмектетіп және аянбай төккен термен келеді. Баскетбол, командалық өзге спорт түрлері секілді, екі ғана қарсылас бар – ойын. Сондықтан бәрі де өзіңе байланысты. Бірақ біз ұлттық құраманы өзіміздің ілім-білімімізбен және қалыптасқан тактикамызбен дайындауға, әрі іріктеу сатысында неғұрлым жеңіске көбірек жетіп, 2021 жылғы Азия кубогы жолдамасына қол жеткізуге тырысамыз.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 8 маусымда Үндістанның Бангалор қаласында баскетболдан ерлер арасында 2021 жылғы Азия кубогы іріктеу додасының жеребесі тартылды. Оның қорытындысы бойынша «Дала арландарының» бір топтағы қарсыластары анықталды. Ал шілде айында FIBA ойындар кестесін жариялады. Бұл матчтар да Әлем кубогының іріктеу сатысы секілді «үйде және түзде» жүйесі бйынша, 3 кезеңге бөлініп өткізіледі. Бірінші сатысы 2020 жылғы ақпан айының соңына жоспарланған. Екінші кезеңнің ойындары 2020 жылғы қараша айында өтеді. Ал үшінші, яғни соңғы елек 2021 жылғы ақпан айына белгіленген. 


Эмиль Райкович – Македонияның бұрынғы кәсіпқой баскетболшысы. Бапкерлік мансабын 2006 жылы Македониядағы «KK Feni Industries» клубының жаттықтырушысы ретінде бастаған (2006 – 2013). Сондай-ақ өз еліндегі «KK Rabotnicki» командасының (2013/2014) және Польшаның «Шленск-Вроцлав» клубының (2014 – 2016) бапкерлері құрамын басқарған. 2008 жылдан 2014 жылға дейін төрт рет Македония чемпионатында «Жыл жаттықтырушысы» болып танылған. Польша лигасындағы соңғы екі жылда, яғни 2017 және 2018 жылдары, «Үздік жаттықтырушы» атанған. 2011 жылы Македонияның «KK Feni Industries» командасымен Балқан лигасында топ жарған. Еуропада Эмиль Райковичті қайтпайтын қайсар және жаратылысынан жеңімпаз бапкер ретінде біледі. Ол бұрынғы Югославия Республикасының жаңа толқынды, болашақтарынан көп үміт күтуге болатын дарынды жаттықтырушылары қатарынан шыққан. Жоғары бапкерлік біліктілігімен қоса қарамағындағыларды айрықша жігерлендіре білетін және олардың психологияларын жақсы түсінетін маман ретінде танымал.

«Астана» 2018/2019 жылдар маусымында Македония маманының жетекшілігімен ВТБ Бірыңғай лигасында, өз тарихындағы ең үздік маусымын өткізді. Қазақстан командасы Лига чемпионатында өз рекордын жаңартып, 15 рет жеңіске жетті (57,7% – бұл да үздік нәтиже). Соның арқасында маусым қорытындысы бойынша 6-орынға ие болды. Сонымен қатар, «Астана» Лига тарихында соққан және жіберіп алған доптары (ұпайлары) бойынша, биылғы маусымның қорытындысында, орта есеппен алғаш рет оң балансқа қол жеткізді (+2,7). Наурыз айында елорда клубы Лиганың негізгі додасындағы жеңістері бойынша өз рекордын жаңартты – 13. Ал «Енисей» клубынан басым түскен соң жеңіске жеткен матчтарының пайыздық көрсеткіші бойынша ең үздік нәтижесіне қол жеткізді – 60. Қазақстан астанасының командасы барлығын соңғы секундтарға дейін тайталасуға үйретті. «Астананың» ойын басында ұтылып жатып, бірақ матч барысында бапкерлері құрамының өзгерістер енгізуінің арқасында есепті қысқартып және жанкештіліктерінің арқасында жеңісті жұлып алған кездері аз болған жоқ. Эмиль Райковичтің шәкірттерінің ел ішіндегі жетістіктеріне тоқталар болсақ, «Астана» оның жетекшілігімен 7-ші рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. Ал басты жетістіктері Қазақстан чемпионатында 7-ші рет топ жарулары болды. Осы жеңісінің арқасында «Астана» ерлер арасында чемпиондық атағы бәрінен көп, еліміздегі теңдессіз ұжым болды.

Эмиль Райковичтің команда өрлеуіне қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Ол 2018/2019 жылдар маусымында ВТБ Бірыңғай лигасының ең үздік жаттықтырушысы болып танылды. Марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтанда, плей-офф сатысының ширек финалдағы «Астана» мен Мәскеу облысының «Химки» клубтары арасындағы үшінші матчы басталмай тұрып өтті.

Эмиль Райкович — лучший тренер чемпионата Единой лиги ВТБ сезона 2018/2019


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»