ВЭФ өз алаңында «Астананың» алдын орап кетті

19.03.2017, 13:00    Оқылғаны: 246
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Латвияның ВЭФ командасы өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 65:57 (14:13, 11:11, 18:17, 22:16).

Турнир кестесінде қатар орналасқан, плей-офф додасына шығатын үздік сегіздікті тұйықтап тұрған, екі команда арасындағы кездесу шектен тыс шиеленісті өтті. Ойының соңғы ширек бөлігі басталғанда ВЭФ екі ұпай айырмасымен ғана алда тұрды. Бірақ ең маңызды сәтте латыштардың сұрмергендері белсенділік танытты. Әуелі Янис Блумс үш рет айып соққысын орындауға мүмкіндік алды, одан кейін Гинтс Антропс үш ұпайлық аймақтан екі рет оймақторды дәл көздеді. Олардың бұл қарқындарын Кристофер Ричард пен Арнас Лабуцкас іліп әкетіп, үш ұпайлық соққылармен жалғастырды. Осылай, ұпай айырмасы екі таңбалы санға жетті. Ал үш ұпайлық соққылар одан әрі “қарша борады” – Блумс допты тағы да екі рет дөп түсірді! «Астана» барын салып, тайталасып бақты, бірақ құралайды көзге атқан латыш мергендерін бәрібір тоқтата алмады. Басты бәсекелесін жеңген ВЭФ турнир кестесінде тек Қазақстан клубынан ғана емес, тіпті «Енисейден» де асып түсті.

Ең көп ұпай жинағандар:

ВЭФ: Янис Блумс (18 + 6 рет доп қақшып алды), Кристофер Ричард (15), Мартиньш Мейерс (9 + 10 рет доп қақшып алды).

«Астана»: Роберт Лоури (16), Родерик Одом (14), Иан Миллер (8 + 5 рет доп қақшып алды).

ВЭФ клубының бас бапкері, Янис Гайлитис:
— Жігіттеріме дән ризамын, олар бүгін жанештілік танытты. Соның арқасында доп қақшып алудан асып түстік, ал бұл өте маңызды еді. Қорғаныста сауатты ойнадық. Шабуылда бәрі де ойдағыдай болмады, бірақ ең керек кезінде мүлт кеткен жоқпыз. «Астананың» үздік ойыншылары жиі ескерту алып, оларды алмастыруға мәжбүр болған кездерін ұтымды пайдалана білдік. Соның арқасында соңғы кезеңді біз анағұрлым тың болдық, әрі қарқынымызды үдете алдық.

«Астана» ПБК бас бапкері, Илиас Папатеодору:
— Ойынның өте тартысты өтетіндігін білгенбіз, қарсыласымыздың қаншалықты қарымды екенін де білдік. Осыдан бір апта бұрын біз Қазақстан кубогы додасында сынға түстік, ал легионерлеріміз бұл ойындарға қатысқан жоқ, содан аз да болса, “суып” қалды. ВЭФ бүгін ең маңызды сәтте допты алыстан дөп түсіре білді. Олардың көшбасшылары Янис Блумс командасының жеңісіне сүбелі үлес қосты. Осылай боларын сезіп, біз де дайындалғанбыз, бірақ жауап бере алмадық. Енді төрт ойынымыз бар, осы матчтарда жеңіске жетуге тырысамыз.
 
«Астана» келесі ойындарын 22 және 23 наурыз күндері өз алаңында өткізіп, Қазақстан Ұлттық лигасы аясында «Атырау Барыстарымен» кездеседі.