Қарашаның бірінші дүйсенбісінде «Астана» өз алаңында «Зенитті» қабылдайды

31.10.2019, 13:00    Оқылғаны: 658
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуінде Петербордың «Зенит» клубымен додаға түседі. Бұл ойын 4 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.  
 

«Зенит» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан. 2014 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018 
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Петерборлықтар бас бапкерін былтырғы маусымның ортасында ауыстырған. Ресейлік Василий Карасевті Испания маманы Жоан Плазаға алмастырған болатын. Ал ол өз карьерасында «Реал» Мадрид және «Жальгирис» клубтарының бас бапкері болған. Осы командаларымен екі рет Еурокубок жеңімпазы атанып, Испания және Литва чемпиондары атағына да қол жеткізген. Жоан Плаза «Зениттің» бапкерлері штабын биыл басқарады. Егер «Зениттің» 2018/2019 және 2019/2020 жылдар маусымдарындағы құрамдарын салыстырар болсақ, онда өзгеріс өте көп. Маусым аралығында тек 5 ойыншы ғана Санкт-Петербург командасымен келісімшартарын ұзартты. Ал олардың бәрінде де Ресей төлқұжаты бар. Үшеуі негізгі құрамда ойнап, алғашқы бестікке жиі іліккендер – Антон Пушков, Владислав Трушкин және Евгений Воронов. Қалған екеуі жастар – Сергей Балашов және Константин Шевчук. Петерборлықтар сапынан кеткендердің ішінен орны ойсырап қалған ойыншы ретінде былтырғы маусымда команда көшбасшыларының бірі болған, америкалық Джален Рейнольдсты атауға болады. Онымен бірге командадан барлық легионерлері кетіп қалды: америкалықтар Коди Миллер-Макинтайр, Джеррод Ютофф және Шон Арманд, израильдік Галь Мекель, серб Марко Симонович және канадалық Филип Скрабб. Ресейліктерден командамен келісімшарттарын ұзартпағандар Сергей Карасев, Андрей Десятников және Евгений Валиев болды.

Бірақ жылы орын бос тұрмайды ғой, қазір команда сапында бірнеше жаңа ойыншы бар. Солардың бірі – мексикалық тәжірибелі баскетболшы, орталық шеп ойыншысы Густаво Айон. Ол команда құрамына тез бейімделіп кетіп, ұжым көшбасшыларының біріне айналды. ҰБҚ-да үш маусым ойнап, «Хорнетс», «Мэджик», «Бакс» және «Хокс» командаларының намысын қорғаған. Ал соңғы 5 м аусымды «Реал» Мадрид командасы сапында өткізген. Густаво Еуролиганың екі дүркін чемпионы, Құрлықаралық кубок иегері және Испания мен Мексика чемпионаттарын екі реттен алтынмен апталған. Биылғы маусымда «Зенит» өз құрамына бес америкалық ойыншы тіркеді. Бірақ олардың ешқайсысы да ҰБҚ-да ойнамаған, тек жазғы лигаларда өнер көрсеткен. Негізінен, Еуропа чемпионаттарының көрігін қыздырған. Хорватия және Германия чемпионы, қорғаушы Алекс Ренфро бүкіл Еуропаны аралап шығып, Италияда, Хорватияда, Германияда, Түркияда және Испанияда ойнаған. Сондай-ақ ВТБ Бірыңғай лигасымен де жақсы таныс, 2009/2010 маусымында ВЭФ, ал 2013/2014 маусымында «Енисей» сапында ойқастаған. Шабуылшы Уилл Томас карьерасын Бельгияда бастаған, онда маусымның MVP ойыншысы да болған. Одан кейін тағдыр оған Грузия, Түркия және Италия елдерінен дәм татырды. Бірақ соңғы жылдары Испанияның «Валенсиясының» құрамында ойнап, осы командамен Еуропа кубогының жеңімпазы және финалдың MVP ойыншысы атанды. Сондай-ақ Испания чемпионы да болды. Шабуылшы Тим Абромайтис Франция мен Түркияда ойнады. Ал соңғы командасымен, яғни Испанияның «Тенерифе» клубымен Құрлықаралық кубок иегері және FIBA Чемпиондары лигасының жеңімпазы атанды. Онымен бірге «Тенерифеден» орталық шептегі Колтон Айверсон да келді. Ол бұған дейін Түркияда және Израилде шеберлігін шыңдаған. Қорғаушы Остин Холлинс – америкалықтардың ішіндегі ең жасы. Ол Франция, Финляндия және Германия чемпионаттарында тәжірибе жинақтаған. Петерборлықтардың еуропалық легионерлері контингенті екі ойыншыдан құралған: француз Эндрю Альбиси – Еуропа-2011 додасының күміс жүлдегері, 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері және Құрлықаралық кубок иегері, Бельгияның екі дүркін чемпионы; сондай-ақ Польша чемпионы – поляк Матеуш Понитка. Ол «Зенитке» «Локомотив» сапынан ауысып келді. Сондай-ақ петерборлықтардың сапына ресейлік, тәжірибелі үш ойыншы қосылды: УНИКС құрамынан Еуропа чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері – қорғаушы Антон Понкрашов, «Химкиден» Олимпиада ойындарының тағы бір қола жүлдегері – қорғаушы Дмитрий Хвостов және «Локо» сапынан – шабуылшы Андрей Зубков.
 
Кездесулер тарихы: «Астана» мен «Зенит» өзара 10 рет кездескен, әрі бәрі де ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өткен. Елорда командасы петерборлықтарды үш рет жеңді, сары-көкшіл жейделілер мұның соңғысына былтырғы маусымның басында қол жеткізген болатын. Ал соңғы, Санкт-Петербургте өткен екеуара матчта, «Зенит» тек овертаймда жеңіске жетті.
 

Турнир кестесіндегі жағдай: «Зенит» биылғы маусымды Польшаның «Зелена Гура» командасын ойсырата ұтып бастады, одан кейін ЦСКА баскетболшыларынан да басым түсті. Бірақ осыдан кейін 3 рет ұтылып қалды: «Нижний Новгород», «Калев» және «Локомотив» клубтарынан. «Зенит» қазір ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде сегізінші орынды иемденіп тұр. Ал «Астана» бір жеңіс, екі жеңілісімен бір саты төмен орналасқан.
 
Қызықты деректер:
  • Соңғы екі маусымда «Астана» Петербордың «Зенитін» өз алаңындағы екі ойында да тізе бүктірді.

Матч дүйсенбі күні, яғни 4 қарашада Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойған.

Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, Беларустің «Цмоки Минск» клубымен өз алаңында, өтетін келесі ойынына да билеттер сатыла бастады. Бұл матч сенбі күні, 9 қарашада өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»