«Астана» «Атырау Барыстарымен» өткен түздегі матчта маусымда бірінші рет жүздіктен асты

30.10.2019, 10:00    Оқылғаны: 430
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы түздегі бірінші матчта «Атырау Барыстарын» ойсырата ұтып, биылғы маусымда бірінші рет «жүздіктен» асып түсті.

«Астана» Атырауға Ұлттық лигадағы басты қарсыласы, яғни жергілікті «Барыстармен» додаға түсу үшін келген. Бірінші ойында елорда командасының легионерлері сапынан алаңға Джеремая Хилл мен Малкольм Хилл шықты.
Алаң иелері біздің командамен бірінші кезеңнің басында табан тіресе тайталасты. Бірақ бұдан кейін «Астана» тез екпін алып, көсіле сілтеді. «Барыстардың» бапкерлері мұны тек тайм-аут алып қана тежей алды. Астана командасы бірінші кезең аяқталғанша алда тұрды. Бірақ есеп айырмасы арқаны кеңге саларлықтай болған жоқ – 4 ұпай. Екінші кезеңде де алаңдағы дүлей дода жалғасын тапты. «Астана» аракідік құйындай орап соғып отырды. «Барыстар» да қарап қалмай, қайсарлық танытып, біздің жігітерді алысқа ұзатпады. Кезеңнің ортасында есеп айырмасы мейілінше қысқарып, бір ұпай ғана болды. Бірақ «Астана» алаң иелерінің таразы басын теңестірулеріне мүмкіндік бермеді. Керісінше, біздің жігіттер матчтың бірінші жартысының соңын аса жоғары қарқында өткізіп, есеп айырмасын да ұлғайтты – 38:49.

Эмиль Райковичтің шәкірттері үшінші кезеңнің бірінші жартысында есеп айырмасын ұстап тұрды. Бірақ алаң иелері тағы бір рет ойын өрбісін өзгертуге талпынып, есеп айырмасын 6 ұпайға дейін қысқарта түсті. Бұл «Астана» ойыншыларын осып жібергендей әсер етіп, олар үшінші кезеңнің соңғы минуттарында көсіле шапты. Әрі есеп айырмасын 20 ұпайға дейін ұлғайтты. «Астана» дәл осы қарқынын соңғы кезеңде де жоғалтқан жоқ. Осылай қарсыластарының сағын сындырды. Есеп айырмасы тез ұлғая бастады. Матчтың аяқталуына 5 минут қалғанда ол 30 ұпайды жуықтады. Ақыры біздің жігіттер биылғы маусымда бірінші рет жүз ұпайдан артық жинап, айқын басымдықпен жеңіске жетті –  67:102 (15:19, 23:30, 21:30, 8:23). 

«Атырау Барыстары» біздің командамен тайталасып, 20 минуттан астам уақыт қана төтеп бере алды. Бірақ астаналықтардың жоғары қарқындарына қарсы тұруға күш-қуаттары жетпей, соңғы 15 минутта 30 ұпайдан артық есеп айырмасымен ұтылып қалды. «Астана» болса, ел біріншілігіндегі жеңіліссіз жолын жалғап, Ұлттық лиганың турнир кестесінде көш бастап келеді.



Ең көп ұпай еншілегендер: Александр Жигулин бұл ойында ең көп ұпай жинады. Бұл ретте, екі ұпайлық 10 мүмкіндікті мүлт жібермей, матч қорытындысы бойынша 26 ұпай еншіледі, 6 рет доп қағып алды және 4 пас берді. Малкольм Хилл 23 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды және 5 пас берді. Джеремая Хиллдің еншісінде – 17 ұпай, 6 пас. Және 3 рет допты «тартып» әкетті. Қарсыластарымыз сапында үздік шыққандар – америкалықтар Райан Кук (23 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 3 пас, 9 рет допты «тартып» әкетті) және Лисандер Брейси (18 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 3 пас).

Келесі матч: ертең, яғни 30 қазан күні екі команда «Авангард» ДСК алаңында тағы да кездесіп, қосарланған кездесудің екіншісін өткізеді. Басталуы – астана уақытымен 19:00-де.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, астана командасының ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы өз алаңында өтетін келесі ойындарына билетер сатыла бастады – 4 қарашада Петербордың «Зенитімен» және 9 қараша күні Белорустің «Цмоки Минск»  клубтарымен өтетін матчтарға.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»