«Астана» «Синегорьені» екінші рет айқын басымдықпен ұтып шығарып салды

25.10.2019, 22:00    Оқылғаны: 35
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Ұлттық лига аясында Көкшетаудың «Синегорье» клубымен өткізген, өз алаңындағы екінші матчта да ірі есепен жеңіске жетті.

Қос ойынның біріншісінде, әсіресе оның бірінші жартысында Көкшетаудан келген қонақтарымыз біздің командамен тайталасқан еді. Десек те, «Астана» ірі есепен жеңіске жеткен болатын. Ал бұл ойында астана командасы тағы да фаворит ретінде әрекет етті. Легионерлерге тоқталар болсақ, бүгін алаңға Джеремая Хилл мен Малкольм Хилл шықты.

Кешегі ойынмен салыстырғанда, «Астана» бұл матчтың басын мүлде өзгеше өткізді. Көкшетау баскетболшылары есеп ашқанша, біздің жігіттер 10 ұпайды «топырлатып» салып тастады. Рас, бірінші онминуттықтың қалған уақыты терезесі тең дәрежеде өтті. Бірақ біздің команда ұпай айырмасын кезең соңына дейін сақталып қалды. Екінші кезеңде Эмиль Райковичтің командасы тағы да суырылып алға шықты. Ал қонақтар бұл ұмтылысқа ілесе де, жауап қата да алмай қалды. Осылайша, есеп айырмасы 20 ұпайға дейін ұлғайды. Бұл кезеңде «Синегорьенің» ойыны жүрмей, 10 минутта небәрі 7 ұпай еншіледі. Сөйтіп, үлкен үзіліске дейін «Астананың» басымдығы бірінші кезеңмен салыстырғанда, үш еседей артты. Есеп – 50:21.

Астана командасы матчтың екінші жартысының басында да көсіле сілтеді. Есеп айырмасы бірден 30 ұпайдан асып кетті. Әйтсе де, үшінші кезеңде қонақтарымыз өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Олар қорғаныста сауатты ойнап, «Астананың» шығыршығына тайсалмай шабуыл жасап отырды. Десек те, үшінші кезеңде «Астана» есеп айырмасын тағы екі ұпайға артырды. Соңғы кезеңде астана ойыншыларының жеңісіне ешқандай қауіп төнген жоқ. Оның үстіне, «Астана» бастапқы үш минутта есеп айырмасын қырық ұпайға дейін жеткізіп алған болатын. Біздің команданың басымдығы матч соңына дейін сақталды, тіпті 40 ұпайдан да асып түсті – 94:53 (25:14, 25:7, 23:21, 21:11).

Бұл ойында «Астана» қарсыласына ешқандай да мүмкіндік берген жоқ. Олардан бар жағынан асып түсті. Біздің команда өткізген ойындарының бәрін де жеңіске жетіп, турнир кестесінде табан аумай, көшбасшылық мәртебесін сақтап тұр.
 

Ең көп ұпай еншілегендер: Александр Жигулин бүгінгі ойында аса жоғары қарқында өткізіп, 17 ұпай еншіледі, 6 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Дмитрий Гаврилов бұл матчта допты «тартып» әкетуден үздік шықты – 5 және 14 ұпай еншіледі. Андрей Литвиненконың еншісінде бүгін – 10 ұпай және ол 4 рет доп қағып алды.

Келесі матч: «Астана» келесі ойындарын да Ұлттық лига аясында өткізеді, бірақ түзде. 29 және 30 қазан күндері Астана баскетболшылары Атырауға барып, биылғы маусымда бірінші рет жергілікті «Барыстармен» додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, астана командасының ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы өз алаңында өтетін келесі ойындарына билетер сатыла бастады – 4 қарашада Петербордың «Зенитімен» және 9 қараша күні Белорустің «Цмоки Минск»  клубтарымен өтетін матчтарға.


"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры