«Астана» Атырауда «Барыстармен» екі рет додаға түседі

28.10.2019, 19:00    Оқылғаны: 50
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы биылғы маусымда бірінші рет Ұлттық лигададағы соңғы жылдарғы ең қауіпті қарсыласымен, яғни «Атырау Барыстарымен» кездеседі.

«Атырау Барыстары»
 – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019
  • Қазақстан чемпионатының Жоғары лигадағы жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • Қазақстан кубогының финалына шықты: 2010, 2011, 2012, 2017, 2018
 
«Атырау Барыстарын» биылғы маусымда Латвия маманы Арнис Вецвагарс жаттықтырады. Ол атыраулық командаға өткен маусымның тап ортасында келіп, осы маусымда «Барыстармен» келісімшартқа қайта отырды. Арнис Вецвагарс кезінде Юрмала командасын жаттықтырған. Сондай-ақ, Латвия құрамасының бас бапкері болған. Маусым аралығында атыраулықтар сапынан бірнеше маңызды ойыншысы кетіп қалды. Олар – америкалық Кристофер Эдвард Макичин, црнагоралық Боян Бакич, ресейлік Аркадий Мкртчян және қазақстандық Дмитрий Климов. Ал егер келісімшарттарын ұзартқан ойыншыларға көз жүгіртер болсақ, онда олар – өткен маусымда команданың көшбасшылары болған америкалық Донте МакГилл және қазақстандық Владимир Иванов. Сонымен қатар, комнда өз түлектерін де сақтап қалды. Атап айтқанда – Олег Болашов, Әділхан Марат, Рустам Өтеген және Асқар Ахметжан. Жаңа ойыншыларының ішінен Райан Кукті бөле-жара атап өтуге болады. Ол «жасыл-ақ» жейделілер сапында «Барыстар» чемпион болған маусымда ойнаған. Райан Кук соңғы жылдарды Венгрия чемпионатында өткізді. Сондай-ақ биыл «Барыстар» сапына тағы бір америкалық ойыншы қосылды. Ол – Лисандер Брейси, соңғы үш маусымда Американың студенттік лигасында өнер көрсетіп, Хэмптон университеті намысын қорғаған. Сонымен қатар, атыраулық команда құрамын ресейлік екі ойыншымен нығайтты. Шабуылшы Игорь Савченко өз карьерасын Испанияда өткізген. Бірақ соңғы екі маусымда Ресей Суперлигасындағы «Спартак» және «Рязань» командалары сапында ойнады. Шабылшы Максим Сахаров – Мәскеу облысындағы «Химки» клубының түлегі. Соңғы маусымда «Рязань» командасының намысын қорғады. Рас, Максим Сахаров Ұлттық лига аясында алаңға әлі шыққан жоқ.

Кездесулер тарихы: Командалар өз тарихтарында бір-бірімен 60 рет Ұлттық лига және Қазақстан кубогы аясында кездесті. Өзара кездесулердің басым көбісі «Астананың» жеңісімен аяқталды. Елорда ұжымы «Барыстарды» 53 рет тізе бүктіріп, 7 матчта ұтылып қалды. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, 7 жеңілістің бәрі де 2015/2016 жылдар маусымында жүзеге асты. Тура сол маусымда «Атырау Барыстары» чемпион атанған болатын. Соңғы кездесулерге тоқталар болсақ, бұл – өткен маусымдағы финалдық ойындар. «Барыстар» сол екі матчта да біздің командамен тайталасып, табан тіресе додаға түсті. Бірақ екеуінде де «Астана» айласын асырып кетті.

Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» төрт ойыннан кейін Ұлттық лигада көш бастап келеді, ал «Атырау Барыстары» – дәл қазір екінші орында, әрі елорда командасынан бір жеңісі ғана кем.

Қызықты деректер:
  • Біздің команда Ұлттық лигада ойнап келе жатқан 8 маусымда «Астана» мен «Атырау Барыстары» финалда 7 рет жолықты. Тек 2014/2015 жылдар маусымында жолдары түйіскен жоқ. Өйткені сол жолы «Атырау Барыстары» Жоғарғы лигада ойнаған.
  • Қазақстан командалары ішінде «Астанаға» бірнеше рет азуын батырған – «Атырау Барыстары» ғана. Бір рет тіпті алорда командасын чемпиондық атағынан да айырған.

«Астана» үшін бұл – «Барыстармен» айқасатын және Қазақстан біріншілігінде үлкен сынақтан өтетін бірінші кездесулер. Өйткені соңғы жылдары Атырау командасы Қазақстандағы ең қауіпті қарсыласы болып жүр.

Матчтар сейсенбі және сәрсенбі күндері – 29 және 30 қазанда Атыраудағы «Авангард» ДСК алаңында өтеді. Матчтардың басталуы – астана уақытымен 19:00-де.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, астана командасының ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы өз алаңында өтетін келесі ойындарына билетер сатыла бастады – 4 қарашада Петербордың «Зенитімен» және 9 қараша күні Белорустің «Цмоки Минск»  клубтарымен өтетін матчтарға.


"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры