«Астана» Ұлттық лиганың өз алаңындағы алғашқы матчында «Синегорьені» сүріндірді

24.10.2019, 21:30    Оқылғаны: 459
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы өз алаңында Ұлттық лига аясындағы алғашқы матчын өткізіп, елорда төрінде Көкшетаудың «Синегорье» клубынан басым түсті.

Бұл матчта «Астана» фаворит болып саналғанымен, ойын тең дәрежеде басталды. Эмиль Райковичтің шәкірттері деңгейлерінің жоғары екендігін бірден паш ете алмады. Қарсыласымыздың матч басындағы жігерлері адам қызығарлықтай болды. Әрі кездесу басында өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге мейілінше тырысып бақты. «Синегорье» алға шыға алмағанымен, астаналықтарға төтеп берді. Әйткенмен, алғашқы 10 минуттан кейін «Астана» 6 ұпай айырмасымен ұтып жатты. Екінші кезеңді де Көкшетаудан келген қонақтар жоғары қарқында бастап, есеп айырмасын қысқарта түсті. Тіпті алға да шығып кетті. Бірақ бұл ұзаққа созылмады. «Астана» таразы басын қайтадан өзіне қарай аударды. Алайда алысқа ұзап кете алмады. «Синегорье» қайтадан алға шыққанымен, біздің жігіттер үлкен үзіліске дейін алға озды – 36:34.

Ойынның дәл осылай өрбуі Эмиль Райковичке де, «Астананың» бапкерлері құрамындағы басқаларына да ұнамады, әрине. Сондықтан үзіліс кезінде команданың ойын үлгісіне өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, біздің команда үшінші және төртінші кезеңдерде қарсыласынан асып түсті. Әрі есеп айырмасын бірте-бірте ұлғайта бастады. Қонақтар «Астанаға» тойтарыс беруге тырысып, тәп-тәуір ойын үлгісін көрсетті. Бірақ біздің жігіттерді тоқтата алмады. Төртінші кезеңнің басында есеп айырмасы 10 ұпайға дейін жетті. Қонақтар сонда да айылдарын жимай, тайталасып бақты. Бірақ «Астана» олардың аптықтарын басып, 5 минуттан кейін қара үзіп кетті. Әрі біздің баскетболшылар матч соңына дейін көсіле шауып, бұл ойында да ірі сеппен жеңіске жетті – 81:55 (19:13, 17:21, 19:11, 26:10).

«Синегорье» биылғы маусымды жеңіліспен бастап, біздің командадан ұтылып қалды. Бірақ үш кезең бойы жанкештілік танытып, тайталасып бақты. Ал «Астана» айқын басымдықпен жеңіске жетіп, Ұлттық лиганың турнир кестесінде сол бұрынғысынша жүз пайыздық көрсеткішпен көш бастап келеді.
 

Ең көп ұпай еншілегендер: Джеремая Хилл «Астана» сапында бәрінен де көп ұпай жинады – 15, сонымен қатар, ол 6 рет доп қағып алды және 3 нәтижелі пас берді. Душан Ристич 13 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Ал Максим Марчуктің еншісінде – 10 ұпай, 4 рет доп қағып алды және 4 рет допты «тартып» әкетті. «Синегорье» сапында орталық шептегі Станислав Завадский үздік шықты – 10 ұпай, 7 рет доп қағып алды және 2 блокшот, ал бәрінен де көп ұпай жинаған Роман Лагутин – 17.

Келесі матч: ертең, яғни 25 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында «Астана» мен «Синегорье» арасындағы екінші ойын өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, астана командасының ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы өз алаңында өтетін келесі ойындарына билетер сатыла бастады – 4 қарашада Петербордың «Зенитімен» және 9 қараша күні Белорустің «Цмоки Минск»  клубтарымен өтетін матчтарға.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»