«Астана» Ригаға аттанды

17.03.2017, 10:00    Оқылғаны: 722
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы сенбіде, 18 наурыз күні «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін өткізіп, түзде Риганың «ВЭФ» командасымен додаға түседі.

Қазақстан кубогын жеңіп алғаннан кейін команданың көңіл-күйі көтеріліп, дайындыққа құлшына кірісті. Астанаға ұшып келген соң екі күн үйде жаттығып, қайтадан жолға шықты.

Рига командасы «Астананың» өкшесін басып келеді. 8 рет жеңіске жетіп, 9 рет жеңілістің кермек дәмін татып, турнир кестесінің 8-ші сатысында тұр. Латыш клубымен біздің команда биылғы маусымда кездескен. Өз жерімізде ысқырығы безілдеген матч шектен тыс тартысты өтіп, 66:64 есебімен астаналықтар жеңіске жеткен болатын. Алдағы ойын екі команда үшін де маңызды, «Астанаға» да жеңіс қажет, кем дегенде 7-орынға жайғасу, тіпті бір саты жоғарылай түсу үшін бұл ойынның маңызы зор. 
   
Латыш елі чемпионының құрамы қарымды, америкалық қас шеберлермен және жергілікті ойыншылармен жасақталған. Бұл команданың сапында Латвия құрамасының ғана емес, Еуропаға танымал баскетболшылар да ойнайды. «ВЭФ» командасының қорғаушысы Янис Блумсті біздің команда өте жақсы біледі. Сұрмерген қорғаушы 2013/2014 жылдар маусымында Қазақстан клубының намысын қорғап, бірнеше рет команданы жеңіске жетелеген.

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору алдағы ойын туралы өз пікірін бүкпесіз айтты:
– Өте шиеленісті “шайқас” болады. «ВЭФ» – өте азулы, жұдырықтай жұмылған команда. Әсіресе, қорғаныста мұқият ойнайды. Егер осы ойында жеңіске жеткіміз келсе, онда бізге шектен тыс сақ болып, аянбай ойнап, жанкештілік таныту керек.

Естеріңізге сала кетейік, бұл ойын 18 наурыз күні Рига қаласында өтеді. Матч трансляциясын сіздер тікелей эфирде ВТБ бірыңғай лигасы сайтынан 21:00-де, сондай-ақ 19 наурыз күні 17:35-те «KazSport» телеарнасынан көре аласыздар.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»