«Астананың» жаңа тәжірибелі қорғаушысы – Айзея Уайтхед

10.10.2019, 16:00    Оқылғаны: 618
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы америкалық тәжірибелі қорғаушы Айзея Уайтхедпен келісімшартқа отырғандығын жариялайды.

Айзея Уайтхед 1995 жылы 8 наурызда Бруклинде туған, Нью-Йорк, АҚШ – америкалық кәсіпқой баскетболшы, қорғаушы шебінде ойнайды.

Айзея Бруклиндегі Авраам Линкольн орта мектебінде оқыған. Мектеп бітіретін 2014 жылы ол McDonald’s All-American және Jordan Brand Classic арасындағы көрмелік матчтарға шақыртылады. 2013/2014 жылдар маусымында Айзея орта есеппен 23,6 ұпай еншілеп, 5,4 пас беріп, 6,8 рет шығыршықтан қайтқан допты қағып алып отырған. Оның ойынын 247Sports.com скауттары жоғары бағалаған. Уайтхед Нью-Йорк штатының 2014 жылғы «Баскетбол мистері» болып танылған. Мектеп бітірген соң Айзея Нью-Джерси штатындағы Саут-Ориндж қаласына орналасқан Сетон-Холл университетінің баскетбол бағдарламасын таңдайды. Содан ол Big East конференциясының ең үздік жаңа ойыншысы болып танылады. 2014/2015 маусымының қорытындысы бойынша оны Big East конференциясының жаңа ойыншылар құрамасына енгізеді. 2015/2016 жылдар маусымында Айзея Уайтхед бастаған «Сетон-Холл» Big East конференциясында топ жарады. Бұл 1993 жылдан бері бірінші рет қол жеткен айтулы жеңіс болады. Ал өзі East конференциясы турнирінің ең бағалы ойыншысы болып танылады. Әрі Уайтхедті бірауыздан East конференциясының бірінші құрамасы сапына қосады. 2016 жылы 12 сәуірде Нью-Йорктегі спорт журналистері Айзеяны Фрэнк Хаггерти атындағы жүлденің иегері деп атайды.

2016 жылы наурыз айында Айзея Уайтхед сол жылғы ҰБҚ драфтына қатысатындығын мәлімдейді. Әрі 23 маусым күні оны «Юта Джаз» командасы 42-ші нөмірмен таңдап алады. Келесі күні олар оны «Бруклин Нетс» командасымен Маркус Пэйдждің драфтына және ақшалай сыйақыға айырбастап жібереді. 2016 жылы 8 шілдеде Айзея «Нетс» клубымен келісімшартқа отырады. Ол Бруклин командасы сапында 2016 жылғы ҰБҚ Жазғы лигасында өнер көрсетеді. 2017 жылы 6 қаңтар күні Кливленд Кавальерс» клубымен өткен матчта Уайтхед өз карьерасында бірінші рет дабл-дабл авторы атанып, 10 ұпай еншілеп, 10 рет шығыршықтан қайтқан допты қағып алады. Сол жылы 10 наурызда, «Даллас Маверикс» клубымен өткен ойында бірінші рет 24 ұпай еншілейді. Ал 8 сәуір күні «Чикаго Буллз» командасымен додаға түскенде бір блок-шот орындайды, бұл оның сол маусымдағы 38-інші тосқауылы болатын. Осылайша, ол блок-шо саны бойынша «Нетс» клубының бір маусымдағы қорғаушыларға арналған рекордын қайталайды. Жалпы, мұны 1980/1981 жылдар маусымында Дарвин Кук орнатқан болатын.

Айзея 2017 жылғы ҰБҚ Жазғы лигасында да өнер көрсетеді. 27 қараша күні «Хьюстон Рокетс» клубымен өткен матчта нәтижелі көрсеткіші жағынан өз рекордын қайталап, тағы да 24 ұпай еншілейді. 2017/2018 жылдар маусымы бойы Айзея Уайтхед бірнеше рет ҰБҚ Даму лигасындағы «Лонг-Айленд Нетс» командасының сапында да ойнайды. 2018 жылы 25 ақпан күні «Гринсборо Сворм» командасымен өткен ойында Айзея «Лонг-Айленд» тарихында бірінші рет 52 ұпай еншілеген ойыншы болады. 

2018 жылы 6 тамызда Айзея Уайтхед ВТБ Бірыңғай лигасында бақ сынайтын Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубымен бір жылдық келісімшартқа отырады. 2019 жылы 7 қаңтарда Айзея мен Краснодар клубы екеуара келісімшартты өзара мәміле бойынша бұзады. Ол «Локомотив-Кубань» клубы сапында Еуропа лигасында 8 ойын және ВТБ Бірыңғай лигасында 8 матч өткізеді. 2019 жылы 15 қаңтарда Айзея «Детройт Пистонс» клубымен екіжақты келісімшартқа қол қояды.     

Айзея туралы толық статистикалық мәліметтер мен оның жетістіктері ойыншы профилінде жарияланған. Сондай-ақ біз оның Instagram желісіндегі аккаунтына жазылуды ұсынамыз.  
 

Айзеяға тезірек астанаға бейімделіп, біздің ойыншылармен және жаттықтырушылар штабымен тіл табысып кетуіне тілектеспіз. Әрі, әрине, оны «Астананың» сары-көкшіл жейдесімен алаңда көруге асықпыз.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»